Ақын жыры – Светқали Нұржан

Бұл бетте «Ақын жыры» атты Светқали Нұржан жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 14.06.2019
  • 0
  • 0
  • 4074
Асау көңіл — шығанға оқ па атылған,
Қанжар ма әлде қынында тот басылған?!
Ақын десем, көзіме елестейді,
Жолбарыстар тайлықпай отқа атылған.
Ақындардың атағын көкке асырған,
Тірі жеткен көп талқы, көп ғасырдан —
Асыл жырдың алдында алмасың да
Жасық шығар — шыбықтай отта сынған?!
Дана Абайдан Нұр алып,
От — Қасымнан,
Тұрсам деп ем ай құсап көкке асылған...
Есігінен өлеңнің енсем деп ем,
Шаңырағы шатынап, топса сынған!..
Зауалдардан— аспанға от қасынған
Аман қалған Ақынға тек бас ұрғам. —
Жүрегінен жыр болып қан тамшылап,
Маңдайына Мөр болып Оқ басылған!..

1978 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері