Төңкерілген ғаламның төрткіл ені – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Төңкерілген ғаламның төрткіл ені» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 743
Төңкерілген ғаламның төрткіл ені,
Әйнегімді ызылдап шертті лебі.
Қап-қара аспан сыздап тұр жауын төкпей,
Қап-қара аспан... дәл мендей дертті ме еді?..
Қарсы аламын мұңайып кешті кілең,
Жан азабы ұлғайып өсті, білем.
Жарық ғалам кеудеме сіңіп жатыр
Жалын атып күрсінген кескінімен.
Жаным, саған мұндайда не айта аламын,
Күн жылжыды, ай өтті, байқамадым.
Әлденені есіме түсіре алмай,
Әлденені келеді қайталағым.
Жаным, саған айтар ем әлденені,
Үлгермеймін, тамылжып таң келеді.
Құшағынан сусыдым қара түннің,
Құшағымда қара түн қал демеді.
Ызғар көрсем, деміммен еріттім мен,
Ызғар қандай боларын көріп – білгем.
Жүрегімнің көз жасы секілденіп,
Мың сан жұлдыз шығады өріп түннен.
Жұлдыздармен секілді мұңым бірге,
Мұңды өмірім, өзіңнен түңілдірме.
Жетімсіреп желіде қалып кеткен
Жете алмадым оралып құлын күнге.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері