Мен өмірді сүйемін, сені сүйем – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Мен өмірді сүйемін, сені сүйем» атты Шәмшия Жұбатова жазған махаббат туралы өлең берілген.

  • 05.01.2022
  • 0
  • 0
  • 4300
Мен өмірді сүйемін, сені сүйем,
(Сүйе білген адамның өрісі кең),
Мағыналы мына өмір жеңісімен.
Дидарынан көктемнің көз алмаймын
Аппақ бауыр қарлығаш келісімен.
Көктем демі дегенім – сенің демің,
Жұпар жаңбыр жауғаны – төгілгенім.
Жүрегімнің жаңбыры құйылғанда,
Елітумен жатады елім менің.
Мен дауысыма аламын бұлақ қосып,
Жатқан кезде дүние құлақ тосып.
Шөлейттерге себемін шөлдеп жатқан
Алақанмен мұхитты бір-ақ көсіп.
Даңғазалы тірлігім ұрып аспап,
Бірі тастап барады, бірі бастап.
Сен ешкімді көрмейсің мен тұрғанда,
Өмірі асқақ, мұңы асқақ, ғұмыры асқақ.
Ауыстырып алғанда жыл дерегін,
Күлімдеумен келеді іргеме күн.
Қамығуды білмеген қайран уақыт,
Қадірімді сен менің біл дер едім.
Ақ шағала жазады ақ қанатын,
Қалғып тұрған келеді қақпама түн.
Жапалақтап ақша қар, жел ұйтқыды,
Мен ұмытып қалғанда Ақпан атын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері