Өлең, жыр, ақындар

Тыңға сапар

  • 22.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2350
Поэма
Қазақстанда тың игерудің жиырма жылдығына

Білемін, жүгім ауыр бүгін менің,
Уақыт, енді өзіңсің - жүгінгенім,
Көңлімде кеше ғана секілді еді
Желбіреп жалаң көйлек жүгіргенім.
Дала да сәби еді кеше ғана-ақ,
Үстінен тоқтамайтын күн сырғанап,
Ол дағы ауыр тартып есейіпті
Төсіне қала орнатып неше қабат.
Қала не, — мақтанбаса биігімен,
Самсатпай заводтарды үйірімен.
Олар да тік көтеріп тұр аман-сау
Соншама алыптарды иығымен.
Уақыт, мен солайша жүгінді арттым,
Сол жүкпен жыр жолында зырыл қақтым,
Салмағы бәрінен де асып түсті
Екі жыл егіз туған миллиардтың.
Миллиард әкетеді ойды алысқа,
Жүйрік боп шыдасаң да қай жарысқа,
Нар болып, жарасаң да қай сапарға,
Әлеумет, мына жолдың орны басқа. 
Жүрек те бұрынғыдай емес батыл,
«Әлі де қабырғаңмен кеңес, батыр»,
Күңкілдеп қояды өстіп ішкі сарай,—
Алдында қайрат сынар белес жатыр.
Тәуекел, тарс буынып тарттым тағы,
Ақынның оң сапарда жоқ бұлтаңы,
Мандайын күнге беріп тұр әнекей
Өлеңнің өзім мінген ақ тұлпары.
Жосылып туған жердің жолын кулап,
Жинайын қанжығама шумақ-шумақ,
Лақтырған қашағанға бұғалықтай
Шыңылдап шиыршық атып түссін зулап.
Ысқыртам асау жырды, алдыма сап,
Жөңкіліп жөнелгендей қалың жасақ,
Мөңіреген адырнаның ауызынан
Ауаға ұшып жатсын алтын масақ.
Ғажайып зымыраудың қысымынан
Үстегі болат сауыт ысып жылдам,
Қақырап ол да жолда түсіп-қалса,
Іштегі өрт тысқа шықса тылсым буған.
Сонда мен ракетадай отқа айналып,
Үн-түнсіз қап-қараңғы көкті жарып,
Ғарышқа балқып жүзіп бара жатсам
Алтын тау миллиардты бетіме алып.
Миллиард— көк пен жерді жалғастырған,
Секілді алып биік алмас қырман,
Баурында сол қырманның бауырым кез боп.
Сан ұлттың сабаздарын жолдас қылған.
Қарсы алса, «Қайран ақын, жеттің бе деп,
Сен неге бізбен болмай, кеттің бөлек? —
Ол сөзге аз қысылып, қызарандап,
Десем мен: «Жетуге де екпін керек!»
Қарасам үсті-басым ызғыған шаң,
«Күткелі сізді қашан, сізді қашан!..»
Деген мәз қалың дауыс арасында
Болды ғой бір азырақ мызғып алсам.
Бірінші бөлім
МИЛЛИАРДҚА БАРАТЫН ЖОЛДА
* * *
Басталды соғыс,
Болмаған әсте зор майдан,
Жинамай шөбін,
Желкілдеп шыққан орман дән,
Шалғы-орақтарын
Шалғынға көміп жөнелді
Мен ермін деген
Ауылда тірі қалмай жан.
Ең соңғы ағам
Атына қамшы басарда,
Еліне қарап,
Ең соңғы қырдан асарда,
Еңкейіп қалып,
Бетімнен менің сүйіп ед,
Есімнен менің
Кетпейді сол сәт қашанда.
«Дәмдесу жазсын! —
Жатқызып жерге жау ұрсақ,
Қамықпа, баурым,
Болады ертең ауыл шат!» —
Деді де маған.
Ең соңғы шаңы бұрқ етті...
Көзімде моншақ —
Қолымда жалғыз бауырсақ.
* * *
Қаһарлы күндер..,
Қаршадай мені қасына ап,
Қартайған әжем
Бір үйлі жанды асырап,
Масағын теріп
Қиырда қалған егіннің,
Тамызушы еді
Таңдайға нәрін тамшылап.
Қаһарлы жылдар...
Қатпаған буын —күн жетім,
Атқарып енді
Азамат жігіт міндетін,
Жұмысқа тұрдым,
Ауданның там-тұм азығын
Ай-айға бөліп,
Талонмен беру — қызметім.
О, достар, сондай
Жалғанда болмас ауыр шақ!
Телміріп қарап,
Ашқарақ көздің жауын сап,
Атымды менің
Құрғатпай айтқан минуттар...
Бұлдырлап алдан
Баяғы жалғыз бауырсақ...
* * *
Жеңістің жазы...
«Жеңдік қой!» деген қуаныш,
Көңілге медеу,
Ал бірақ жылап тұрады іш.
Жалаңаш өзек,
Асқазан күйіп әлі де,
Бауырсақ бұлдыр
Армандай болып бір алыс.
Студент күндер.
Жарықтық сол бір қара нан,
Тірлікке тіреу,
Жомарттық жолға жараған.
Бір үзіп алып,
Бір жұтым сумен айдасаң,
Оянып жүрек,
Тамырға қаның тараған.
Сол жүрек кәзір
Жырлауға оны тапты өлең,
Қадірлі сезім,
Қасиетті махаббатпенен.
Бір үзім нан мен
Бір ғана сонау бауырсақ
Дастанға кірді
«Ұмытпау» деген атпенен.
* * *
Қираған, өшкен,
Өртенген, күйген қалалар,
Минадан, доптан
Дал-далы шыққан далалар.
«Жараны жазу» —
Деген бір сөзге сыйып-ақ
Кетті ғой жылдар,
Ерлікке толы-сан айлар.
Сондай-ақ сойқан
Арпалыс соққан от дәуір,
Бейбіт күн шыққан
Бақытты құшқан шақта бір.
«Ұлы Отан соғысы»
Деген сөздерге
Сыйып-ақ қазір
Алаңсыз тұрған жоқ па бір?!
Қашанда халық
Тарихи жайды кешкенде,
Тағдырға сәйкес,
Тарихи сұрақ шешкенде
Талай жыл өтіп,
Бір сөзге оның сиярын
Тап сонда болжап,
Біле де бермес еш пенде.
* * *
Осындай кезең,
Дамуда болар толғақты,
Қуатты милар
Данышпан ойлар болжапты.
Fасырлар бойы
Осынау ұлы сұрақты
Соғыстан өзге
Шешетін құрал болмапты.
Ленин сонда
Тарихи жолға ел бастап:
«Қоғамда мынау
Болмайды қанау, болмас тап,
Сарайын бақыт
Соғады бейбіт жылдармен,
Адамдық аты
Шығады биік сонда асқақ!» —
Дегенде жайнап,
Болашақ ойнап көзінде,
Құлшынып бастап,
Жөнелген ғажап кезінде.
Үлгірмей кетті,
Қапысыз бірақ нұсқады ол,
Партияға арнап,
Өсиет айтқан сөзінде.
Бесжылдықтар...
Аттанды Ленин жолымен,
Қаһарман халық
Құрылыстар салып қолымен,
Адамның жайсаң
Жаңа бір түрін туғызып,
Парасат, ақыл
Биіктеп кеткен ойымен.
Дүрілдеп солай
Азат ел сайран салғанда
Жалғыз-ақ еркін,
Жалғыз-ақ қожа жалғанда,
Ең биік жолмен
Алысқа қонбай барғанда,
Теріскей Мұхит
Мәңгілік мұзын жарғанда —
Тоқтату үшін
Мынау бір ғажап маршты,
Тоқтату үшін
Жеңбей де қоймас жарысты,
Империализм —
Ең күшті жыртқыш-фашизм
Деген бір жауыз
Жағаға келіп жабысты...
* * *
Содан соң бәрі
Айтылды сөздің басында,
Жеңімпаз Отан
Жаңа бір келді асуға...
Қураған шөлдер,
Тандайы кепкен далалар
Жарымай жатты
Жат болып аққан мол суға.
Каналдар қаздық
Ұзыны ай мен күнге тең,
Ормандар ектік
Таратып шашын қырға кең.
Бозбала күнім,
Осынау алып істердің 
Куәсі ем мен де,
Қуатын қосқан құрдасы ем.
Партия дейміз,
Партия — ақылды адамдар
Уақыт, қоғам
Өсірген баптап замандар,
Олардың басы
Көтерген ауыр салмақты —
Міндетін күннің,
Мақсатын жылдың қойған дәл.
Партия сан жыл
Ағасы болып солардың,
Отырған ақыл,
Ойларын жұмсап ол әр күн.
Ол кешкен жүкті
Оңай деп тарих айта алмас,
Басында сол бар
Біз өткен даңқты жолдардың...
Қашанда біздер
Ең соңғы жеңісті айтарда,
Боламыз мәжбүр
Тарихты қозғап қайтарға,
Өйткені ол біздің
Ғажайып өсу жолымыз
Симайтын жырсыз
Қатарлап қойған қай санға.
Елу жыл асқан
Өмірі дастан еліммен
Келгем жоқ бірге
Өткізіп жылдар тегін мен,
Куәсі болдым
Талайда асу-кезеңнің
Екі адым алға,
Бір адым кейін шегінген. 
Өмірім зырлап
Өтті ғой деп те өкінбен,
Осынша қарқын
Уақыт берген екпінмен,
Өйткені әмән
Жекелеп қумай бақытты
Қалаулы күнге
Халқыммен бірге жеттім мен.
Қалаулы күнге
Жеттім мен бірге халқыммен,
Қуаныш, бақыт,
Кей-кейде үрей қаупыммен,
Айнымай қалам
Сондықтан елдің өзінен
Шапшыған шабыт,
Шабуыл сүйгіш қалпымен.
Советтік Отан
Қашанда қамқор зор аңам,
Туымен тудым,
Туына күнде оранам.
Жырыммен солай
Алып бір шығып серуенге
Тағы да шалқып,
Дастанға қайтып оралам.
Желбіреп биік
Партия тіккен ту алда,
Басталған солай
Шабуыл, шөлге, қуаңға,
Жақсы түс көріп
Жатыр ед Қазақстаным,
Келесі кезең,
Ғажайып кезең туарда...
* * *
