Өлең, жыр, ақындар

Ана үміті

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1809
(Аяулы ақ әжем Рашқа арнаймын).

Қатты болды – ау сол қыс та,
Қариды беттен ызғары
Алты ұлы кетіп соғысқа
Анаға медеу қыздары.
Есікті боран соққылап,
Қарымен бітеп тастапты
Күрейтін шалы жоқ бірақ,
Ерте өлді,тағдыр қоспапты.
Хат тасушы баладан
Қуаныш хабар жетпеді,
Алты ұлы кеткен анадан
Уайыммен күдік кетпеді.
Мәз болмайтын тұрмыс та
Ауыртпалық жетеді,
Ерте тұрып жұмысқа
Белін буып кетеді.
Таңсәріде кеткеннен
Оралар үйге кешқұрым,
Қалжырап, шаршап жеткенмен,
Алмайтын әсте еш тыным.
Бойына бітіп күш кенет,
Ұлдарына қолғап тоқитын.
Көйлекті қалған иіскелеп,
Хаттарын жиі оқитын.
Жанардан жасы домалап,
Зұлым жауды қарғайтын.
Қыздары оны паналап,
Қас – қабағын барлайтын.
Отанға төнген сұм қатер
Сейілсе екен тезірек,
Дайын тұр,алты ұлға төр,
Аман – сау жетсе кезі кеп.
Гуілдеп сыртта жел суық,
Ұрады үйдің әйнегін.
Көз іілмес ана, ой қуып
Дегендей – келер, әлде кім.
Бір ұлы Мәскеу шегінде,
Хат алған күзде қуанып.
Бір ұлы Рязань шебінде
Хабарсыз кетті бұл нағып?
Ортаншы ұлдан – Киевтан,
Келер – ау бір хат енді осы.
Омырауын иіскеп иіткен
Қайда жүр екен кенжесі?
Мұржалардан көкке өрлеп,
Түтіндер бұлт боп барады.
Құшағын ашып кекпеңбек,
Кең аспан қарсы алады.
Ауылдың шығып шетіне
Соқпақ жол жаққа телміріп,
Сағынышытың өртіне,
Ана отыр жанын жеңдіріп.
Соғыс та бітті,бірақ та,
Келмеді күткен ұлдары.
Жарақаттанып,жырақта,
Жолы болмай жүр ме әлі?
Шуақты қоңыр кұз келді.
Тырналар ұшты тыраулап.
Аулада жалғыз тұр еді,
Ұлдарға іштей сұрау сап
«Сүйінші, әже, сүйінші!»
«Қайдасың,жаным көрінші»
Құлаққа бір үн шалынды,
Қуаныштан жаны елжіреп,
Жанары жасқа малынды
«Жоқ, жоқ, ана бекініп,
Жақсыға жорып иілші
Аумаған сізден ақмаңдай
Ұл туды,қызың,сүйінші!»
Қызының жетіп үйіне
Көйлегіне орап сәбиді
-Қызым – ау, деді сүйіне
Аламын өзім әлдиді.
Аламын,-деді емізбей
Омырауына жапсырып
Көңілі асау теңіздей,
Жанында жарқын жақсы үміт.
Айта алмай сырын әлде бір,
Қызы да ауыр күрсінді.
-Алыңыз, ана ал – деді
Жары да оны түсінді.
Алаулап отқа айналған
Алты солдат үйінде,
Ақ көрпеге оралған
Сәбиі жатты бүгінде
Алпысқа келген ананың,
Омырау тұсын иітіп,
Мұз болып қалған арманын
Көктемдей жатыр жібітіп.
Есейтті жылдар,күн өтті
Құламады алтын шанырақ.
Сағыныш толы тілекті
Ұмытпады ана, ал бірақ,
Жанында тұнып сыр қалың,
Жол жаққа қарап елеңдеп
Күтетін – еді,ұлдарын
«Қазір – ақ, қазір келер»- деп.
Қырық жыл күтті келмеді,
Шүкіршілік айтты барына.
Көз жұмарында да сенбеді,
Ұлдары енді жоғына.
Сағынышпен өтті ғұмыры,
Сүйеніп сабыр асылға.
Шын сүйе біліп өмірді,
Шүкірлік ету осы ма!
Емірене құшып сарысын,
Өзіне болған қолқанат
-Қарағым менің барымсың,
Шаңырағым саған аманат,-
Деп – еді,өлер кезінде
Маңдайымнан сипап қиналып,
Сапарға соңғы өзін де,
Шығарған халқы жиналып.
Бітпеген соғыс жарасы,
Күйреді,сөніп қанша арман?
Мен болам сол үй баласы
Аталарын іздеп жар салған.!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиырма бес жаста жалынды

  • 0
  • 0

Жиырма бес жаста жалынды,
Қарсы алып алтын таңымды.
Жетектеп көңіл нарымды,
Толғантым оймен жанымды.

Толық

Шәкәрім

  • 0
  • 0

Әлемге нұрдан құйған өшпес жарық,
Құрандай жаттаған соң жырын халық.
Бұл өзі Құнанбайдың ұрпағы-деп,
Қалмады қыр соңынан ізін бағып.

Толық

Аққулар үні

  • 0
  • 0

Кел ақын кімді іздедің сағынышпен,
Бұл дала мұңға батып сағым ішкен.
Қаншама сырды жатыр бұғып ішке,
Сөйлесе шығарардай жалын іштен.

Толық

Қарап көріңіз