Өлең, жыр, ақындар

«Елім-ау» әні туралы жыр

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1902
Жан қосып, қимас жанынан,
Қан қосып ыстық қанынан.
Басынан өткен зар мұңын,
Ән қылып халқым қалдырған.
Үңілсең тарих ізіне,
Беріліп отты сезімге.
Елім-ау дейсің күрсініп,
Жас келіп қара көзіңе.
Күншілдік билеп санасын,
Бөлшектеп хандар даласын.
Бір-біріне жау болып,
Бірліктің жыртып жағасын,
Тырналап қанды жарасын,
Қорқауларға жем болып,
Кетірген қанша бағасын.
Өз-өзіне би болып,
Алшақтатып арасын,
Таңдандырған әлемді,
Ыдыратып Алтын Ордасын!
Руға қырық бөлініп,
Бірлігі бордай үгіліп.
Тоз-тоз болған шағында,
Өксіпті халқым егіліп.
Дүние жығып өресін,
Көтерген байлар кеудесін.
Еңіреген елімнің,
Ойламапты мүдесін.
Басқандай қара албасты,
Алашқа пәле жармасты.
Бірлігін аңсап жүргенде,
Сор болып аштық жармасты.
Айбатынан айрылып,
Қанатынан қайрылып.
Жегі құрт түсіп ішіне,
Басына түсті қайғы бұлт.
Пенделер білмес бар сырын,
Тылсым күшпен жасырын,
Тағдырың салса бар зілін.
Маңдайға жазған жазмыштың,
Шегерсің азап зар мұңын.
Қаптады дауыл жан-жақтан,
Төсіне жалын ойнатқан.
Жарасынан ақты қанды ірің,
Жанышқан ауыр салмақтан.
Көз салып сырттан аңдыған,
Қалың жау залым қағынған.
Қасіретке күліп есіріп
Қасапшыдай қолы қан,
Ентелеп тұрды шабуға,
Әл кеткен елді қалғыған.
Айырып Еділ қоныстан,
Батыстан қысып қу мыстан,
Айтақтады Жоңғарды,
Аштырып соғыс шығыстан.
Ортасында сан оттың,
Теңселді алып арыстан!
Аямады дұшпаным,
Қара қан болды құсқаным.
Көгімде күнім тұтылып,
Көрінбей кетті аспаным.
Сескеніп қатал жауынан,
Көз ашпай қара дауылдан.
Жетіммен жесір боздаған,
Көш өтті Қаратуымнан.
Қия алмай асқар тауларын,
Жусан төс жасыл жайлауын.
Күңіренгенде қосылып,
Көк зеңгір төкті ақ жауын.
Бұхарға қашты Ұлы жүз,
Хиуаға қашты кіші жүз.
Орта жүз қалды сор кешіп,
Оңбады біздің ісіміз.
Кетпеді қайғы қасірет,
Қу сүйек болып бағып із.
Кейінде қалып туған ел,
Сүріне басып талай бел.
Жеткенде пана болғаны,
Сұламалы Алқа көл.
Төсеніп жасыл қырымды,
Аштықтан жұртым қырылды.
Өлмегендер күн кешті,
Қайыңнан сауып шырынды.
Көрсетпей тұман қиянды,
Топырақ басып ұямды,
Кең далам қанға боялды.
Көк бөрлі тулы Алашым,
Тәңірдің берген демімен,
Сілкініп қайта оянды.
Далама біткен қара нар,
Жиналып небір даналар.
Қорғауға туған елімді,
Іздеді небір амалдар.
Енесі өлген оралмай,
Мұз кешкен жетім маралдай.
Қиналды асыл қарттарым,
Шешуін істің таба алмай.
Сол сәтте жырау көреген,
Ел жұртын жырға бөлеген.
Қырандай шыңда түлеген,
Қожаберген есімі,
Іздеген бақыт өнерден,
Баба тілмен көгерген,
Халқымның қанды көз жасын,
Толғады-ай келіп өлеңмен.
Неткен ащы зар мынау,
Жүректен соғып қоңырау.
Шақырған елін ерлікке,
Әнінің аты -Елім-ау!
Ағызып көзден бұлағын,
Кең әлем түріп құлағын.
Емдеді жанын жаралы,
Аятыменен Құранның!
Өксіді аунап дархан бел,
Сыңсыды қыздай самал жел.
Еңіреп түгел қосылды,
Қанымдай ыстық туған ел!
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Туған жерден көз жазған жаман екен,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді.....»
Елім-ау, деді айқайлап,
Жаңғырып таулар қайталап.
Елім-ау деді кең далам,
Көз жасын көлдей шайқап- ап.
Әлемді түгел өксіткен,
Әуенді мұндай естіппе ең.
Елім-ау, деумен шыңғырып,
Жас сәби тұрды бесіктен.
Елжірей тыңдап отты әнін,
Көтерді басын Отаным,
Жоғалтпауға бойынан,
Байырғы даңқтың шапағын.
Елім-ау шарлап аспанды,
Ұран боп рух асқарлы.
Шақырып қайта ерлікке
Жетелеп ұлы жеңіске,
Бөрідей жауға бас салды!
Бойына намыс от өріп,
Көк бөрлі туын көтеріп.
Атылды қызыл жебедей,
Ел үшін ерлер кектеніп.
Көрсетіп ғажап ірілік,
Аруағы шайқап түн тіліп
Түркінің ұлы қағаны
Күлтегін қайта тіріліп.
Жебеуге өзі жеткендей,
Күреске шықты бірігіп.
Ақтамберді жырымен,
Найзамен жауын көкке іліп.
Сескенбей түскен сан отқа,
Сөз жетпес ерлік ғажапқа.
Қайсар боп туған әр қазақ,
Айналды Көкжал Бараққа!
Райымбек-деп дауыстап,
Дабылы жетіп жан-жаққа.
«Аянба Алаш алмасым,
Еркіңде бұғау қалмасын.
Қанымен жаудың жуыңдар,
Құлдықтың қорлық таңбасын.
Азаттық таңын аңсаған,
Көз жасын халқың құрғатсын.
Бабалар өткен ізбенен,
Ерлігің өшпес үн қатсын,
Қорғай білді елді дұшпаннан,
Ман- бабам жаққан шырақсың.
Скифсің, Сақсың, Қайсақсың,
Түркісің,Қыпшақ, Қазақсың
Жадыңда жүрсін Машайық,
Әруағы қолдап гүл атсын!»
Нар халқым сеніп жүк артқан,
Өр даңқын жырлап ел айтқан.
Қайыспас батыр –қаһарман,
Жау шебін бұзып айқайлап,
Майданға кірді Ер Шотан.
Жалыны менің қанымда,
Сөнбеген әлі ол жаққан!
Болсын-деп, келер жасқа сыр,
Ерлікпен жазып тасқа жыр.
Тілеумен азап құруын,
Ақылдың дәурен сүруін.
Сезімнен қойып солмас гүл,
Өлеңтіде қалдырды,
Тайлақ, Саурық қос батыр!
Жеңе алмаған ешкімде,
Хат қалдырған естіге
Ақназар ханмен ел қорғап,
Тіл қатқандай Ер Қосай,
Жанарда ойнап нажағай,
Жауына жетер ажалдай,
Тіке қарап көз алмай,
Қарт бурадай қабағы.
Түксиіп соғар борандай,
Ызалы кектен шыға алмай,
Таусоғар боп туғандай,
Қас жауын жерге буғандай,
Жоңғарға таспа тілгені,
Қабанбай мен Бөгенбай!
Ата даңқын сезінсең,
Адайдан туған Мұңалдай,
Тұра алмассың толғанбай,
Мәңгілікке сөз өлмес,
Ғасырмен егіз туғандай
Жеткізуге асығып,
Көсіле шапқан тарландай.
Күлімдеп атқан таңдардай,
Айтарсың бәрін арланбай.
Бабалардың өр даңқы,
Қалмас үшін жалғанбай.
Данышпан Төле өсірген,
Сабалақ атты есіммен,
Ақылына көркі сай.
Асыл туған,Абылай,
Әбілхайыр батырмен
Қарлы құйын дауылдай.
Түнергенде жауына,
Қалың дұшпан жер ұра,
Шашылғаны тарыдай!
Тәңірім өшпес сый берді,
Қолтықтап өзі сүйеді.
Айтаққа ерген Жоңғардың,
Даламда қалды сүйегі.
Елім-ау, болып ұраны,
Бөленіп құтқа қадамы.
Ерлерім Аңырақайымда,
Жеңістің туын қадады.
Бабамнан біткен тектілік,
Жіберді жауды ықтырып.
Иығынан түсіп қатал мұң,
Көзінің жасын сүртті жұрт!
Бұлт төндіріп аспанға,
Ұқсаған дүлей тасқынға.
Шағылып тауы шетінен,
Зобалаң келді дұшпанға.
Төрімнен кетіп сары уайым,
Бас қосып Алаш ағайын.
Қақпасын ашты бірлікпен,
Азаттық алтын сарайдың.
Көктемнің демі қосып ән,
Жеткендей елдік қосынан.
Сілікініп далам ызғардан,
Гүл шықты қардың астынан!
Өткенмен талай ғасырлар,
Ұрпағы сүйіп бас ұрар.
Елім-ау әні бабамның,
Елім-ау, қайсар асылдар.
Елім-ау сәби ақ уыз,
Елім-ау әні болмаса,
Жетерме бізге Науырыз!
Елім-ау үні халықтың,
Елім-ау өзі тарихтың.
Елім-ау мәңгі өшпейтін,
Көгіме біткен жарық күн.
Ұрпағыма ой салар,
Өзі ғой жырау алыптың!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бөкен би

  • 0
  • 0

Еліме төгіп шуақтан,
Даналықпен сыр айтқан.
Сырымдай асыл сұңқарды,
Ақ бата беріп самғатқан.

Толық

Табын Досжан қазірет

  • 0
  • 0

Ой салған Шұбарда дос қарсы аларда,
Келемін әр жыл сайын осы араға.
Асығам атам салған мешітіне,
Жетектеп немеремді бастап алға.

Толық

Дүйсеке ата мешіті

  • 0
  • 0

Ұрпаққа имандылықтың желін есіп,
Бойына құя білген жігер нәсіп.
Япыр-ай, құлатардай не жазды екен,
Дүйсеке Атам салған сұлу мешіт!

Толық

Қарап көріңіз