Жерім менің — Ұлы жері Қазақтың!
Сен тұрғанда шағын ойдан азатпын.
Сен мәңгісің. Тек мен сенің жүзінді
Ғасыр көмген шаң-тозаңнан тазарттым.
Сан шабуыл жасалғанын білем мен,
Сенің атың өшу үшін әлемнен.
Әлсін-әлсін қару,— сайғақ көтеріп
Келген жаулар қасіретті сәлеммен.
Сен атынды бермеу үшін таластың,
Болмағанда қанды селден толас күн.
Сен өзгеге қызықты деп айтпайды
Мен де тарих көне бетін көп аштым.
Үлкенсін сен. «Үлкендердің жауы үлкен».
«Неге мұның бөліспеген бәрін тең?»
Деп, тарихқа ашуланған талайлар —
Қоқиланып — «Мен үйтем де, мен бүйтем!»
Шыңғыс, Бати қаһарынан кім басым,
Қайран болған көріп дала тұлғасын.
Жер бетінен олар дағы жоқ болды
Халық қолы қақ мандайдан ұрғасын.
«Қазақ жері — қазақтікі қашаннан,
Әр есімі тау мен тасқа қашалған.
Сулары да ән айтады қазақша
Асқар шыңнан, қыр, жотадан бас алған»
Ұлы шындық. Сол шындықты жоғалтпай
Келген тарих — тот баспаған болаттай.
Сол шындықтың мұнарасын көп көздеп
Тентек бастар тек жүрмеген оқ атпай.
Жерім менің — соның бәрін білесің,
Көкрегінде жазулы тұр мың есім.
Жатты бірақ әлі жұмбақ қалпында
Болашақтан алар сенің үлесің...
* * *
Сан қалалар сойқан апат қиратқан,
Сан далалар сау денесін күл жапқан,
Сан сабаздың қаусап қалған орнына
Жан толтырып жаңа туған ұрпақтан.
Көз көрмеген машиналар шығарып,
Дым сезбеген шөлейттерді суарып,
Сан өзеннен теңіз жасап болғанша,
Сан теңізден жаңбыр жасап, бу алып.
Сан құм, саздан, мұнай, фонтан атқанша,
Сан қиырға биік оттар жаққанша,
Спутниктер көктің жүзін шимайлап,
Гагариндер ғарыштан тіл қатқанша.
Қанша жылдар керек болды, е, досым,
Заман біздің ұмытқан жоқ уәдесін.
Бұдан артық Отаныңа не дерсің,
Бұдан артық уақытыңа не дерсің?!
«Бұдан артық енді кезек созбаймыз.
Ал даланы көтереміз қозғаймыз!..»
Деді сонда партиясы Лениннің —
Қайдасыңдар, балғын жігіт, уыздай қыз!?
Қайдасыңдар коммунистер, комсомол,
Сендерменен салынды ерлік қанша жол.
Ал даланың үлкен жолы созылды,
Сол жолменен бас қимылға барша қол!»
... Ия, ұлы жер жатыр еді қозғалмай,
Кеудесінде айтылмаған сөз бардай,
Оған ұлы сөз берудің кезегін
Уақыт өзі бізге дейін созғандай.
Ал манағы күткен кезең басталды!
«Тың» деген сөз жаңғыртты жер, аспаңды,
«Тың анасы — Қазақстан» — бар әлем
Радионың құлағына бас салды.
«Бұл қай өлке
«Бұл қандай ел?» — көп сұрақ.
Талай білгіш айтып жатты топшылап.
—Ол дала бір жалаң жатқан ақ тақыр,
Жазға жетпей боз жусаны бос қурап.
—Қай халықтың мекені еді?
—Білмейміз.
Жер болған соң бізге бәрібір,— дейміз.
—Жоқ, ол жерде қазақ деген халық бар,
Ғасырларды жасап келген пәлен жүз.
—Аз — дейді ғой саны өзінің?
—Ол қалай,
Ие болмақ сонша жерге оп-оңай?
—Баяғыдан қайда жүрген жансыңдар,
Сол даладан басталғанда жол талай?
—Біз білеміз,
Ел еді бір көшпелі,
Жел аударған құм сияқты еспелі.
Соның өзі романтика еді ғой
Ұмтылмайтын сәби күндей естегі.
—Бұзды дегей!
Құрыды бір сұлулық!
—Ескеретін
Жандар қайда мұны ұғып?
—Обал болмақ,
Қалсын қорғап оны! — деп,
Жатты талай жат пиғылдар жұлынып.
«Тың» деген сөз тың естілді құлаққа,
Таң да болды жақын, жат та жырақта,
«Тың» деген сөз — ол далада бұрын-соң
Түк жоқ еді деген емес, бірақ та.
«Тың» деген сөз — сызу емес тарихты,
Жоқ деу емес — бар боп тұрған халықты.
Қайта соған халық қосып, күш қосып,
Жайнату ол—дала деген алыпты!
Отан үлкен - оған қуат, әл керек,
Астық керек, таусылмайтын нан керек.
Ол астықты еркін егіп тастауға
Кең кеуделі дала керек, жон керек.
Ал далаға өсу керек ғажап бір,
Сол өсуге жаны дайын қазақ тұр.
Ертең соның ұлттық атын аңыз ғып
Барлық әлем айтуына аз-ақ тұр.
Осыны ұғып жеткенінше талайлар
Өткені рас сан уақыт, сан айлар.
Ұлы аттаныс шұғыл бастап жөнеліп,
Болмады кез ондайларға қарайлар.
Жаулар сондай қуыс іздеп тапқанға,
Мәз боп шулап, өрт тұтатып жатқанда,
Құйылды кеп адамдардың тасқыны –
Жаңа орынға жаңа қазық қаққандар.
Ия, тынды оңай ұққан жоқ ешкім,
Қиындығын бұл керемет зор істің.
Талайлардың қатесін де дұрысын,
Уақыт, өзің жақсы ұғуға болыстың!.
Екінші бөлім
МИЛЛИАРД ДАЛАСЫ
***
Жаз еді жайсаң...
Июльдің аяқ кезі еді.
Керемет ұзақ
Келді бір сапар кезегі
Ап-ашық күндер
Көк егін бойын көтеріп,
Аспанның өзі
Астықтың исін сезеді
«Торғайдан шығып,
Қостанай келіп есен-сау,
Асфальтті қуып,
Алдымды орап
Көкшетау,
Құлдилап төмен,
Келесі кезек Ақмола,
Ал одан әрі
Қарағанды ұзап кетпес-ау!
Каналды бойлап,
Павлодар шалқып қайтадан,
Ертістен өтіп,
Арғыда беттен айтсам ән,
Семейге келіп,
Серуен сәтін қызықтап, 
Аягөз беттеп,
Жетісу ассам ал содан!»
Маршрут осы –
Өлеңге жайлап түсірген,
Машина-көлік,
Қобалжып қоям ішімнен.
Қасымда Бақыт,
Қасымда серік ұлым бар,
Мынау бір жолдың
Қиынын ол да түсінген.
Арманым —
Арқа
Бойымен сан күн зыр қақсам,
Атақты Тыңның
Кескінін көріп бір қайтсам.
Самолетпен де,
Поездармен де жол шектім,
Көзің де тоқтап
Үлгірмес олар тым шапшаң.
Ал солай тарттым.
Қазықты қақтым
Торғайдан,
Ризық дәмім,
Шашылды наным шалғайдан,
Жалықпай бізге
Болды да тұрды күн серік,
Біресе арттан,
Біресе қарап маңдайдан.
Белгілі бұрын
Қостанай бес жүз шақырым.
Соған кеп біттік
Сөткелік жолдың ақырын.
Не көрдім сонда?
Көкпеңбек егін — бар дала.
Жанарым талып
Қарадым саған жарты күн. 
Қасымда балам
Қояды басын бір шайқап,
—Егін бе бәрі?
—Егін ғой —
Деймін —
бұл байтақ.
Көр енді көзбен
«Тың» деген сөздің не екенін.
Ауызбен оны
Екінің бірі күнде айтад!
Деймін де оған
Кетемін өзім сан ойға,
Осынау жолмен
Аптада жетіп Торғайға.
Боз,
көде,
жусан,
Өлеңнен өзге көрмеуші ем,—
Ал мына сурет
Келеді миға қонбай да.
Қонбаса, қайтсын,
Кесілген егін көкпеңбек,
Сөйлейді дала —
Өзгеріп солай кеткем — деп,
Қиырда қалып,
Өңкей бір аппақ қалалар,
Шақырар бізді —
Егінді кешіп кел-кел — деп.
Отау боп кеше
Бөлінген менің
Торғайым,
Ол жайлы дастан
Басқа бір жолы толғайын.
Ал мынау тұста
Атақты
Аманкелді бар
Соған бір сәлем
Сырттай да болса жолдайын.
Аманкелді десем —
Бұрынғы
Аманкелді емес,
Жап-жас бұл жігіт
Атағы одан кем де емес,
Егін боп толқып
Шайқалды оның қолымен
Кешегі батыр
Дүбірлете жортқан дөң-белес.
Кеудеде жайнап
Жұлдыздың алтын белгісі,
Секілді өзі
Даланың жүйке, нервісі,
Жолаушым, сенің
Көргенде көзің тоятын
Жаңа бір Торғай,
Жаңа күн Аманкелдісі.
Еңкебай қарттың
Еңсегей туған баласы,
Жаурыны жалпақ
Жарасар соған даласы, —
Сілтей бер, солай,
Сілтеуіңе жететін
Сенікі бүгін
Есіл мен Торғай арасы!
Ал анау қырда
Атақты қала Қостанай,
Қос элеватор
Секілді бейне қос сарай,
Қанатын жайған
Тобылдан тартқан тас көпір
Өткізер жеңіл
Жамырап келсең, жасқамай
Сары алтын күзде
Үстімен соның түйдектеп,
Миллион пудтар
Қозғалып маңғаз күнде өтпек,
Қостанай сабаз, —
Тыңның ең үлкен ордасы,
Отырар ма едім
Оңаша сені суреттеп!
Ал қазір сапар,
Сапарда болмас аялдау.
Сыбағаң бөлек,
Айтылмас әсте саған дау.
Аман бол енді!
Алдымда төрт жүз шақырым,
Арқаның тәжі —
Күтіп тұр бізді Көкшетау!
Пай, пай, пай, шіркін,
Жарықтық Арақарағай,
Саяңа бізді
Қарық қып дана анадай,
Өсіріп ең ғой,
Тоқтамай саған болар ма,
Ал, түстік, балам,
Дастарханыңа тағам жай!
Қостанай наны!
Қанымда жүрген бөлшегің,
Қадірінді айтып
Тауысам ба екем мен сенің!
Сонау бір күнде
Хош иіс аппақ бөлкенді
Баурыма қысып,
Иегімді артып жеуші едім.
Қақ жарып тілсем
Бармақтай тесіктеріңнен
Жерімнің даусын
Жаңылмай есіткенмін мен.
Саусақтың ұшы
Кетті ғой тағы шымырлап,
Қайран бір қолды
Сағынта кешіккенімнен!
... — Тағы да егін...
Егіннен егін... көп егін,
Көз болжап әсте
Көріп те болмас келемін.
Облыс, аудан,
Сан совхоздың есімін
Қағылған баған,
Жазудан ғана көремін.
Айтпақшы мынау
Қараған совхоз астырттан,
Кешегі жаз да
Қалаған тауды астықтан,
Дейтіндей бәсе:
«Құлашы мұның мұнша кең!»
Осында біздің
Демеев батыр Жансұлтан.
Ойпыр-ай, кілең
Батырлар туған алқаптар,
Кешегі дала
Арқасы жауыр, ақ қаптал!
Қолымен алтын
Уыстап шашқан серілер,
Жолына күміс
Тастаған төсеп жомарттар!
«Жансұлтан, бауырым,
Ғафуды бұл жол ғафу ет!
Әрине, әзір
Бір шәугім шай мен бір асым ет.
Көңілдің алтын
Жібіндей бейне шумақтап,
Осынау қырдан
Лақтырдым саған «Рахмет!»
Ол рас, бір төл,
Бір жылы туған құрдас ек,
Асығыс жолға
Бола алмай қалды бұл да сеп.
Балаңмен бірге
Батырлық құрып күн сайын,
Жемісін еңбек
Жап-жалпақ мынау қырға сеп!»
Зырлайды асфальт
Даланы жасыл қақ жарып,
Спидометр
Жүздеген цифр аударып,
Жеткізбейді егін,
Алдырмай демін көліктің
Біз содан бері
Қаншама сағат зауладық.
Танданады ұлым:
—Адам ба мұны істеген?
—Әрине,—деймін
—Не болып кеткен күш! — деген.
Ол адамдарды
Қай жерден көрсе болады,
Егіннен басқа
Көзіңе түк те түспеген?
—Көресің бәрін,
Бар жерден жақсы танисың,
Сіңірген олар
Бойына мынау дән исін.
Көрінген жолда
Жағалай аппақ қалалар,
Бәрінде соның
Замандас, құрдас, танысың.
Дән өсу үшін
Жан өсу керек, біл, балам,
Әр жанның мұнда
Өмірі тарих, бір ғалам.
Сен туған жылы
Басталған Тыңның дастанын
Өзіңдей сәби
Іңгәлап жатып тындаған.
Олардың қыста
Шатырда туған талайы,
Вагонда, қыстау,
Тақырда туған талайы.
Күздегі жаңбыр
Құрғатпай жуып жөргегін,
Әреңдеп оны
Кептірген көктем, май айы.
Осынау байтақ
Далада қазір сан ұлт бар,
Тарихи іске
Тағдырын қосқан халықтар.
Алғашқы кезде
Жатырқап елді, даланы
Талай да табан
Тайып та берген жәйіт бар.
Уақыт етіп,
Жыл кеткен сайын орнығып,
Заманның өзі
Нұсқаған айқын жолды ұғып.
Жылдардың жомарт
Жемісін қолмен құшақтап.
Саналы тәртіп
Сабаға қайтып толды жұрт.
Сондағы туған
Өзіңмен құрдас ұландар,
Даланың бүгін
Үстінде ұшқан қырандар,
Даланың бүгін
Төсінде тозаң көтеріп,
Алады астық,
Аузыңда ант пен ұран бар.
Кінә жоқ саған
Оқисың қиыр шалғайда,
Жүруің мүмкін
Дәл бұған назар салмай да,
Әдейі алып
Шықтым мен бүгін сапарға,
Ұқсын да жаның,
Қанықсын көзің сондайға.
Қарайсың, әне,
Қара бір көзің таңырқап,
Талтүсте мынау
Тандайың кеуіп шаңырқап,
Аңызақ, аяз
Жылдарда бекіп қанаты
Өскелең тыңнан
Өсті бір солай жаңа ұрпақ.
Олардан қазір
Сұрасаң қайда тудың? - деп, -
Береді жауап:
— Тың еліміз. Тыңмын — деп,-
Әнекей ғажап,
Көрмесең сенбес танданып,
Мінекей саған
Тындағы тың ұлт, тың халық!
«Тың» деген солай,
Тек ғана болмай молшылық,
Толғақты талай
Мәселе басы мол шығып, —
Мұншама ғажап
Даланың болашағына
Жатқан бұл кезі
Жағалай тарау жол шығып.
Алдымен «Достық»
Дегенді мықтап тудырды ол,
Түсінбес, күдік
Көңілдің кірін жудырды ол.
Дәл осы тұстан
Дақ салам деген аямай
Жалалы жау мен
Дұшпанның сағын сындырды ол.
Қазақтың жері —
Достықтың алып бесігі,
Достықтың аты —
Бар туған сәби есімі,
Қолдары емес,
Қандары бірге қосылған
Ағайын бәрі
Ашулы жатқан есігі!
Осыны ұқ, балам,
«Тың» деген кезде тыңдап қап,
Даланда мынау
Қалалар өссе, ну қаптап.
Қайраткер, іскер
Ұрпақтар өссе өзіндей
Шығатын елдің
Үмітін асқақ күнде ақтап.
«Тың» деген солай,
Біз үшін алып бір дәуір,
Дәуірде ірі
Тұлғалар тумақ кіл тәуір.
Орнына ұсақ
Күншілдік, ғайбат, өсектің
Келетін болмақ
Парасат,
ақыл, мол сабыр...
Тындайды балам,
Зырлайды асфальт қара көк,
Ыстыққа сая
Соқты бір самал жаңа кеп.
Көкшенің шыңы
Көк жасыл қамқа жамылып
Дегендей болды:
«Жолаушы, маған соға кет!» 
...Түн еді барқыт,
Түбінде жаттық Көкшенің,
Далада қонып,
Көкшеде қонып көрсе кім.
Рахатын өзі
Айтпай-ақ сезер дүниенің
Түс көрем жатып
Жастанып жатып көк шөбін.
... Сары алтын дала.
Сарыарқа теңіз — көл-көсір,
Өсірсең егін
Осындай байтақ жерге өсір!
Маржанға толы
Сыңғырлап күміс сабақтар
Айтады әсем
Айдарын бұлғап желге сыр.
Құйылған халық
Мыңдаған дізбек составтан,
Студент, әскер
Арқаға қарай көш тартқан.
Даланы басты
Машина тұтас бұлттай боп,
Комбайн қаптап
Атандай мойнын көкке асқан.
СССР - қалмай
Жорыққа шыққан секілді,
Ашылды майдан,
Азамат халық жең түрді,
Алдыңғы жақта
Айтулы қамал-миллиард,
Жағалай жалау,
Қадаған тудан жел тұрды.
Ал, кәне, солай
Басталды байтақ бір жорық,
Жарқырап жан-жақ
Түні — күн, күні — түн болып. 
Жиырма төрт сағат
Қас қағымға да тұрмастан.
Апталар өзін
Санатуға да мұң болып.
Даланың мұндай
Үздіксіз сөйлеп кеткенін,
Көз жұмды талай
Көрмеген әсте көкте күн.
Көз жұмған кезде,
Көл-көсір жауын сарқырап,
Жиғызбай әлек
Адамның қолдан еккенін.
Қарамай соған,
Қаһарман халық қайтпастан,
Тозаңын беттің
Кірпіктің шаңын қақпастан,
Қаптатты-ай келіп
Тұс-тұстан алтын тауларды
Байлыққа, бақыт
Барлыққа байтақ қақпа ашқан.
Бауырлас халық
Ерлері түгел қауышқан,
Жиналып келіп,
Қиырдан не бір алыстан
Мереке-жеңіс
Туларын көкке көтерген,
Оянып кеттім:
«Миллиард!» деген дауыстан.
Бұл кезде Көкше
Иыққа күнді қондырып,
Болашақ барып,
Қайтқандай ол да жол жүріп.
Жайдары ғана
Жақсылап қарап тұр екен
Жолаушы бізге
Жатқан бір атын шалдырып.
Баламды қайдам,
Тәуір-ақ тыныс алыппын,
Бүгінгі түспен
Ертеңге бір-ақ барыппын.
Естуім анық —
Осы бір тұста совхозы
Ертеңгі батыр Кенжетай Рамазановтың.
Көкшені Біржан
Әнменен басқа көтерген,
Ыбрай ақын
Өлеңнен жайдай от өрген,
Ал одан біраз
Араға жылдар салып кеп
Қадірлі Мәлік
Батырлық атын әперген.
Көкше едің ғой, сен
Шіркін де сабаз Көкшем-ай!
Өлке едің ғой, сен
Аруға жомарт, ерге бай,
Ердің де атын,
Елдің де атын шығарар
Бүгінгі үміт
Өзінде жатыр Кенжетай!
Содан соң тағы...
Тағы да жалпақ көк егін,
Мен енді заулап
Ақмола беттен келемін.
— «Ой, ты, дорога длинная,
Земля целинная»,— деп
Жазықта шырқап
Ұлым да созады өлеңін.
Мен болсам әлгі
Ғажап бір түсті сарқа алмай,
Жол бойы созып
Шұбатып келем арқандай.
Бұлғайды қолын
Трактордың үстінен
Дауыстап бізге
Далада туған Дарқанбай.
Ағады асфальт
Доңғалақ тисе аңырап,
Тездіктен мынау
Кетердей кәзір жанып-ақ.
Ғаламат шәһар
Ғажайып шапшаң салынған
Бұлдырлап көзде
Қалады Целиноград.
Бақытты қала!
Өскенің Тыңның арқасы,
Айдары биік
Арқаның нағыз ортасы,
Салындың үлкен
Достықтың шебер қолымен,
Сондықтан сенің
Үйіңнің берік әр тасы.
Болды ғой онда
Игілік бәрі сен тілер,
Басында жүрді
Өнерін салып ел түгел.
Қозғаман небір
Ойлардын түзу-қисығын...
Тарих өзі
Орнына бәрін келтірер.
Михаил Довжик –
Алғашқы тыңда ардагер,
Сен білмес мұнда
Қалған бір жазық бар ма жер,
Қайда екен кәзір
Сен қаққан қазық сондағы,
Айнымай сан жыл,
Мызғымай тыңда қалған ер.
Есімде бәрі
Балаң бір жап-жас жігіт ең,
Тұл бойың толы
Арман ең, әсем үміт ең,
Айқайлап тыңға
Алаңкөз келген талайдың,
Тақиясын құмға
Толтырып бердің жығып сен.
Сен адам едің
Туысың жақсы жайсаң жан,
Әуелден саған
Мына тың мықты ой салған.
Еңбекпен өстің,
Адамдық атың және өсті,
Қиындық шақтан
Көзің жоқ әсте тайсалған.
Сен әсем жаздың
Тыңныңда өмірбаянын,
Шындығын биік,
Аяулы сырын, аянын,
Сен алғашқы
Ақыны тыңның шығарсың, —
Қосылып саған,
Қолымды жырға қоямын.
Қадірлі Миша,
Лайықсың дара дастанға,
Ерсі емес жазу
Атынды биік аспанға,
Жасырман сырды
Әлі де сендей көп керек,
Ғажайып жандар
Ғажайып Қазақстанға!
Маңдайға біздің
Шежіресі болу жазылған,
Жерім жоқ қалған
Сезіммен жұртты мәз қылған...
...Тағы да егін...
Жарықтық егін зымыратып
Каналға келдік
Кеп-кеше ғана қазылған.
«Қарағанды — Ертіс».
Ғажап-ау бұл да байқасаң!
Төгілді мұнда
Адамның тері қанша сан!
Қайнады мұнда
Күні-түн тынбай қанша еңбек.
Аспанның жүзін
Көмді ғой дейсің қанша шаң!
Осының бәрі
Отанның күшті бейнесі,
Тыныштық түнде
Тынбастан құлаш сермесі!
Осының бәрі —
Ғажайып сенің адымың
Алыпша басқан
Алып бір байтақ жерде осы!
Шексіз бір Тынды
Көтеріп ерлік істесең,
Сүйеніп бақтың
Осындай алып күшке, сен.
Бір-бірін қолдап
Дәлелдеп жатқан биіктер
Соларды көріп
Аласа болма, әсте, сен!
Қашанда, досым,
Далада кешкен ой тәтті,
Кетесің кезіп,
Аралап миың байтақты.
Қайран да жердің
Қасиетіне не жетсін,
Бесігіңді де
Анаңнан бұрын шайқапты.
Павлодар, Семей,
Аягөз, Талдықорғаннан,
Нелер де асу
Өзеннен, судан жолдардан,
Айтып та жатсаң,
Жазып та жатсаң таусылмас
Көңілде, көзде
Тамаша әсер мол қалған.
Солардың мықты
Анасы сонау — Ұлы егін
Арқадан тартып,
Жетісу созған жиегін.
Солардың барлық
Иесі — Қазақстаным,
Қазақтың ұлы —
Өзім де соған иемін.
Оқушым созып
Кеттің ғой деме, сен маған,
Жолымды менің
Өмірдің өзі жалғаған.
Сенемін саған
Жолымды қысқарт демессің,
Тың сөзім, жырым,
Тыңға деп сақтап арнаған.
Жиырма жыл бүгін,
Дәуренім шалқып озғалы,
Қазақтың жері
Атағын биік созғалы
Бір соның ақын
Куәсі болсам дәл бүгін
Сонікі асыл
Мендегі жыр мен сөз бәрі!
***
... Таң еді мынау.
Алматы туға бөленген.
Азаннан тұрып,
Алаңға беттеп келем мен.
Елу бес жасар
Октябрь кірген шақта бір.
Сөйлеуім керек
Сол жерден тұрып өлеңмен.
Келемін жүріп
Кеудеге жұмбақ күш біткен,
Адамдай алдан
Аса бір тығыз іс күткен.
Сөйлеуім керек
Ал қызыл тулар үстінен,
Сөйлеуім керек
Ақындық, комунистікпен.
Ойымда қайнап
Басымнан кешкен күн елес,
Көзімде ойнап
Талайдан тосқан бір белес.
Сөйлеуім керек,
Бұл кезге дейін айтқаным
Секілді маған
Қасында мұның түк емес.
Тулайды жүрек
Басылмай әлек кеудемде,
Мұндайда басқа
Керемет сөздер келген бе?
Тебініп келіп,
Шегініп кеткен секілді
Шабыттың аты
Келтірмей қамшы сермеуге.
... Басталды парад.
Алаңның төсі солқылдап,
Мұхиттай жиі
Жағаны соғып, толқындап.
Саңқылдап ұран,
Ауаны тіліп «Уралар»
Ыдырап содан
Көшеді биік бұлт тулап.
Шымырлап, қайнап,
Шымырлап, қайнап, сәл тынып.
Тасып бір алаң
Кетеді қайта шарқ ұрып.
Жатқандай бейне
Салмағы түпте парадтың
Секілді бәрі
Жол ашқан соған қалт тұрып.
—«Әне!» — де,
—«Әне!» — десті бір —
Алаң сол шақта,
Шынында сәл-сәл
Трибунадан оң жақта
Келеді екен
Ғажайып үлкен нан жүзіп,
Қайысады алаң,
Шыдамай мынау салмаққа.
О, ғажап, сонда
Халықтың көрдім шаттығын,
Осы ғой менің
Сөйлейтін сөзім тап бүгін.
Көргендей болып
Алғаш бір жердің бақытын
Қиырдан сонау
Тесіле қарап қапты күн.
Кеудемнен сонда,
Ағыл да тегіл сөз кетті.
Миымда шапшаң
Тақырып басын өзгертті.
«Миллиард» — деген
Сағыныш сөзден басталды ол.
(Басталды дағы
дастанды мынау тездетті!)
* * *
Азат күш, ақ ниетке бөленсе адам,
Туады құдірет пен өнер содан!
Сен соның айғағысың — Алтын астық,
Миллиард Далабай ұлы сәлем саған!
«Миллиард. Қазақстан. Жетпіс екі»
Рапорт ат шаптырым екі шеті.
Ашық ел аспанында жүзді жайнап
Секілді жарқ-жұрқ етіп ердің серті.
Не деген қуаныш еді, досым, мынау!
Қуаныш—теңіз болып жосылдың-ау!
Тау болып тақиянды көкке тіреп
Алаңға, дала, келіп қосылдың-ау!
Туған жер, саған деген жыр басымен,
Мен сенің мәртебенді тудай сүйем!
Бүгінгі салтанатты сағатыңның
Білемін өлеңіме симасын мен!
Алайда жырламай қап, жолдан шықпан,
Қолтықтап, өзің барсың қолдан тұтқан.
Ерекше шығу керек менің даусым
Қазақстан ақыны болғандықтан.
Миллиард! Жалғыз сөз бе екен айтуға
оңай?
Миллиард! Жалғыз — астықпа
тартуға бай?
Миллиард! Жалғыз ерлердің еңбегі ме,
Сарқылған тер, күн менен сарқылған ай?
Миллиард! Жалғыз далама кесілген кең,
Миллиард! Жалғыз бақыт па несібеңмен.
Миллиард! Жалғыз достық па, күш
біріккен,
Миллиард! Ғажап дән бе еді өсіп-өнген.
Жоқ, миллиардта осының бәрі де бар.
Ойлан, оның мағнасын әріден ал!
Миллиард — азат қазақтың тарихы ол
Көріп тұрған бір кезде көре алмағандар!
Миллиард — шыққан биігі сол халықтың,
Оны жырлап жеткізер толғанып кім?
Миллиард — Қазақстанның өз есімі
Аты да сол абройдың, мол бақыттың!
Елу жылда жан сенбес жылдамдықпен
Бұлай дамып, шырқауды кім бар күткен.
Мақтанамын — бар ерлік, бар ғажайып
Миллиард — деген бір сөзге сиғандықпен.
Жүзге мәлім, болармын мыңға мәлім,
Миллионның көріп пе ем тыңдағанын!?
Бар сандардың әкесі — миллиардты
Жырлағаным — тарихты жырлағаным.
Сол миллиардтың анасы — Қазақстан,
Сен құс елсің — ұшқанда ғажап ұшқан.
Неге бүгін сені айтып мақтанбасқа
Сені көріп тұрғанда көз алыстан?!
Тағатым жоқ жүрекпен сені сүймес,
Сағатым жоқ сенімен бірге жүрмес.
Россия, кең байтақ саған тартқан
Ініңмін мен, тарихтан тиген үлес.
«Неге кеңсің!» — деп енді айтпас ешкім,
Ол сұрақты мен бүгін жақсы-ақ шештім.
Рахмет, туған халықтар, сендерге де
Достас өстім, бауырлас, бастас өстім!
Бәрімізді бақытқа бірдей баптап,
Көп жұлдыздың тірлігін күндей сақтап,
Лениннің арманын іске қосқан
Партия атын сүйеміз жырдай жаттап.
Біз елу жыл жасадық ұлы одақпен,
Айнымастан гербіміз балға орақпен.
Ғасырларға тартамыз қол ұстасып
СССР — деп Ленин қойған атпен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әнші

  • 0
  • 0

Құстай ғана денесі бар,
Гүлдей ғана ерні бар,
Құдіреттен дәмесі бар,
Пайғамбардан көңілі бар.

Толық

Ботақан

  • 0
  • 0

Өркеш құмдар... аралды
Айнала шөккен түйедей.
Қашан, қалай жаралды? –
Жатыр айтпай, үндемей.

Толық

Халық жазушысы

  • 0
  • 0

Туған дала, кішілік ет, бұл тұста,
Жасыңды ұмыт, үлкендікті айтыспа,
Жазық, жомарт жалпақ алақаныңмен
Алшы қолын, ақын келді алпысқа!

Толық

Қарап көріңіз