Өлең, жыр, ақындар

Ән

  • 16.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1165
Кеудемдi шымырлаттың, шымырлаттың,
Пейiштiң жанарыма нұрын жақтың.
Естайдың есiн алып Ғұсни-Қорлан
Iшiнде жүргендейiн ғұмыр-бақтың.
Сəуiрдей себездеткен сан сəуленi
Көңiлiм сол бiр əндi аңсаулы едi.
Тұмар қыз түнi бойы жылап шығып,
Құмар қыз құшағына алса-ау менi…
Бұлбұл құс əуеге ұшып таңдайдағы,
Жадырап сала бердi-ау жан жайлауы!
Құтқарып қу тiрлiктiң құрсауынан
Əлемдi əн жайлады, əн жайлады!
Жөргегiн жөн көрмеген бала сынды
Шыға алмай Ай да бұлттан аласұрды.
Дүрия көйлек киген Перiштенiң
Əнi мен сəнi қандай жарасымды?!
Сырлы саз дүр сiлкiнтiп дүйiм бақты,
Сабырын саумал көл де жиi ұрлатты.
Толқынның тобарсыған ерiндерi
Жағаны жалап-жұқтап сүйiп жатты.
Əлемге əн қанаты жайылғалы
Аспан да көзiн жерден айырмады.
Етегiн көйлегiнiң желбiретiп
Көкшенiң билеп кеттi қайыңдары!
Маралдың сорпасындай май татымды
Каспий де толқып барып қайта тұнды.
Құшағы көкжиектiң кеңiп салып,
Ұшары Тəңiртақтың шайқатылды.
Дүние, түн келдi де, Күндi ұрлатты.
Көкте анау мың-сан жұлдыз сыңғыр қақты.
Қақ жарып қара тасты шыға келiп
Бұлақ та өздi-өздiнен ырғып жатты!
Түн сұлу сүмбiл шашын жайса-дағы,
Жанарын ашып-жұмды Ай шамалы.
Сырласып, ерке əуенмен сыбырласып,
Самал да кезiп кеттi сай-саланы.
Сүйрелеп Елес бiткен құр сүлдерiн,
«Кеңсайдың» кiм сездi екен күрсiнгенiн?..
Жау жайғап, тау қопарған алпауыттай
Жүрегiм, неге сонша дүрсiлдедiң?
Назарын аудара алмай əн көшiнен,
Тау екеш тау да бiр сəт танды есiнен!
Жанарын жаспен жуып жарым түнде
Бойжеткен атып шықты бөлмесiнен!..
Қарғам-ай, қандай ғажап салған əнiң?!
Тотыдай торға түскен арбаламын.
Əуелеп əуенiңмен ұшып кетпей
Жер басып жүргенiңе таң қаламын.
…Қарғам-ай, қандай ғажап салған əнiң?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дүние жалған

  • 0
  • 0

Жо-жо-жоқ!
Болмайды екен ерте өлуге!
Онсыз да кескелдектей келте өмірде.
Сүйіп қал сұлуларды сүлейіңде!

Толық

Əшірбек Сығайға

  • 0
  • 0

Қазымыр қарашада қабарса күн,
Қырмызын қырау шалар балаусаның...
Отызға жетпей жатып орда бұзды
Қолынан тастамастан қаламсабын.

Толық

Серт

  • 0
  • 0

Тостағаны уға тола ғасырда
Менiмен бiрге бола аласың ба?
Бұл дүниеден булықса даусым,
Ол дүниеден ораласың ба?

Толық

Қарап көріңіз