Шәмілге жазған хаттардан
- Bain
- 25.04.2015
- 1
- 11
- 107984
1
Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді...
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең қайта қарып жүрсе мені?
Бір дертке ұшырадым, бұл күнде мен
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен.
Жүрегім жерік болған жағдайы бар
Бір пәле жатыр білем бүлкілдеген.
Ынтығып ыңқылменен, күңкілменен
Жеткізіп айту қиын құр тілменен,
Бүгін маған жиырма керек боп жүр,
Алдында хор қызының іркілмеген.
Белгілі саған менің маубастығым,
Сабырсыз аузы күйген албастымын.
Кесемді алдыменен үрлеп алам,
Ыссы шайды аузыма алмас бұрын.
Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, «доңызбен» де мұңдасыппын
...Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен,
Шын ғашықпын!!!
Ғашықпын!
Ғашықпын деп білдірмедім,
Белгілі: білдіргенім - бүлдіргенім.
Жарқ етіп, жайдың оты шашылғанда,
Жалт етіп, қарауға да үлгірмедім...
2
«Достардың» ортасына түсіп қалдым...
Шәміл-ау!
Осы мені ұшықтар кім?
Желдеріне желігіп пысықтардың,
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым.
Бардым-дағы отырдым қарсы қарап,
Ол да отыр.
Түрі жоқ хал сұрамақ.
Сұқтанған жат көздерден жасқандым да,
Тайып тұрдым.
Қашанғы әл шыдамақ.
Тіл қатып, тіс жармадым, үндемедім
Білмеймін білгенін де, білмегенін.
...Мен деген - саудам біткен саудагермін,
Керегім бола қойсын кімге менің?!
О, шіркін!
Қайран күндер.
Сайран күндер!
Қанатын бақыт құсы жайған күндер.
Жалт бұрылып, оқыс бір қарағанда,
Жүзіңнен жүрексініп, тайған кімдер.
Сол күндер ғой - жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па?
Өз-өзінен жүрегім ән салады.
Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау!
Шәмші кайда?
Шәмші қайда?
Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмей туғын ән қалдырсын!
3
Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады...
Жанымды жаралады.
Шәміл-ау!
Білесің бе?
Шын махаббат -
Осылай қарамаудан жаралады!
Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын, кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме,
Тағдырым көлеңкесін түсірмесін.
Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте көрсін
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым,
Сірә да, өміріммен өтелерсің...
4
Шәміл-ау!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?
Махаббат сәулесіне ұрындым мен,
Махаббат өмірімді ойран етті.
Қазір түн.
Көктем түні маужырап тұр.
Отырмын жазбай, сызбай қалжырап құр.
Алдында тереземнің - кәрі қайың,
Көктей алмай бұтағы саудырап тұр.
Ақ нөсер аңырап кеп дүркін-дүркін ашылар,
Кәрі қайың көктер бір күн.
Махаббат мені, сірә, дауалар ма,
Бет алып бұрылмасқа кеткен, шіркін.
Көшелердің көзінен қан атылып
Қала жатыр,
Қазір түн.
Дала тұнық.
Махаббатты күзетіп, кіршік ілмей,
Бүгін және отырмын таң атырып.
5
Шәміл!
Айналдым жазылмасқа.
Күйрейтұғын түрім бар, жазым бассам.
Қазір менен сауық пен сайран қалған,
Жайына жыр да қалған жазылмастан.
Ойға өрес таппаған, тілге - дерек,
Ойнақы жырым менің кімге керек?
Тулайды тұтқындалған ақтиіндей,
Шығыршықты айналып шыр көбелек.
Жоқ, Шәміл,
Менің ойым бөлек еді,
Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді...
Құл болғам Махаббатқа, менде ерік жоқ,
Еріксіз өмір маған не береді?!
Махаббат түсінбеді, аулақтады,
Арманым кетті мені алдап тағы.
Сая іздеп құр бекерге сабылыппын,
Табыныпнын сағымға ар жақтағы.
...Қазір түн.
Сыртта нөсер.
Сәуір айы.
Көктеген әлдеқашан кәрі қайың.
Сәлден кейін тағы да таң атады,
Тағы да...
Сары уайым...
Сары уайым...
6
Шәміл,
Шәміл!
Шаршадым, қалжырадым.
Ет жүрегім езілді, қан жылады.
Жырым менің - науқастың сандырағы,
Құным менің - тазының қарғыбауы.
Темір емес, мен-дағы адаммын ғой,
Аңнан емес, адамнан жаралдым ғой!
Шәміл-ау
Тұңғиыққа қамалдым ғой!
Қайтермін?!
Қайда барып жазармын бой?!
Тағы түн.
Тағы менен ұйқы қашты.
Қайтемін қаңыраған күйкі басты?
...Алдымда мынау фәни-тыржалаңаш,
Шығарып тілін маған, сиқын ашты.
Махаббат менен кеткен,
Бөлекте жүр.
Мен де бір - жасын түскен терек те бір.
Тіршілік махаббаттан таралған ғой,
Шәміл-ау!
Енді маған керек пе өмір?!
Настя Асалина
Маған өлеңдер қатты ұнады. Рахмет сіздерге!!!!!
Думан
Мұқағали өлеңдерін оқығанда жаныма медеу табамын
Думан
Рахмет сіздерге
Ернар
Неге қателікке бой алдырасыңдар, ой жетімде, әл, бақыг, қарағайда, т.б, мен разы емеспін, менің ризашылығымнан шығыңыздар
Модератор
Сын-пікірлеріңізге рахмет! Қателерді жөндеп қойдық.
Айбек
Осы өлеңін видеосындағы фонындағы күйдің аты қалай?
Турсынали
Керемет!!!
дильназ
керемет ғажап жанға дауа
Дастан
Бұл өлең Мұқаңның қай кітабынан
Оля
Мұқағали Мақатаевтың Шәмілге жазған хаттардан өлеңі ұнады
Арайлым
жанға дауа