Өлең, жыр, ақындар

Ананың зары

  • 11.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3802
Дегенде той бастаңдар, той бастаңдар,
Сергіңдер, қайғы жаншып, ой басқандар
Кешегі «Төр менікі» дейтін шалдар,
Сол төрге бүгін, сендер, жайғасыңдар.
Сенсеңдер ес қалған жоқ менде тегі,
Көңілімді бір қуаныш селдетеді.
Шалдар-ау, кемпірлер-ау, тымыраймай,
Бүгін бір желпінсеңдер, нең кетеді?
Топқа сап неғылайын болмасты мен,
Жасымда жарқылдаған алмас тіл ем.
Бір тойлық содан сарқыт қалған шығар,
Ән-жырсыз тойдың орны толмас білем.
Ac қамын келіндерге жүктелік те,
Жел сөздің жер танабын түптелік те.
Ағайын, ұмытпаңдар, Осы тойды,
Төрт жылдай телмірумен күтпедік пе?
Төрт жылда бейбақ көзбен не көрмедік!
Елеңдеп келместі де келер дедік.
Ал олар төбешік боп жатқан болар,
Ық жағы күрек бойы кемерленіп.
Төрт жылда бұл ауылда не болмады?
Бір тірлік тірі тұрып жоғалды, әне.
Қисайған соны жоқтап бір босаға,
Біз қанша сүйегенмен оңалмады.
Көз тозды көруменен жесір өңін,
Ойымнан оны қалай өшіремін?
Қуаныш ерітті ме, қайғы мұзын,
Бұл тойда шерімді айтсам, кешір, елім!
Ар санап ақ үміттен түңілгенді,
Төрт жылдай менің еңсем бүгілмеді.
Мен сонда жұбатқанмын бәріңді де,
Сол бәрің, жұбатындар, бүгін мені!
Біреудің көтерем деп бәсенесін,
Жасырсам жанардағы жас елесін,
«Осы апам тастан мықты!» деуші едіңдер,
Көріңдер сол апаңның тас емесін.
Босамай бүгін қалай тұрам қатып,
Күңіреніп отырушы ек «құрандатып»,
Тоқтатып сол құранды азаматың,
Адалын құшса келіп, бұраңдатып.
Көктем кеп көсілгенде қырқа, құмдар,
Жесірлер, зарлап жүріп, шырқадыңдар.
Несіне жасырайын, ей, ағайын,
Білмейтін шын әкесін ұрпағың бар.
Не кінә жесір қалған қатындарға,
Мұны айтсам, жыламауға хақым бар ма?
Әйелдің жаны түгіл,
Күте-күте,
Күйе жеп, шіріп кетті тоқымдар да.
Біз кеше аңыраған ауыл едік,
Ерқашты торшолақтай жауыр едік.
Ал бүгін бар босаға сілкініп тұр,
Жары еніп, баласы еніп, бауыры еніп.
Барында жасымаспын бойда демім:..
Мен бұрын дәл осылай ойлап едім.
Қуаныш жасытып тұр, жұртым, мені,
Айтыңдар, Дәнекерім, қайда менің?
Тұрады жылы ұшырап талай бөтен,
Ондайда жанар жасып қарайды екен.
Осылай жүргенімде дәм таусылса,
Балама бір кезікпей қалай кетем?
Әйелдің ана болған бірі едім мен,
Бесікке білегімді тіредім мен,
Анаға бала жүрек емес пе еді,
Мен қалай күдер үзем жүрегімнен.
Осы күн жан азабын көп тартамын,
Сарқылып бар қуаты кетті арқаның.
Аз ғана өрлігім мен сабырымды,
Жалғыздық жеп қоя ма деп қорқамын.
Қу соғыс!
Сен тірлікті аядың ба?
Бар көзді қанды жаспен боядың да,
«Жеңіспен ораламыз» дегендерді,
Жат жерге көміп тындың аяғында.
Жетім көп батыс жаққа жаутаңдаған,
Қарттар да солай қарап қауқаңдаған.
Жесірлер түніменен жұмарлайды,
Ерінің бас киімін жау қандаған.
Өрт тиіп өркен жайған ну бағына,
Бір отау қала берді шулады да.
Талайлар кетті өмірден жиіркеніп,
Өкініп адам болып туғанына.
Ауылға қайтып жатыр шулап құсым,
Мен-дағы елеңдеймін қунап күшім.
Жыл-құсым, орала ма,
Әлде тағдыр,
Мені де түршіктіріп қумақпысың?
Өтінем, мен сорлыны өйте көрме,
Ажал кеп құлағыма күй төгерде.
Қасымда Дәнекерім отырмаса,
Мен қалай сыйып жатам шүйке жерге?
Бұл сөзді ашынбасам айтар ма едім,
Шерімді жұрт алдында шайқар ма едім.
Ей, тәңір, өзім-өз боп тілеп тұрмын,
Ұлымды аман-есен қайтар менің!
Жарқ етіп шықсын да бір күнім жаңа,
Естиін «Апа!» деген үнін ғана.
Содан соң жүрегімді жұлып алып,
Ризамын,
Итке таста, жырымды да.
Ризамын, толған шақта көз бір шелге,
Тірлігін бір көрсетіп сездірсең де.
Содан соң жанарымды ойып алып,
Өзің біл, бір табанға ездірсең де.
Кәрілік, қолдарымды қалтыратпа,
Ұлымды бір құшайын, сәл тұрақта!
Содан соң құшағымды тапсыра бер,
Сұп-суық қара қоңыр топыраққа.
Білемін жұртым, мені қимасыңды-ақ,
Тұрсындар бүгін, міне, тойда сыйлап.
Сөйтсе де құрмет маған ұл бола ма,
Ол жоқта жалғыз басым қайда сыймақ?
Сан қиял қамап алып түнде мені,
Дел-сал ғып жаншыры бар мұң денені.
Сондай түн тұрмай қалсам төсегімнен,
Жұртым-ау, мен бейбақты кім көмеді?
Менің де мұңым бар ғой талайға тән,
Мұңдансам, үмітімді арайлатам.
Сөйткенмен,
Жалғызым кеп жерлемесе,
Қараң қалғыр қу жерде қалай жатам?!
Ағайын, той үстінде өксіттім бе?
Ойлама зарлайды деп, өстіп күнде.
Мен бүйтіп зарлау түгіл, той үстінде,
Кеуденің күрсінгенін естіппін бе?
Жалғызым үнсіз кетіп бара жатыр,
Мен жүрмін телмірумен далаға құр.
Туып ап, өсіріп ап, жоқтар болса,
Несіне жаралды екен ана пақыр!
Кеткені аман келіп, жайғасқандар,
«Күліштің бұл несі?» деп ой қоспаңдар.
Мен-дағы қуаныштан сырт емеспін,
Жігіттер, той бастаңдар, той бастаңдар!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тост

  • 0
  • 0

Әр үйдің жарқыраған шамы,
Сағына күтер жары.
Ақ тұтқан ары.
Мол-қазына бары,

Толық

Дарханға

  • 0
  • 0

Дархан деген осы бір бала ма екен,
Туысынан жаралған дара ма екен.
Бүлініп мынау дүние тұрған шақта,
Бүтіндеп жөнге салар дана ма екен.

Толық

Рахаңа

  • 0
  • 0

Сезім шіркін бой бермеді-ау жисам да,
Көз жасымды тәубә ғылып тыйсам да.
Рахаңның пәк бейнесін аңсайды,
Пәк сезімді матаймын ба, ұрсам ба!

Толық

Қарап көріңіз