Көктем қайда жап-жасыл баққа оранған – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Көктем қайда жап-жасыл баққа оранған» атты Шәмшия Жұбатова жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 829
Көктем қайда жап-жасыл баққа оранған,
Жаз қайда жүр жүрегі аппақ арман?
Қоңыр күзін төзіммен күтіп жатыр
Қоңырауын соғатын шақтар алдан.
Ән қайда екен көмейден асқақтаған,
Шығатұғын жан бар ма тас қақпадан?
Саусақтар мен саусақтар ажырасып,
Көлеңкелер күнгейден қашқақтаған.
Қоңыр күздің жақындап салқын демі,
Кеудемізге сіңеді алтын лебі.
Жасыл жаздың толқыны ес жия алмай,
Жарқырайды жанарда жалқын көлі.
Алтын күзім жаңбырын ала келді,
Арман құсы шарлады ана белді.
Сарыарқадан соғатын самал болып
Сағынышым шарқ ұрып қалады енді.
Құстар, құстар көш құрап тізбектелген,
Жер бетінен бір бақыт іздеп келген.
Әуендерден ән құрап үзік-үзік,
Көмейіне мезгілдің күз кептелген.
Сағыныштың сазымен ән ұласып,
Жапыраққа қараймын жаным ашып.
Қысқалығын жалғанның айту үшін,
Сары белден барады сағым асып.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері