Өзбек досыма

Бұл бетте «Өзбек досыма» атты Қалижан Бекхожин жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 18.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2943
(Құрметпен Миртемирге)

Ташкент бардым таңырқап,
Тамашасын көрдім мен.
Шадыман жұрт ән шырқап,
Гүл төгілген төрінен.
Маған жылы қараған,
Көріп нұрлы жүздерін,
Таныс емес қаладан
Өзіме дос іздедім.
Сая тауып жазынан,
Араладым гүл бағын.
Бұлбұлының аузынан
Қазақ жырын тыңдадым.
Сонда мені шақырған,
Білем, даусын досымның,
Сөздеріне сап құрған,
Өлеңдетіп қосылдым.
Гүл бағыңнан сыйласып
Жеген жүзім, мүбәрәк.
Жылы шырай сыр ашып,
Күлген жүзің, мүбәрәк!
Ағытылдың сен маған,
Сырласыңдай талайғы.
Жаңғырттық жыр шырқаған,
Науаи мен Абайды.
Сахараның ұлымын,
Сүйдім сені, гүлстан.
Сырын ұғып жырымның,
Табыстың сен, туысқан!
Сонау жылдар дауылды,
Сұрғылт күздер жадымда.
Қақтық бірге дабылды
Отанымның жауына.
Өз ағамның жері деп,
Алшаң басып аттадым.
Сапта жүріп күбірлеп,
Өзбек жырын жаттадым.
Шертті маған Хорезм,
Мақта күйін толғана,
Төкті бұлбұл әуезін
Маған — гөзәл Ферғана!
Келін келсе жүзіммен,
Қызыға мен қарадым.
Бөліп іштім өзіңмен,
Самарқандтың шарабын.
Әнжір жедім, бал таттым,
Қарт өзбектің үйінен.
Сергідім мен, сән таптым,
Қыздарының биінен.
Жылқышымын, аязға
Құрыштаймын, күштімін.
Бойға тарттым сол жазда,
Өзбектердің ыстығын.
Көңілімді ерітеді,
Сол ыстығың суымай.
Екеумізге жыр телі —
Сырдария суындай.
Гүлстанды жыр еткен,
Күн лебізді ақынсың.
Сөздерімде әндеткен,
Сенің де бар нақышың.
Қырларымда досың көп,
Кел құшаққа, туысым.
Әуезіме қосыл кеп,
Таңғажайып күн үшін!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Өзбек досыма өлеңінің авторы кім?

Қалижан Бекхожин — осы өлеңнің авторы.

Өзбек досыма өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Өзбек досыма өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қалижан Бекхожин өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Өзбек досыма өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері