Аттаныс
Бұл бетте «Аттаныс» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Тілекке
Аттанамын мен Ертең Ұлы Жолға,
Қамданады сол жолға жырым —
Ол да.
Қарызды айтып қайдағы, парызды айтып
Жолымызға сен енді тұрып алма!
Жігіт бассын желігін, қыз аптығын,
Сыпырылып сирақтан тұзақ-мұңым —
Құдай — халық өзі айтад,
Жыр мен менің
Қайсымыздың жолымыз ұзақтығын.
Желігіп тұр наз бедеу мама ағашта,
Қалмапты әлі мінезі ала қашпа.
Апарып сап біздерді барар жерге,
Шылбыр сүйреп қайтады-ау, қара қасқа!..
Мына жалған — талайдан қалған жалған,
Құралған кіл таупықсыз армандардан.
Таңырқама, іздеме —
Үнім кейде
Қалса естіліп өксіген аңғарлардан.
Сол үн кіріп таулардың балағынан,
Бәлкім, дауыл тұрғызып салады ылаң...
Суреттегі мен емес —
Мойынына
Қара лента оралған — қара жылан.
Жыр — хат келер тудырып болмашы үміт,
Кебежеде құриды — ол да шіріп.
Жосығымды сұраған жан болса егер,
Кетті дерсің, ертерек жолға шығып.
Жинап алып жиһанның қазынасын,
Жамиғатқа жолдаймын базына — сын.
Жалт боп ойнап өтермін, елес ұрып,
Жатқан шақта беріліп нәзір — асым.
Жолда өлмеуін жырымның арман етіп,
Елесімді қойғанмын қорған етіп.
Ал аман бол, адал дос,
Мен, айтпақшы,
Баяғыдан барамын жолда кетіп!
07.12.1983. Алматы.
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі