Өткен күндер көп шытынып қабағым – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Өткен күндер көп шытынып қабағым» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1925
Өткен күндер көп шытынып қабағым,
Маңдайыма түсті содан көп әжім...
Күнмен бірге көзімді ашам көру үшін
аспанның да қабағын
Түн түнегін көрмеу үшін кірпігімді жабамын.
Шадыман күн керек бізге мәңгілік!

Көк бұтақта ақ көгершін бола ғап
Отыр біздің үміттер мен қанағат.
Әрбір сәби жанарында күлкісі тұр заманның,
Замана тұр сол сәбидің жанарына паналап.
Бейбітшілік керек бізге мәңгілік!

Ой күлінен тазарып ед көп кеуде, –
біз дайынбыз әр ұшқынды ертең жанар от деуге.
Ерікті ғой жас тіршілік бұдан әрі өсуге,
ерікті ғой жасыл бұта бұдан әрі көктеуге:
Бейбітшілік керек бізге мәңгілік!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері