Өлеңсүйген
Бұл бетте «Өлеңсүйген» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Көктем ғой, көктем.
Өйткені
Көктемнен кейін көп нүкте...
Жәнияның өлеңінен.
Көтермеп еді өлең жүкті қай –
Өшер ме сол күн көңілден!?
Сол күні саған,
Кегендік қыз-ай,
Арзу боп қалған едім мен!
Көктем-ді...
Өңшең жас ақын – жасын,
Жалғаған едік жырға – жыр.
Үкілі үміттердің қосатын басын
Фариза апама ырзамын!..
Қайқайып Қаңтар,
аулақтап Ақпан,
Қыс қайтыс болған қаһарлы.
Жасыл Дария тау жақтан аққан –
Шайған да кеткен шаһарды!
Жырларың жетсе Ел-Жарияға,
Сүйетін мәз боп дос беттен.
Жүргенбіз жүзіп сол дарияда,
Қауырсын қалам – ескекпен...
«Оқы» деп апай тілек білдіріп,
Жүрек пен саусақ дірілдеп –
Діріл саусаққа жүректі ілдіріп,
Жөнелдік кенет дүрілдеп.
Толқу бар жанда –
Үрейден ірі,
Естімегенмен тақа сын.
Сол күні Асқар Сүлейменұлы
Берген-ді бізге батасын!
Көңілдің көкем сонысын жеді,
Кісінеуге сол сәт шақ қалдым. –
«Жылқыболмысты – соңысың, – деді, –
Адайы арғымақтардың!..»
Күлік көкем-ай,
ұғымы – дастан,
Ертегі сынды өмірің...
Шақар шыңдардан шығынып асқан –
Шұрқырап құлын-көңілім.
Оқылды дерсің өлеңнің жүзі –
Бозбала шайыр, бойжеткен...
«Полит-тен» келдің,
Кегеннің қызы,
Кемпірқосақ түстес көйлекпен.
Жас жүрек дір етіп, ырықты алғансың,
Кілең тастүлек дүр етіп.
Сен сонда бізді қырып салғансың,
«Періште...» жайлы жыр оқып.
Сендегі жырдың сазына таңдай
Қаққанбыз.
Мені от ұрған. –
Өлең мен Сені ажырата алмай
Екі есті болып отырғам.
Баураған жанды – сендегі өлең ғой,
Ынтық боп соған ұмтылды ой. –
Шәйір боп туған пендеге мендей –
«Өлеңді» сүймеу мүмкін бе-ей!..
Сәуір, 1982 ж.
Алматы.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі