Өлең, жыр, ақындар

Орақ Смағұловқа

  • 06.06.2019
  • 0
  • 0
  • 904
Е, Ореке, Ореке!
Алпыс деген асу бар,
Жетуге әркім ұмтылар,
Жақсылар оған келгенде,
Жүректі жарып жыр туар.
Студенттік шақта біз,
Сыйласып жай жүруші ек,
Думандатып достармен,
Шаттанушы ек, күлуші ек.
Айрылмастай жастықтан,
Қарамай суға, отқа да,
Қарын аш, костюм жоқта да,
Сайранды мықтап салушы ек,
Қырындап қызға барушы ек.
Қызық-ай, дәурен, қызық-ай,
Зу етіп өтіп кетіпсің,
Сол шақты еске түсірген,
Сыпайы, сырлы, Орекем,
Алпысқа міне жетіпсің!
Қаламгер деген атқа Сіз,
Ешқашан кір жуытпай,
Жаратып мініп жүрдіңіз,
«Журналист» деген пырақтың,
Босатып белін суытпай.
Ойды-қырды аралап,
Көргеннің бәрін саралап,
Жақсыларын даралап,
Жамандарын сабалап,
«СҚ»-ға тілші болдыңыз.
Факті іздеп өмірден,
Астықты шалқар өңірден,
Күні-түн тыным болмады,
Барған жақты аузына,
Қаратып әмсе, Орекең,
Дөп түсіріп үстінен,
Проблемаларды қозғады.
Өнімді жазған адамды,
Өмірді жазған адамды,
Көрмей көздер тұра ма,
Суарған тыңда қаламды,
Қашан да іске жарамды,
Кісіні мүлт жібермей,
Алматы алды өзіне.
Қылшылдаған жігіт еді,
Орекең біздің сол кезде
От ойнаған кезінде.
Қызық-ай, дәурен, қызық-ай,
Ол күн де өтті білінбей,
Тұғыры мықты Орекең,
Тарта берді сүрінбей!
Кезекші түнде болғанда,
Таңды таңға атқызды.
Тынығыңдар сендер деп,
Баспахана қыздарын,
Үлкендік қамқор жүрекпен
Демалтып тыныш жатқызды.
Қиын номер келгенде,
Орекеңді әдейі,
Редакторлар іздеді.
Қаяу салмай ешкімнің,
Көңіліне, жанына.
Сыпайылықты ту қылып,
Жұрттың бәрін Сіз деді.
Редколлегия мүшесі,
Парторг және өзі боп,
Коллективтен, көзі боп,
Кезеңдері келгенде,
Айтатұғын сөзі боп,
Және бір қырдан көрінді.
Қайбір өрге салса да,
Еңбегі болды өнімді.
Қызық-ай, дәурен, қызық-ай,
Ол шақ та зырлап өттің-ау,
Сондай болған Орекең,
Алпысқа да жеттің-ау.
Самайға ақ қар түскенде,
Қабілет әбден піскенде,
Аңдып жүрген қашаннан
Журнал алды өзіне.
Байқады қыздар, байқады,
Егде жаста десе де,
Журналистік ауыр жүк,
Қинаса да нешеме,
От ойнайды жалындап,
Орекеңнің көзіңде.
Күндер ай, шіркін, күндер-ай,
Бірін-бірі қуалап,
Журналда жүрген кездердің
Он екі жылы өтіпті-ау.
Тап осы бір кезеңде,
Алпыс деген шайтаның,
Ұрланып келіп жетіпті-ау.
Қызық-ай, дәурен, қызық-ай,
Қалай-қалай зырлайсың.
Ойнақтатып жас қылып,
Буына оның мас қылып,
Егделікті әкеп сонан соң,
Самайға ақ кіргізіп,
Беттен әжім жүргізіп,
Көрген түстей бір күні,
Қолыңды сөйтіп бұлғайсың.
Жоқ, Ореке, қамықпа,
Өміріңіз шатты өтті,
Сәнді болып бапты етті.
Дос-жаранға кенелтіп,
Сый құрметке бөлентіп,
Пенсиялық жас кепті.
Шүкір деу керек бұған да
Жігіттер де, қыздар да,
Сізді қатты сыйлайды,
Кетпек болған өзіңіз,
Оған жетті көзіміз,
Әйтпесе көңіл қимайды.
Мұнда да бар парасат,
Әріден бәрін болжаған.
Кетер кезде кете алмай,
Одан соң оған жете алмай,
Көз түрткі болсаң — сол жаман.
Өзіміздің Орекең
Деп жүрмесек — бізге серт,
Қимасым, ұям, ордам деп,
Кеп жүрмесең — Сізге серт!
Ақ батамыз беретін,
Қайратты әмсе болыңыз,
Қарттықтың да қадірлі,
Тұғырына қоныңыз.
Зиялы өмір серік боп,
Қашанда болсын жолыңыз.
Немерені бағыңыз,
Неменені бағыңыз,
Бізге әмсе қуаныш,
Коллективке келді деп,
Жастар жүрсе жар салып,
Орекең деген шалымыз.
Қызық-ай, дәурен, қызық-ай,
Осының бәрін ойласаң.
Абзал да адал жандарды,
Көтере көкке тойласаң.
Сөз бермей басқа жандарға,
Кете берер түрім бар.
Кіріспе деген бөлімді,
Осымен енді қоймасам.

1989 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

«Лениншіл жастың» келіндеріне

  • 0
  • 0

Кешігіп қалса тыржима,
Күліп жүр үйде ылғи да.
Газетіндей жігітің жалын боп жүрсін,
Жұрт іздеп оқыр дарын боп жүрсін.

Толық

Өлеңдер топтамасы

  • 0
  • 0

Арғымағын жамандап,
Тұлпарды қайдан табарсың.
Тұйғыныңды жамандап,
Сұңқарды қайдан табарсың.

Толық

Жұмакүлге

  • 0
  • 0

Жұмакүл көкем горчица салдың төсіме,
Қыздырар қазір деп жаттым мен де көсіле.
Қыздыра қоймай сені де, мені ұялтты-ау,
Аптеканың ала алмай жүрген өші ме.

Толық

Қарап көріңіз