Ақбоз үйді – Ғафу Қайырбеков

Бұл бетте «Ақбоз үйді» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2235
Ақбоз үйді тіктіріп,
Көк жайлауда жатырмын.
Шаңырақтан бұлт кіріп,
Шабытындай ақынның
Оралады жел бауға,
Қонады кеп омырауға.
Майдың іші. Әлі ешкім
Бұл маңға аяқ баспаған.
Жаз айдары белестің
Жана толқи бастаған.
Қыз тіршілік, сән мекен,
Жұпар төсек сонда екен.
«Баянжүрек» - аты әсем
Бақыты асқан жер нендей,
Сонау арман шаққа сен,
Сол бір махаббатқа сен
Барып қайтып келгендей.
Мәңгі балғын жастықты
Жырлап тұрған тау мынау:
«Махаббатты, достықты
Мұрат қылған баурым-ау,
Келсең - келші!» - деп маған.
Берді барын сақтаған!
Осы нұрлы тауларым,
Осы тәтті бұлақтар,
Балқып тұрған бауларым,
Бала саусақ құрақтар,
Сонда білдім мекенім, -
Өзімдікі екенін.
* * *


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері