Мәрді дихан
Тіл — тілмаш, ақыл — уәзір, көңіл — сұлтан,
Нәпсі — тақ, кеуде — сарай, жығасы — тән.
Қол — жендет, көз — қарауын, құлақ – тыңшы,
Аяқ — құл, мұрын — дәрігер, шамшырақ — жан.
Еге етіп осылардың барлығына,
Бізге көп ыһсан етті Кәрим Мәннән.
Мал, перзент, бақ, дәреже, өнер, ғылым,
Беріп тұр наз-нығмет неше мың сан.
"Шүкір" деп осыларды өтемекті,
О, дарих, ойласақшы біздер — надан.
Демесе пазылыменен "пендем ғафу",
Орнына жақсылықтың еттік ғысиян.
Пұрсатты қолдан бермей лазым ерге,
Іздену тәуба жолын, ұрмай қазан.
Үмит көп қанша айтқанмен, өмір қысқа,
Баянсыз бір күн өтер пәни жаһан.
Сондықтан бір нішана тастау керек,
Себепші дұға етуге досты, жаран.
Мен ғарып сол ниетпен назым еттім,
Деген бір кәминаны "Мәрді дихан".
Кедей ед кәсібі егін осы кісі,
Жолдас еді машақатпен жазы, қысы.
Жер айдап жүргенінде соқасының
Тоқтады бір нәрсеге тиіп тісі.
Қараса, қымбат баға гауһар екен,
Әркімнің сондай болар оңдалса ісі.
"Сәрмая сатсақ қаржы болады" деп,
Шаттанды үй-ішінің жамиғасы.
Байлардың, қазынасы көп, бұл гауһарды
Ала алмад пұл жеткізіп, еш бірісі.
Жақын жар, бірге туған аға-іні мен:
– Қалай, – деп, кеңес қылды, – жағымдысы?
Деп айтты бір парасы: – Ая, міскін,
Ала алмас пұл жеткізіп мұныңды ешкім.
Бұл тапқан гауһарыңның ауазасы,
Халқына кетсе керек әрбір тұстың.
Ықтимал осы қисса құлағына
Тиіссе, бір патшаның қуаты үстін,
Қолыңнан, қаһар ойлап, тартып алса,
Өкінер ұзағынан артқы паштың.
Яки, "сен қазынадан ұрладың" деп,
Қор қылар көшесіне салып күштің.
Өкініш уақыты өткен соң, орынға аспас,
Ақылың болса, ойла артын істің.
Ұнатсаң, мақұлы бұл мұның ғарып:
Румнің сұлтанына бер апарып.
Жолында шариғаттың сәбит қадам,
Ол бір ер әділетті заты шәріп.
Ол саған артықша көп ынғам қылар,
Шаяткі шапағатымен назар салып.
Қолайлы бұл кеңесті көрді-дағы,
Гауһарын жолға шықты қолына алып.
Алдынан үш жаһанкез кездей болды,
Жан емес бәрі-дағы жүрген танып.
"Жолға түс, жолдас тауып" дейтін ед, – деп,
Мәз болды Мәрді дихан бек шаттанып.
Гауһарын көрді мұның үш жаһанкез,
Зат еді қымбат баға, қызығар көз.
"Осыны ебін тапсақ алайық" деп,
Жасырын бір-бірімен айтысты сөз.
Пәнидің бір сағаттық базарында,
Бенде аз, байқағанға баспаған қоз.
Әмма, бұл гауһар иесі — егіншінің,
Көңілі халис еді қағаздан боз.
Ойында бейшараның еш нәрсе жоқ,
Жол жүрді жолдас болып кеші-күндіз.
Төртеуі түнге дейін жүріп келіп,
Бір жерге келіп жатты бір құла дүз.
Хабарсыз қалды ұйықтап дихан
Мәрді, Деген шын "Сахармен тең сапар дерті".
"Бұл қалай қолымызға түседі?" деп,
Олардың ойында бар еткен шарты.
Гауһарын қойнындағы ұрлап алды,
Ойламай не болар деп істің арты.
Оянса ғарып дихан, гауһары жоқ,
Қайғымен бүтін көңілі болды жарты.
Алғанын осылардың білсе-дағы,
Айла не үшеуіне, келмес қарты.
Сыр бермей сабыр айлап, ой ойлады,
"Сұлтаннан шешілер, – деп, – мұның шарһы".
Деп айтты тура сала: "Жолдастарым,
Кешегі қойнымдағы жоқ гауһарым.
Қалыпты жолда түсіп, келе жатып,
Ақылсыз ақымақ бар ма мендей жарым?
Қайтқанмен, біреу алып кеткен шығар,
Есесін жеткерер де Жаппар Кәрім.
"Бітеді жол жұмысы жүрсе" деген,
Даярлан, таң атыпты, тұрып бәрің.
Күлісіп бір-біріне көзін қысты,
"Аңқауын қарашы, – деп, – бейшараның".
"Еркіміз мұнан былай сенде, – десті,
Шықпайы қайтқаныңнан енді жаным".
Алдады Мәрді дихан осы сөзбен,
Қуларды алатұяқ жаһан кезген.
Емпеңдеп іздерінен ере берді,
Түрі жоқ үшеуінен тіпте сезген.
Болмаса кәшкі мұның кедейлігі,
Кең ойлы кемеңгер еді озар жүзден.
Саяхтар шәді-хұррам қуанады,
"Гауһарын көреді,– деп, – қалай бізден?".
Тай қылып көп мәнзілді бұл төртеуі,
Румге келіп кірді бір мінезбен.
Қисықты тақысы бар түзетуге,
Бара-бар патша алды алтын тезбен.
Деп дихан келе жатыр ойлап бастан,
Сұлтанға қылмақшы боп мұны дастан.
Сазандай суға кірген суырылып,
Сыр бермей сырттай берді үш мәгастан .
Гауһардың жағдайынан айтуға арыз,
Мекеме барып кірді тоқтамастан.
Алдаумен, арбап оның келгендігін,
Ұрылар осы кезде абайласқан.
Бұл қылған қылуасына таңырқасты,
"Қу екен бізден де, – деп, – дардан қашқан".
Ол Мөрді неше науғы әдеппенен,
Жер өбіп былайынша аузын ашқан:
– Ей, шаһым, құтты болсын тәжі-тақтың,
Дауамат арта берсін дәулет, бақытың.
Жаһанға әділетіңді жарып айлап,
Пәрманын паш айладың Жаппар Хақтың.
Әліне ғарыптердін, қамқор болған,
Ауазаң жетті еліне әрбір жақтың.
Шаһарым осы арадан бірталай жер,
Емеспін бұқарасы мен бұл жақтың.
Кедеймін, кәсібім — егін, жерімді айдап
— Жүргенде, жұрт таңырқар гауһар таптым.
Тас екен таптырмайтын, шын асылзат,
Үйіме алып бардым, ошал сағат.
Көңіліме қуанышым сыймай сонша,
Ойладым кеші-күндіз көп қиялат.
Көрмекке дидарыңды құмар едім,
Сұлтан деп естіген соң пәк қиянат.
Кел дедім бәһана айлап, бұл гауһарды,
Қылайын қалипамды бір зиярат.
Ол тапқан маслихатты мақұл көріп,
Бұл тарап жүріп кеттім тұрмай замат.
Жолығып жол үстінде, жолдас болды,
Алдымнан жаһан кезген үш саяхат.
Ұры екен үшеуі де дүние парас,
Қаңғырған жаһан кезіп, қорғаған бас.
Аса бар қолдарында, баста сәлде,
Түрлері секілденген шын қасыл-қас.
Бір түні соларменен жатқанымда,
Қойнымнан жоқ боп шықты ол гауһар тас.
Ақиқат гауһарымды алды үшеуі,
Арзамды тыңда тақсыр, ва-ықылас.
Алдырып алдыңызға тәтпіш етсең,
Менімен келді олар да болып жолдас.
Марқабат бұл турада ойламасаң,
Көңілімнен қайғы кетпес, көзімнен жас.
Диханның дадын дұрыс тыңдады хан,
Ешкімге емес жала жабатын жан.
Мұңлыға жылап келген жәрдем бермек,
Иманның миуасының кәмалынан.
Осындай өлсіздердің қамқоры үшін,
Сарп еткен неше сұлтан мал түгіл, тән.
Иншалла, болар осы қайриятым,
Кіпарат күнаһыма неше мың сан.
Бұлайша хан кеуліне қиял кіріп,
Қылайын, – деді, – шапғат енді бұған.
"Кешікпей жаһанкездерді табындар" деп,
Жіберді жендеттерін ошал заман.
Жендеттер саяхтарды келді алып,
Сұлтанға табыс етті, ішке апарып.
Диханның жоғарыда айтқанындай,
Әлжуаз ыбылжыған өңшең ғарып.
Падыша қайран болып, осылардың
— Пормына қарап тұрды көз аударып.
Ғылымның әр түрінен тағлым алған,
Тілдері кетер тасты судай жарып.
Сырттағы суретіне салғанда көз,
Дертті адам дұға алатын іздеп барып.
Асылында жаһан кезіп жұртты жеуге,
Бәрі қу, күнәға еткен өмір сарып.
"Шығар, – деп хан да ойлады, – бұлар кәззап,
Күнелткен осылайша елді алдап.
Тәртіппен тәптішта етіп тергегенде,
Берді олар "алған жоқпыз" деген жауап.
Диханның дағуасына куәсі жоқ,
Дақ болды "бұл қалай?" деп, бек таңырқап.
Осы үкім ашылғанша, жендеттерге,
"Зынданда жатсын" деді ойлап, қарап.
Үшеуін мірғазаптар айдауменен,
"Шаһының" салды ішіне апарып тап.
Арадан ай мен апта өткеннен соң,
Бұлайша қорықты сұлтан көнді жұмсап.
Мүбәда, жаһанкездер болмаса алған,
Диханның бола қойса сөзі жалған.
Күнінде қияметтің, не деп жауап,
Беремін, забырыма зындан салған.
Жіберсем азат айлап осыларды,
"Өтіңдер, – деп, – азарды бұл қамалған".
Мүбада, Мәрттің сөзі рас болса,
Ақысы болар оның менде қалған.
Етерін қай "тәриха" байқай алмай,
Отырып өз-өзінен қапаланған.
Ұлы жоқ үлкен түгіл, кішкентай да,
Бір қызы бар еді Меһирша атанған.
Есітті бұл хабарды ошал ханша,
Мүшкілді жібермеуші ед шешпей онша.
Алдына атасының қол қусырып,
Толғанып тұғырдағы тап қыранша:
– Ей, ата, бұл үкімді мен ашайын,
Шыдаңыз сабыр айлап, бір заманша.
Қарасын ағыменен айыратын,
Іс етіп өз ойыма ұнағанша.
Хан айтты: – Арызыңды қабыл қылдым,
Сүйікті шырағымсың, шырын жанша.
Тасаттық тәжі-тақтым бәрі саған,
Іркілме, іс ете бер радаңша.
"Құлдық!" деп қуанғаннан қайтты пәкізат,
Тиген соң атасынан бұл мархабат.
Зынданда жатқан жаһан кезанденің,
Барды да бәріне де берді ұрықсат.
Шақырып сарайына, сыйлап жана,
Айлады айтып болмас зор зияпат.
– Ақымақтың ақылы жоқ айтуымен,
Іс етті,– деді атам, – артықша ұят.
Мен білдім, ақтың әмірін мекем тұтқан,
Қылмайтын хас құлдарсыз еш қиянат.
Әрқашан болыңыздар болып қонақ,
Мұнан да құрметтермін артығырақ.
Сендерге мен сақтаушы боп тұрғанда,
Тікелеп қарай алмас, ешкімдер-ақ.
Шапғатың шілтендердің саялаған,
Уәлисід үшеуің де анық шырақ.
Тұрайын дұғаларыңды алып дайым,
Кетпендер жанабымнан жұда жырақ.
Шырайлы кісіден сөз есіткеннің,
Көктейді көкірегіне көк жапырақ.
Меһирша мұндайша сөз айтқаннан соң,
Саяхтар шат болысты артықтым-ақ.
Болды ұмыт ойларынан өткен қайғы,
Алжасып үшеуінен ақыл тайды.
Арбауға Меһиршаның айтқан сөзін,
Пәм етіп барлығы да байқамайды.
"Жатсаңдар жазы, қысы мінекей" деп,
Көрсетіп шаһналық қойды жайды.
Ерте-кеш үйлеріндей келіп, кетіп,
Осылай өткізді олар бірталайды.
Ханшаның құдай берген құзырында,
Бағасыз керегінің бәрі сайды.
Бір күні мәжіліс құрып отырғанда,
Меһирша мұндайынша сөз толғайды.
– Ей, хақтың әмірін тұтқан үш хасил хас,
Достым жоқ осы күні сендерге ұқсас.
Артықша ықыласым ауғаннан соң,
Дайынмын тілесеңдер беруге бас.
Інжу, дүр есебі жоқ алыпсыңдар,
Теңіздің тереңіне ұрып құлаш.
Бабында білгірліктің жеке шыққан,
Әрбірін, асқар таусың анық, рас.
Есітіп бір ікая өткен кезде,
Дақ едім қиын жерін таба алмағаш.
Берсеңдер, бұл мүшкілді баян етіп,
Бостандай болар еді, кеуіл қапас.
– Айт, – деді, – үш жаһанкез мүшкіліңді,
Жабықпа, жаз қылармыз, қыс күніңді!
Көрпесін көңіліңнің күйдіретін,
Сағатта сап қылармыз ұшқыныңды.
Бәйгеңе қай жердегі қос-тағы тұр,
Біздердей өте жүйрік ұшқырынды.
Алмасша "ә" дегеннен алып түсер,
Тас пенен темірге сал үшкірінді.
Шеберлеп шиелгенді шешпек үшін,
Етпейміз, сірә, жолдас ешбіріңді.
Тәпсір ет бұл турада, біз тыңдайық,
Қоймаспыз көңілінде еш кірінді.
Ханша айтты: Дымшықта бір бар еді бай,
Саудагер сомасы көп, түлікке сай.
Асыл зат, алтын, күміс, гауһар, дүрмен,
Лапкі, үй, әмбар, қора, толған сарай.
Отырып ойын-күлкі ортасында,
Жұмсаған көп піркәншік, құл мен малай.
Діләпруз деген қызы бар еді оның,
Қыпша бел, құралай көз, жазық маңдай.
Әусапын айтып ада ету қиын,
Кетпес ед көрген кісі таңырқамай.
Сұлудың сол кездегі нақ өзі боп,
Төндірген нешеулерді әр мухамға-ай.
Бір күні Ділапруз қыз барды баққа,
Гөлайттап ішін кезіп, қарамаққа.
Құрғызып қасындағы қыздарына,
Отырды алтын үстел мініп таққа.
Бір гүлге биіктегі көзі түсті,
Қаранып отырғанда әрбір жаққа.
"Иіскейін осы гүлді алып бер!" деп,
Қыздар мен әмір етті кәнизакқа.
Шыға алмай, шындап жәһат қылғанменен,
Бәрі де қарап тұрды, қалып даққа.
Бұйрығын бұлар бажай етпеген соң,
Толқиды жел тигендей тап шыраққа.
Отырды осы іске болып қайран,
– Табылар мұны алатын адам қайдан?
Мақсатын әпергеннің бітіремін,
Талапкер бар ма, – деді, – бұл маңайдан?
Есітті осыны, өтіп баратқанда,
Бағбан бақты баққан анадайдан.
Айнымай әуелгі айтқан уағдасында,
Тұратын табылар жан рабайдан.
"Банудың бұл айтқанын байқайын" деп,
Басты-аяқ бері қарай тұрған жайдан.
Шешініп үстіндегі киімдерін,
Дараққа шыға берді келіп майдан.
Басына машақатпен ақыр шықты,
Бануды шат қылуға болған дықты.
"Жамал бар, һәм қамал бар, һәм парасат,
Қалайша айтады, – деп өтірікті!"
Бұл гүлдің бір бөлегін үзіп алып,
Алдына келіп қыздың тізе бүкті.
Есекше асылы жоқ, амал таппай,
Үстінен аударуға артқан жүкті.
"Білдір, – деп, – ойындағы арманыңды",
Бағбанға көңілі бітіп, көзін тікті.
Айтуға радасын ыңғайланып,
Қыздан сөз есіткен соң қызғылықты.
Деді: – Ей, дана ұғлы, диянаттар,
Боп жүрген пәруанаң ем, бек ынтызар.
Болуға әлім харап айналып еді,
Аш жартып әсіретіңе, татпай нәһар.
Осы күн бұл тариха баһанамен,
Арман жоқ, жүзің көрдім, шүкір Жаппар.
Мағшұғым, ойымдағы мүддеғам бұл,
Айтқаның рас болса, онда аңғар.
Күйеуің құда ертіп келсе қай күн,
Ат мініп, аспап әнжам атың қамдар.
Ғажайып алтын, күміс, інжу шашып,
Той қылар тамашалы жұрт таңырқар.
Ат шабар, ойыншы ойнар, палуан тұрар,
Кеші-күн халық жиылып, мәжіліс қурар.
Әйел, ер қызық көрер, үлкен-кіші,
Шаңынан күн көрінбес болып мұнар.
Әркім өз шамасынша алып олжа,
Тарқатар тағажуп пен қайғы, құмар.
Әзірге ауазаңа өлшегенде,
Осыңдай болатыны анық шығар.
Қайтысар хан мен қара мекеніне,
Таусылып болғаннан соң тамам бұлар.
Алысқа асылы әйел ұзатылмақ,
Судай саф көңіліне түсіп шұбар.
Указнай түн болған соң келер молда,
Бұл дәурен өтер бастан, тұрмай қолда.
Хұтпа оқыр, ризалық бергеннен соң,
Отырған жамиғаттар оң мен солда.
Өлгенше үлпатыңа екеуіңнің,
Қол жайып жай-жайына қайтар ол да.
Жан ертпей жалғыз өзің келіп жолық,
Бармастан күйеуіңе онан соңыра.
Киінген қымбат баға киіміңмен,
Таң атыр ошал түні бізбен бол да.
Ділапруз: – Бұл айтқаның болады, – деп,
Бағбанға берді уәде осы жолда.
Кешікпей қайтты үйіне аралап бақ,
Гүлді иіскеп көңілінде қалмады дақ.
Қосшы ертіп, құдасымен көп ұзамай,
Күйеуі келді бір күн айтқандай нақ.
Той қылып, алыс жерден ел шақыртып,
Сәудегер сарып айлады бергенін һақ.
Халықты қаздай қатар отырғызды,
Майданға палас төсеп, құрғызып тақ.
Лағыл, дүр, меруерттен шашу шашып,
Әркімнің ынғам етті, әліне шақ.
Қойылып мерекесі қайтты кейін,
Аң алған ақсұңқардай ілдіріп зақ.
Келді указ кеш болған соң шаһналық,
Орындап осындайға қойған халық.
Шартынша шариғаттың құтпа оқыды,
Берген соң бәрі-дағы ризалық.
Жайына жай боп көңілі қайтып кетті,
Ат алып, шапан киіп зор бағалық.
Оңаша қыз бен күйеу әзілдесті,
Кезгендей қапырықсыз көлде балық.
Тағам жеп, қолды жуып, жамғы ділмен,
Деп енді отырғанда, "ал, жаталық",
Айтқаны әнеукүнгі ойға түсіп,
Ұялды "іс болды-ау, – деп, – бейопалық".
Таба алмай жолығудың тарихасын,
Дақ болды, бұл ісіне шайқап басын.
Шаттығын шаталанған шәргез қылды,
Өкініп ұмытқанға уағдасын.
Ва-тамам бастан аяқ бірін қоймай,
Еріне айтты өткен хикаясын.
"Осындай ұятқа кез болып тұрмын,
– Деді: – ей, сүйікті жар, не қыласың?"
Ұялып осылайша өтінген соң,
"Қой" деуге көңілінің радасын.
"Барсаң бар, бұзықтыққа бас бұрма" деп,
Қыздың бұл қабыл қылды ілтімасын.
Қуанып, көз көрмеген киді киім,
Түлкі мен құндыз да емес, жанат, тиін.
Інжу, дүр тамағына тастар тізді,
Бағасын бәрінің де білу қиын.
Мысалы Мәһуадағы һүрдей болды,
Сүмбіл шаш, сұңқар мойын, қақпақ иін.
Бұл халде қыздың көркі көрушінің
– Ес түгіл, кетірер ед бастан миын.
Сылдырап сырға тағып, шұбалаңдап,
Аралап жүре берді жұртты жиын.
Тұп-тура гүлістанға қадам қойды,
Бел байлап бермектікке бағбан сыйын.
Адасты, қиғашырақ кетіп бақтан,
"Жөнім" деп жөйтки берді жүрмес жақтан.
Жем үшін жортып жүрген көкжал бөрі,
Есітіп сылдыр даусын, тұрды ұзақтан.
Мүбәда мұнда қалған мал шығар деп,
Жал тауып жасырынды жапырақтан.
Келген соң қызға қарсы, тұра ұмтылды,
Аш еді әлің үшін көп уақыттан.
Бөтенді бөрі асылы ойламады,
Өлтіріп жеуге рада ойламақтан.
Басынан бейшараның еркі кетіп,
Жылады жанын тілеп Жаппар Хақтан.
Бөріге деді Бәну: "Ей, жануар,
Жөнің бар, сенің менен тамғы қылар.
Келейін көп кешікпей, кідіре түр,
Бағбанға берген бұрын уәдем бар".
Өтініш осылайша айтқан кезде,
Қозғалтты қасқыр кеуілін пәруардігар.
Ойына шамасы жоқ шапқат түсіп,
Қайырылып қайта берді, қылмай зарар.
Қуанып құтылғанға келе жатып,
Ұшырады алдынан бір ұғры аяр.
Бұл сынды баукеспені көргеннен соң,
Жан қалды жасатында тек қимылдар.
Қорықпасқа қайрат қайда, ұзын шашты,
Тілінде жалыну бар, көзде жасы.
Иә өзін, иә киімін алуға түр,
Бос кету емес ұрының радасы.
Қыз — ғамзак, ұры — пәрзак шат болып
Кездесіп кеуліндегі мүддағасы.
Қасқырға қатар қойып қарағанда,
Асылы адамизат бір баласы.
"Жіберер, жалынайын, – деді, – бұған"
Ойлаған осы болып бар шамасы.
Ілтімас ұқсасында ұрыға айтқан,
Мінеки қыз сөзінің тәржімасы.
– Ей, жігіт, асылымыз бір, ата басқа,
Мал да етер мейір, шапқат мысалдасқа.
Өзгеден ізгілігі артық үшін,
Еге етті адамды Алла бұл қапасқа
– Сен түгіл, тұқымы бөтен бір бөріге,
Жолықтым жем таба алмай жүрген ашқа.
Жемекке жүгірген соң жылай бердім,
Қылатын қару-қайрат жоқ, таласқа.
Көрді де ол көз жасымды, кеңшілік қып,
Қойды да қайта берді сахра — дәшқа.
"Ерлігім онан да артық!" дей қоймасаң,
Қайтсең де кездей болдың қиғаш қасқа.
Бар еді уәдем бірақ бағбанмен,
Киінген жолығуға киіміммен.
Келейін бір сағаттың шамасында,
Осында аямасаң, тоқтай тур сен.
Тағдырға тәбділ болмас, тәслім қылдым,
Ісінді ет онан кейін өзің білген.
Ақына әмбе өткен әнбияның,
Айтқаным иншалла болмас бөтен.
Ұғрыға қайтып опа қылмағына,
Көрсетті көп дәлелдер неше түрден.
Дағдарып Ділапруз қыз қарап турды,
Ақырлап әпсанасын осы сөзбен.
Ойлады ұры отырып осылайша:
"Ақымақтық ойламайын мен бұлайша.
Сары май — шырайлы сөз, ой — қорғасын,
Тұрмайтын тәтті тілге толқымайша.
Жат жыныс сонша шапқат еткен екен,
Өлтірмей, аш болса да, кетіп жайша.
Мен қайта бұл ғаріптің қамқорымын,
Қалмайтын қиындықта қорғамайша.
Рауа нендей етсем болар еді,
Уақытында өтінбеген бұл мұндайша.
Мәруат мен де бұған, мен де етейін,
Қорқытып несін бермес, жүрек шайса".
Деп қызды азат етті әлакаттан,
Қорғаса, құтылмас кім әр апаттан.
Ыждағат іздемекке бағбанды енді,
Құтылып қайты-қасірет, машақаттан.
Көп жерін гүлстанның кезіп жүріп,
Мағшұғын зорға тапты бір қабаттан.
Шамасыз шаттық кірді ойына оның,
Болған соң дидар нәсіп пакзаттан.
Көп үзір кешіккенге көрсетті де,
Ақпарат айтты әлгі ғаламаттан.
– Құтылдым сау-саламат, сансыз шүкір,
Деді, ет болса да ойың қай қажаттан.
Бағбан берді жауап жылап, сонда,
– Арттырсын дәулетіңді құдауәнда.
Құл едім, мені атаң сатып алып,
"Тұр,– деді, – күзетші боп гүлістанға".
Сүбі-шам, бәлки дауам тілектеспін,
Баярдың болуына мүлкі аманда.
Қиялым: қызметті халистікпен,
Атқарып абырой алу бұ жаһанда.
Көңілдің көшесіне көз жіберіп,
Бақ — сенсің, бағбан — менмін ойлағанда.
Қиянат қастықпенен етсем саған,
Не болар арасаттай зор майданда.
Сақтасын сұбхан өзі ондай істен,
Етемін қолмен — қызмет, тілек — іштен.
Жан жолдас жаманатты болынбай тұр,
Келмесе һүрдің қызы нақ пейіштен.
Сап-сары сырты алтын болғанменен,
Болып жүр көп нәрсенің асты мыстан.
Сынауға саған бұлай айтып едім,
Рахмет дүр екенсің бір тегістен.
Уәдеңе өткенде айтқан опа еткен соң,
Ар жағың өзгерілмей шықты түстен.
Таппаққа туралықты келе жатып,
Ұры мен құтылыпсың жат жыныстан.
Бар енді, күйеуіңмен бол сапада,
Күн кешір, айыш-ишрат тамашада.
Жапаңа жап-жаңағы жолда көрген,
Бас ұрды: "бақыл бол, – деп, – ей, ақ зада!".
Бағбанға бағасы көп заттар беріп,
Шат болып қайтты Бану бек зияда.
Саламат саһар кезде сарайдағы,
Жолығып жұптыменен болды ол да.
Тәпсилан түсіндіріп тәпсір қылды,
Істерді өткен осы екі арада.
Үйінен ертеңіне шұбатылып,
Бақ қонып болды басы доражада.
Меһирша айтты да бұл хикаятты,
Жылы ұшырап, жаһанкездерге жүз қаратты.
– Осының алжас жерін ашамын, – деп,
Көп әуре етіп көрдім көңіл шатты.
Қайнаған қара тастан қатты болып,
Зейілімді жүдә жетік жабырқатты.
Ғылымның әр түрінен тәлім алып,
Ақылмен оздырдыңдар парасатты.
Сендермен сырлас болып, сұхбат құрып,
Шамасыз көрдім мен де көп ләззатты.
Ерлік пе үшеуінікі, ақымақтық па,
Ашыңдар деді осы мұшқалатты?.
Үлкені айтты сонда жаһанкездің:
– Ойы бұл осы кезде көңіліміздің.
Қасқырдың қарттығынан қалмай күші,
Бар шығар тек айбаты суық жүздің.
Алжасып әуреленіп жүрген шығар,
Соңына тышқан жортқан түсіп іздің.
Жағында жалғыз тісі жоқ болған соң,
Кеткені еш жеріне тимей қыздың.
Әрі аш боп, әрі жас боп, болса арыған,
Не табады тарапына ол кетіп түздің?
Қасқырдың қалайда да қалмайды аты,
Бұл ерлік емес, ісі ақылсыздың.
Ортаншы саят айтты онан соңғы:
– Ақымақ жоқ ол ұрыдай бұрын-соңды.
Қиянат, қылғанының бәрі күнә,
Аямай өзін-өзі ойып қонды.
Кеші-күн көрінгеннің малын ұрлап,
Кешіп жүр лай-батпақ, жарып тоңды.
Нажастан сөл арада сырттағанмен,
Халас,– деп, – халық айта ма қара зонды?
Бір қызды қолға түскен қоя беріп,
Қалды ма асқар биік алып дөңді?
"Етті, – деп, – қасқыр ерлік" есіркеген,
Демеймін — ақылы бар оны да онды.
Кішісі айтты: – Есі жоқ бағбанның,
Болса есі өйтер ме еді, ол наданның.
Парасат көңілінде пәһам болса,
Тұрар ма еді күзетінде гүлістанның?
"Туралық баярыма етемін" деп,
Қарашы, қылған ісін ол жаманның.
Һүр сипат саһыпжамал сұлуменен,
Арманы бар ма сұһбат айлағанның?
Ол баста ол тарихта уәде етіп,
Еңбегін еш етті-ау ол Бәнужанның!
Қайратсыз күйеуі де көрім екен,
Асылында адамы азған сол заманның.
Меһирша сөздерінен білді сырын,
Бәрі ұры, жүрген текке түзеп түрін.
Артықша айбаттанып, ашу етіп,
Суытып сол сағатта беттің нұрын.
Деді: – Ей, шариғатқа шар салғандар,
Табындар тез заматта дихан дүрін!
Ойлатып осы айтылған әпсананы,
Аңдадым істеріңді еткен ұрын.
"Көңілінен кім сөйлесе хабар берер",
Деп дана ақылды ерлер айтқан бұрын.
Жалдатқа бұған ықырар болмасаңдар,
Әшепкі еттірермін, кесіп мұрын.
Тітіреп жаһанкездер жапырақтай,
Қорыққаннан қақ жарылды жүрек тоқтай.
Көріксіз кеуіңдері болып қалды,
Миуасын қазан ұрып кеткен бақтай.
Гауһарді Меһиршаға бере берді,
"Бір қате болынды" деп лаж таппай.
Әнекей данышпан боп ақылменен,
Айырған ақ-қарасын атпай-шаппай!
Андатты атасына істің асылын,
Қоймастан қайсыбірін айтып, жаппай.
"Бердің, – деп, – мұндай перзент" бір
Құдаға, Тақтынан сәжде қылды құлап "ләппай".
Жидырды ертең сұлтан көп елатын,
Атқарған бектер келді үкіматын.
Саясат майданында саяхтарды,
Тарттырды дарға біліп қиянатын.
Неше есе гауһарындай ынғам беріп,
Диханның бек ұнатты зияратын.
Патшаның еткен осы ықсанымен,
Бай болып, тапты дүние сағадатын.
Райыс, қазы, мүшы, уәзір, ғалым,
Тамам халық таңданды қыз парасатын.
Дауасыз сол ерлер де дертке ұшырап,
Кейінге кетті тастап тауарих тастап атын.
Мақсатым — насыр сөз еді, назым етіп,
Сөйледім "Мәрдідихан" маслихатын.
Қайрылып қанша уақыт қарағанмен,
Біреудің біреу білмес көзбен затын.
"Ердің өзіне қарама, сөзіне қара",
Өткеннің ойла осы нақылиятын.
Уәләкін, ой — тап-тайыз, тәкәппар — аз,
Ақмақтық тартып жүрміз машақатын.
Солардан соңғы нұсқа қалдырмаққа,
Бұл сөзге бір себеп сол тасталатын.
Ерлердің өзі өлгенмен сөзі өлмейді,
Тыңдарлық болса әсерлі, сөз қалатын
Кемісін кемеңгерлер кешіріңдер,
Сөз парқын өлшестіріп аңғаратын.
"Көкелташ" тәлібілімі Тұрмағамбет,
Доғарды "Мәрді дихан" хикаятын.
Бұхар, 1900.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі