Жезқазған жырлары
1. Ысқақ Иваныч
Сен ойлама, жердің қат-қат астында
Жоқ екен деп, қызық еңбек, қуаныш
Егер тұрса естіп мұны қасыңда,
Ашуланар біздің Ысқақ Иваныч...
Ол түскенде шыңырауына шахтаның,
Кетер тіпті тереңдеуге асығып,
Ағытуға тас толқынның шалқуын,
Келешектің шыңдарынан асырып.
Жер астының ол бір батыр еркесі,
Шахта оған — зәулім сарай заңғардай.
Оны таппас жер астынан әкесі,
Жүгірмесе электровоздардай.
Сом қолдары қатпар таспен қарысса,
Жер астында таң керемет туады іс.
Болғандықтан қимылы оның орысша,
Атаныпты: «Біздің Ысқақ Иваныч».
Қызық қазақ, жүзі де оның жайдарман,
Көк тастарды қопарғанда шыңға атып,
Күлімдейді жеңіп шыққан майданнан
Буденныйша қара мұртын ширатып.
2. Оның әкесі
Бұл төбелер оған жапа шеккізген!
Оған зындан көрінетін жер асты.
Ол үңгірде көп өмірін өткізген,
Тісіменен кеміргендей қу тасты.
Өтпес қайла, қалтыраған қайран қол
Соққан шақта тас түнерген қамалды,
Еңбектеген жылдар бойы үңгірде ол,
Бел бүкшиіп, тізе талай қаналды.
Ғасыр бойы құлазыған шалқардай,
Даламызға тас түйіліп томсарған,
Кімдер еді түнді кезген шакалдай,
Қаңғып келіп, қолқамызға қол салған?
Таппай шыдам сол ашқарақ жер тепкен!
Синдикаттар елестеген алдынан.
Кім еді ол? Әрине, қу джентельмен,
Жерімізге қаңғып келген Лондоннан.
Қарашы, оның пайдакүнем айласын!
Оңай алмақ даламыздың гауһарын.
Қайрамады Анарқұл да қайласын,
Қабағына жүрді түйіп қаһарын.
Жер үстіне шықса, көрді бір істі,—
Көбін түсті джентельмен тұр қалтырап.
Келе жатқан керді батыр орысты —
Өрен күшпен, қызыл тумен жарқылдап.
Көрді Анарқұл — басты аяғын алқына,
Жүр ағылшын тастарды аттап жүгіріп.
Зытты бірақ қарамады артына.
Түйілгенде зор қара құс жұдырық...
Жылдар өтті... Жезқазғанның құмында
Ертегідей болды жаңа туған іс.
Даңқ алды оның туған ұлы да,
Өз аты — Ысқақ, достарынша — Иваныч!
3. Инженер
(Инженер Байқоңыровқа)
Жылға-жылға жер астының сайында
Өрмелейді тастың сырын ол тыңдай.
Елестейді оның теңіз ойында
Көкше тастар, бейне алтын толқындай.
Бірақ алды — шексіз тұйық түнерген,
Мәңгі меңіреу, мелшиген тас қат-қабат.
Не сырлар бар бұл түнекте, кім білген,
Қайтып алға жас инженер аттамақ?
Оның көзі тасты жарып өткендей,
Көрсе таудың түнектегі асылын.
Ол алуға мәңгі сапар шеккендей,
Сол асылды — жерде жатқан жасырын.
Керемет жер — асыл жатқан құмында,
Мың жылдарға жетер мұнда қазына бар.
Әттең өмірі жетпейді оның мың жылға!
Тез алуға сол асылын ол құмар.
Шым-шытырық штректер, тас қия,
Оған бірақ кең көшедей жол ашық.
Гарвей Пиллоу түссе мұның астына,
Таппай жолын құлар еді адасып.
Асығыс шақ. Атылған тас күркіреп,
Перфоратор тасты соққан қаттырақ.
Жүз жылдардың жеңістерін ол көрмек,
Келешекке озып жылдам аттамақ.
Өмір қызық,— біреу құмар аспанға,
Біреу ынтық жол ашуға теңізден.
Инженерге — даңқ жердің астында,—
Жер бетіне алтын сәуле енгізген.
4. Гигант қала
Көкек те жоқ, көкпек те жоқ қу дала,
Ғасырлардан жансыз жатқан құлазып.
Жел ызыңдап құйындаған бір ғана,
Елсіз, гүлсіз аңыраған құм жазық.
Енді ғажап — қызық тіпті аңыздан,
Гигант орнап, біткен қала жапанға.
Жан біткізген, жапанға нұр тамызған
Біздің елдей бар ма шебер жаһанда?
Қуанамын, тас қаланың құмдағы
Көріп бүгін көшелерін, алаңын.
Жарқырайды Жезқазғанның қырлары,
Сәулетімен ертеңгі алып қаланың!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі