Құрбыға қаратып

Бұл бетте «Құрбыға қаратып» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тамырыңды – арнаңды ылайлап ағып,
Мыйыңа жүр ме, аяулым, мың ой қамалып?
Жаныңның маған дегенде тазалығына
Былай да нанып келемін,
Мұңайма налып!
«Не дауа – ауыр жолыңа?» – деп алып маған,
Кезің көп көзден отырған жоғалып ғалам.
Мен жайлы мұңды ылақтыр санаңнан, күнім,
Сәл жыми маған, жетеді!
Дем алып қалам!
Сиқырлы дегдар күлкіңмен қой-дағы жебеп,
Жүйріктігіме сене бер тойнағы бөлек.
Намысқа тиме қамым жеп, өз тағдырларын
Жігіттің сойы болса өзі ойлауы керек!..
Босамай жүр ғой басым да кіл күдікті ойдан,
Салғым кеп кетед Заманға бір бүлікті ойран –
Сұрайтын шақта ақырып – жұртыма теңдік,
Қара басымның мұңына құл қылып қойған!

Шілде, 1980 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері