Өлең, жыр, ақындар

Туған қала туралы жырлар

  • 17.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1915
(Жастық шағымның досы, байырғы журналист, марқұм Әнуар Әукеновке ескерткіш)

Сол бір көшеде
Жандай бір жоғын іздеген,
Жүрсем де мен кеше де,
Бүгін де бұлдыр ізбенен
Жүрмін сол бір көшеде.
Жүрмін жалғыз, жым-жырт кеш,
Момын үйлер тұр мүлгіп.
Балалық шақ берді елес,
Келді баяу жыр жылжып.
Тек толқиды төбемде
Ақжал бұлттар дәуірлеп.
Тек шіңкілдеп төменде
Үреді бір шәуілдек.
Толғап бәрін келемін,
Көзбен жарып түн ішін:
Әр үйге сәлем беремін,
Сол үйлер менің туысым.
Мейлі кімдер тұрса да,
Сәлемім қақсын есігін.
Мың бала мендей туса да,
Сол үйлер әлі бесігім.
Әйнектерін сүйер ем,
Ерсі ме біреу қараса?
Немесе естіп күлер ең,
Жүгірсем қазір балаша.
Ысқырсам ғой, шіркін, бір
Мүлгігем үйді жаңғыртып.
Жастық іздер шертіп жыр,
Жайнар ма еді жан бітіп!
Иә, қазір талайға
Бурыл басты ағамын.
Жасыңа әкең қарай ма?
Бұл қалаға баламын.
Жүрмін міне, соңырқап,
Бойында өз көшемнің.
Таныс үйлер тұр ұқсап
Жасауына шешемнің.
Сағынып ескі көшені,
Білмеппін ғой гүл барын.
Аңдамасам, кеш мені,
Көшемдегі бульварым!
Кеш мені, жаңа көрші мен
Үй сайын жанған жұлдыздар.
Қызғанба жастық еншімнен,
Қазіргі ерке ұл-қыздар.
Жырлармын жаңа күлліңді
Үйлердей қат-қат тізілген.
Оңаша бер бір түнді,
Жүрейін жастық ізіммен.
Түсті менің есіме
Сырласымдай бір кезгі,
Бір үй маған қадірлі.
Тұрған момын мінезді
Етікші Әукен кәдімгі.
Тұңғыш көрген зергерім
Бармағы бізді билеткен.
Қайысқа сызып өрнегін,
Өнерін жұртқа сый еткен.
Үйден ішпей асымды,
Үйіне ерте келуші ем.
Бар еді мендей жас ұлы,
Сонымен ойнап, келісем.
Өзгелер озбыр секілді,
Сол ғана мені түсінген.
Сүйкімді бала, кекілді,
Сезілген мейірім түсінен.
Ойынымыз ұнасты,
Асықты бірдей иірдік.
Кейінге достық ұласты,
Балалық бізді үйір ғып.
Жүгірдік бір алаңда,
Мойынға тағып галстук.
Ағызбақ соғып боранда,
Аунап қарға алыстық.
Сол досым болса, дариға,
Қазір де ойнап кетер ем.
Ертістің сонау жарына
Жарыса бір жетер ем.
Толқынға бір аунар ек,
Өзенді де теңселтіп.
Жас күндей сол жайнар ек,
Құлашты да кең серпіп...
Қызықтары сонша мол
Балалық шіркін тез өтті.
Шақырды бізді комсомол,
Өмірден беріп кезекті.
Тұрдық ерте кезекке
Жастық шақты алаң ғып.
Керекулік газетке
Әріп болып қаландық.
Сонда да бала екенбіз,
Іске қалай батылмыз?
Мәз болыппыз екеуміз,
Газетке шықса атымыз.
Жылдар өтті жайраңдап.
Газеттей жайып беттерін.
Білмей қалдық қайран шақ
Қалай жылдам өткенін?
Сырғыпты сол баспана,
Жастық шақтай зымырап.
Мекенді таптық басқа да,
Айрылмадық біз бірақ.
Газетші болды, сыршыл ол,
Ақындай назды жаны бар.
Алғашқы менің сыншым сол,
Қайда кеттің, Әнуар?
Күлісер ек тағы да,
Жасартып сол көшені.
Әкетті досым қабырға
Мәз қызықты кешегі.
Сол бір үйдің сыртында
Сыр алып жастық кезімнен
Күбірлеп жүрмін жұртында
Жалғыз ғана қазір мен...
Бесігін бала сағынар,
Алданса да әлдиге.
Қалған балғын шағым бар,
Келдім, міне сол үйге.
Қуандым мен баладай,
Қалпында сол тұғырым.
Бейне кәрі қарағай
Сақтағандай түбірін.
Тұр ма маған өкпелеп,
Қарт әкемдей тұнжырап.
Өктем өмір жетелеп,
Кеттім ұзақ, тым жырақ.
Қайран менің бесігім
Маған күмбез көрінген.
Ашылғанда есігің,
Секіруші ем төріңнен.
Тудым жатақ қауымда,
Өзің бірақ тербеттің.
Екінші ана бауырында
Еміздіксіз ер жеттім.
Бар ғой зәулім сарайым
Өмір берген еншіме.
Ыстық бірақ арайың,
Сен артықсың, кеңсің де.
Маған қызық бәрі де:
Қиын күреп сиырдың,
Ат суарып сәріде,
Аязға бет сүйдірдім.
Қызығына кенелген
Балалыққа не дерсің?
Ысқырып ем, төбеңнен
Ұшырғанда көгершін.
Асырды көп салып ем,
Алдынды да шаңдатып,
Орыстың ұлдарымен
Допты көкке шарлатып.
Шалдуар ең десең де,
Ойын болды назарым.
Тараттым бұл көшеңде
Балалықтың базарын.
Болған шығар ерсі де
Тұрғаным сол ұялып.
Бір қыз келсе көршіге,
Шыққанымда гүл алып.
Сүйендім де пешіңе,
Өзімді ойға бөледім.
Қысқа қыстың кешіңде,
Туды тұңғыш өлеңім.
Намазын әкем оқыса,
Мен де қарап жатпадым.
Қолды сермеп ақынша,
Марш жырын жаттадым.
Солай неге қалмадым,
Тұғыр етіп төріңді?
Өзіме кең аумағың
Жырыма тар көрінді.
Талап іздеп тағдырдан,
Кеттім алыс қияға.
Қыран көкті шарқ ұрған
Өз ұясын қия ма?
Сүйікті ғой бөренең
Жас үніммен жаңғырған.
Қайтып саған келер ем,
Қайтса күнім қалдырған?
Таныс емес зәулімдер
Өзгемін бе қазір де,
Сөйле маған, кең көше?
Өз қалама шежіре
Өзім ғана, ендеше.
Кәрілер мен лашық та —
Көргендер мені бауырым дер.
Танысамын, асықпа,
Таныс емес зәулімдер!
Келем алшақ мен аттап,
Кезгендей бір тау ішін.
Үйлерде, биік қабатта
Тұрғандай менің танысым.
Күбірлеп мен келемін
Биікке қарап қуанып.
Танытар мүмкін өлеңім,
Шатырға шықса ту алып.
Шатырға өзім шықсам бір,
Көрінер сонау Тәттімбет.
Ол кезде жалаң шыған қыр,
Жолында шаршап жаттым көп.
Жаурап суық күзде мен
Тезек тердім қасынан.
Ол кезде иесіз дүзге тең
Көң-қоқырлы осы маң.
Танимын асыр жерімді
Ойды асықтай иірген.
Алып құс болып көрінді
Қанатын жайған тиірмен.
Олар жоқ, енді сап құрып
Заводтары бастаған.
Көнелікті лақтырып,
Жаңарыпты жас қалам!
Жоғалса, мейлі, іздерім
Тозығы жеткен өңірден.
Достарымды іздедім
Зәулімдердің төрінен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Досым-ау

  • 0
  • 0

Досым-ау. Қалижан Бекхожин
Өмір деген кеңістікте осынау,
Мен де құспын ұшқан көкте шырылдап.
Құстың ісі көріне ме, досым-ау,

Толық

Алатауға

  • 0
  • 0

Тусам да теріскейде, қыр бетінде,
Тау — бесік қиялымды тербетуге
Күн сайын асқарыңа, Алатауым,
Қараймын ойларымды өрлетуге.

Толық

Өзіңе сен, жас ойшыл

  • 0
  • 0

Өзіңе сен, жас ойшыл,
Тіл өнерің отпен тең.
Жаз күніндей жастық жыр
Жалын атсын жүректен.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар