Өлең, жыр, ақындар

Қуғыншылар

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3618
Жақын екен жылдарым қашық деген.
Жапырағын жан-жаққа шашыпты емен.
Қызықтардан бір кезде өзім қуған
Құтыла алмай бүгінде.
Қашып келем!
Аңқытып бір ән салған төріңізде,
Асқан жігіт болды ма сері бізден?!
Енді, міне,
Бай төрден қашып келем!
Бөкен бұлай қашпайды бөріңізден!
Дүрдиесің, өзіңше өжектейсің,
Қашқан кезде бір уыс көжектейсің.
Дүрліктіріп даланы
Қиқулаған
Қуғыншының ішінде не жоқ дейсің?
Қашқаннан соң қашқан жөн.
Не тұрыс бар?!
Көңілімде латындар,
Этрустар...
Қалар емес соңымнан
Қысыр кеңес,
Той-думандар,
Тамаша,
Отырыстар.
Өнерім жоқ бір бункер жасап алар.
Жер таппайсың тығылар,
Тасаланар.
Қалар емес соңымнан
Қып-қызыл боп
Қызып алған құрдастар,
Асабалар.
Уақытым жоқ дем алар,
Тамақтанар.
Бір пәледен бір пәле сабақталар.
Не жоқ дейсің ішінде қуғыншының,
Керек десең мақтан сөз,
Мадақ та бар.
Өсек пенен өтірік қосақталған,
Жамандалып бес рет,
Бес ақталғам.
Қуғыншының ішінде атақ та бар,
Орын да бар уақытша босап қалған.
Кезім енді күш жинар,
Қаруланар.
Құлағыма жетеді зәру хабар.
Мақтанды деп ойлама,
Қуғыншының
Арасында әдемі ару да бар.
Жіберіпті жастығым енші бүгін
Жасамақ боп тағы бір кеңшілігін.
Қуғыншының ішінде не жоқ дейсің?!
Ең жүйрігі солардың — кемшілігім!
Сен оған бір сөйлеп көр,
Жекіріп көр!
Көңіл кірін, о, уақыт, кетіріп көр!
Қанша заман өтсе де қалмайды екен
Қиналғанда айтқан бір өтіріктер.
Не болады өмірде нарсыз көштер?
Ғұмыр кешсең, бауырым, нәрсіз кешпе!
Қалғысы жоқ соңымнан мекер күлкі.
Ақылсыз күн,
Аяр түн,
Арсыз кештер!
Не жетеді өнерге құштарлыққа!
Енді қайтып оралмас қошқарлық та.
Қашып келем,
Әйтсе де қалар емес
Бәсеке де,
Қызғаныш,
Іштарлық та!
Мен өзімді пәс демен,
Жасық демен.
Жел көңілді бірақ та басыпты өлең.
Еңбек деген ауылдан баспана іздеп,
Қашып келем, бауырым,
Қашып келем!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бұлақ

  • 0
  • 0

Ойында жоқ құрдым кезбек, қаңғымақ,
Ойында жоқ кірпік ілмек, қалғымақ.
Қайдасың деп жасыл жайлау, жасыл бақ,
Ағады кеп, ағады кеп бал бұлақ.

Толық

Явалықтар көтерілісі

  • 0
  • 0

Ашу мен кек іркіліп,
Бойға қуат құя ма?!
Джунгли боп бір күні
Бас көтерді Ява.

Толық

Кемірген кім, ішкен кім?

  • 0
  • 1

Қағып шаңды,
Кітапшамды
Темірменен
Кемірген кім?

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар