Өлең, жыр, ақындар

Қара шүңгіл әулие ата үні

  • 08.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1610
Әсем сазын туған жерге арнаған,
Кел, кел бермен жақындашы жан балам.
Осы жерден өтіп сансыз керуен,
Азияңды Евразияменен жалғаған.
Құшағынан түсірмеген ай күнді,
Қала болған кең әлемге әйгілі.
Ғасырлардың сырласы боп ол ұзақ,
Бастан кешкен қуанышпен қайғыны.
Кең далаңды астастырып көкпенен,
Даналықтан шырақ жағып от өрген.
Осы жерде Сыпыра жырау данышпан,
Муза арудың қыз бөбегін көтерген.
Сұлтан болған ерлік жолмен Мысырға,
Бейбарыстай бабаң туған осында.
Сағыныштан боз жусанын иіскелеп,
Қадір тұтып жастап жатқан басына.
Ат жалында өтіп барша ғұмыры,
Адалдықтың жетелеген қосына.
Айта берсем туған елді күзетіп.
Қуат беріп, намыс, ерлік өжеттік.
Жер бетінде қазақ атын жоғалтпай,
Жалғастырып баба жолын біз жеттік
Елің үшін түсуге әзір тамұққа,
Басшы болған өзің сүйген халыққа.
Өтті небір билерменен шешендер,
Бір өздері тұрар бүкіл хандыққа.
Бәрі жатыр осы жерде тыныстап,
Түгендеп ал терең оймен дұрыстап.
Анау жерде Қыз- әулиең ой салар,
Туған жерге тілей білген ырыс бақ!
Кімнен тұрсың балам қазір көз алмай,
Сәл ұзасаң айырылып бір қалардай.
Сезіп тұр-ау қайран ақын жүрегің,
Осы жерде ақын бабаң Аралбай.!
Менде сүйем ақжарма жыр өлеңді,
Өзім жәйлі сыр шертейін мен енді,
Жеті атасы Ақботадан тараған,
Мен Адайдың дара шапқан күреңі!
Талай майдан бастан кештім ел үшін,
Қорғауменен туған елдің ырысын.
Келер ұрпақ қас жауыма құл болмай,
Татса екен-деп, жеңісімнің жемісін.
Сері болдым ақын болдым жасымнан,
Жасын күйлер омырауымнан шашылған.
Әнге салсам аққу қаздар көктегі,
Қанатына дауысымды іліп қосылған.
Кім көнбейді тағдыр салған ісіне,
Қарамастан қалмақ ханның күшіне,
Шұңгіл атты мен қызына ғашық боп,
Құса болып күнде көрдім түсімде.
Ол да ғашық, менде ғашық бір тілек,
Көз тасада сан кездесіп елжіреп.
Уәделестік бірге өмір кешуге,
Не де болса тәуекелге бел тіреп.
Бірақ ұлым болмай қойды жолымыз,
Ашылмастан қалыңдаған сорымыз.
Аңызақта шөл далада адасып,
Бір-ақ тамшы су болғанымұңымыз!
Таңдай кеуіп құм бораған жолда арып,
Сағым қуып сансыз күндер сандалдық.
Ұшқан қарға кездеспеді маңайда,
Ізімізден ажал сайқал жүрді аңдып.
Оранған соң көз аштырмас от құмға,
Қиналғаннан жүрек келді алқымға.
Ажалдыға кім болсаң да бір тағдыр,
Сөзім қалып айтылмастан халқыма.
Осы жерде қол ұстасып көз жұмдық,
Ең болмаса ұрпақ қалмай артымда.
Осылайша ғашықтың дертінен,
Қос аққумыз уақытынан ерте өлген.
Тәлкек тағдыр тозаңымен аямай,
Улы зәрін бетімізге бүркеген.
Мұқалмаған жан едім мен алмастай,
Тұра алмадым балам саған сыр ашпай.
Жолға шықпа ешқашан да сен жалғыз,
Ақ бата алып бабалармен сырласпай!
Сенің бабаң туғанынан жыр құмар,
Ақын болған саналыға ой құяр.
Ұлтын сүйген, тілін сүйген жан салып,
Кіндік кескен жерден тағып бойтұмар.
Дәулет құрып өзі баққан малынан,
Еңбектеніп қара терге малынған.
Қажеттісін ақылменен сезініп,
Өз орнына жұмсай білген молынан.
Жүйрік мініп құлағында ойнаған,
Сұлулыққа әсте бірде тоймаған.
Ұлан байтақ жазиралы далаңды,
Саған аман жеткізсем-деп, ойлаған.
Әділдіктен іздеп асыл арманын,
Достық үшін аямаған ақ дәмін.
Жаны жайсаң асылдарды іш тартып,
Тәңіріндей сыйлаған ол қонағын.
Ізгіліктен іздеуменен бақыт құт,
Арды сүйген құлшылықты жаңғыртып.
Сезе білген хикметінің Алланың,
Адаспасқа дін жолынан қалың жұрт.
Адамзатқа залал салған көптеген,
Олар шарап ақымақ боп ішпеген.
Тәңір берген денсаулықты бақыт-деп,
Шүкір етіп бар бергенін ескерген.
Ақтау үшін сол бабалар арманын,
Айнымастан берген серттен жас дарын.
Келер күнге қайсарлықпен жалғай біл,
Ерлік толы шежірелі жолдарын.
Ақыл, сабыр, ұят болып серігің,
Сүйсінердей сұлу болып өмірің.
Кім де болса жасы үлкенді қадірле,
Ал кішіге шуақ төксін мейірің!
Бір орында тұрмас өмір арай бақ,
Кемтарларға жардем істе қарайлап.
Біреу күндеп аяғыңнан шалса да,
Іштарлықтан, зұлымдықтан бол аулақ!
Сан аударар тағдыр өмір қайығын,
Сүрінгеннің баспа бетке айыбын.
Шындық болсын өршіл үнің қашанда,
Кеш болса да түбі берер қайырын.
Түлкі бұлаң саясатын асырып,
Тарихыңды келді жауың жасырып.
Саламаттай дана басшың болмаса,
Жатарма едім құм астында ашынып.
Сырымды айттым саған балам елжіреп,
Кісілікте ұға білсең құдірет.
Дәлелдеген астанасын мұнайдың,
Сол ағаңа жырмен жеткіз рахмет!
Ақын ұлым туған елдің жазы алда,
Бабаң үнін алып дәйім назарға.
Ақиқатты ақ ту қылып қаймықпай,
Тарихыңнан тамыр үзбе жазарда!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бейбарыс

  • 0
  • 0

Туған елден жатқаныңмен тым алыс,
Өзің жәйлі тоқтамаған ой ағыс.
Кең әлемге Қыпшақ атын шығарған,
Египетте сұлтан болған Бейбарыс.

Толық

Алтынбек

  • 0
  • 0

Нар еді ол! Елдің жүгін көтерген,
Қайсарлықпен шындық үшін от өрген.
Сескенбестен билігіңнен патшаңнан,
Әділетсіздікке Махамбеттей кектенген!

Толық

Төлеген Айбергенов

  • 0
  • 0

Жырларында нажағайдың жарқылы,
Жүрегінде Отанының отты үні.
Сезімінде кең даламның ақ гүлі.
Рухында өр Алтайдың шыңдары,

Толық

Қарап көріңіз