Тас қабірге тіл бітсе – Табылды Досымов

Бұл бетте «Тас қабірге тіл бітсе» атты Табылды Досымов жазған тіл туралы өлең берілген.

  • 10.06.2019
  • 0
  • 0
  • 7719
Мен өлермін..,
Қанжығама қайғымды байлап алып,
Жауым күлер со сәтті пайдаланып.
Жайық жылар, жабырқап, жайлап ағып,
Тіршілікте көрмеген рахаттың,
О дүниеде келмесі айдан анық..

Мен өлермін бәріңді талақ қылып,
Мен өлермін аспанға қарап күліп.
Біреу айтар: жарықтық от еді деп,
Қыршын ғұмыр – жасымды санап тұрып.

Біреу күлер жеткенің осы ма деп,
Біреу жоқтап қайғырар басыма кеп.
Ей, дүние!
Бірақ та саған қарап,
Күліп қалған бейнемнен шошыма тек!

Мен өлермен,
Өлмессіңдер сендер де пасықтар-ай!
Күлкім қалар сендерден қашықтамай.
Күліп тұрған енгенде менің бейнем,
Тұрарсыңдар түн бойы шошып талай ...

Батыры жоқ болмайды Одақ бекем..,
Ақыны жоқ ауыл да абақты екен...
Мен өлемін,
Мылтық пен домбырамды,
Құм төбенің басына қадап кетем ...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері