Ахаң туралы ой – Ғафу Қайырбеков

Бұл бетте «Ахаң туралы ой» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1462
Жаралып асыл Торғай топырағынан
Қазаққа болып кеткен ортақ ұлан.
Ұлдар көп, ең бастығы Байтұрсынұлы –
Ахаң – деп, өз ағам деп ел таныған.

Ол өткен ауыр жолдар, асыл жолдар,
Болашақ асылдардың басын жалғар.
Ілінген мәдениет сарайында –
«А» деген әліппенің басында ол бар.

Әуелден бас болуға жаратылған.
Жарқырап жарық жұлдыз дара туған.
Әр сөзі Пайғамбардың тасбиығы –
Әр тасы дұғаменен таратылған.

Қасқиған қазағыңның кең маңдай –
Далаңның жеткізбейтін жер шалғайы.
Көз тіккен көлеміне көк аспанның –
Түнекті түріп түс кен найзағайы.

Данасы қазақ түгіл ер түріктің,
Тарихы жеті ғасыр, жеті жұрттың.
Миына керуендей түнеп қалған,
Шыңына шыға алмаған ентігіп күн.

Алламен аты қатар Ахаң еді, –
Бүгін де алғысымен атар елі, –
Атыңнан мен де айналдым, қайран атам, –
Әрқашан тастамасын батаң мені.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері