Қарлы боран – Өтепберген Ақыпбекұлы

Бұл бетте «Қарлы боран» атты Өтепберген Ақыпбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.06.2019
  • 0
  • 0
  • 6224
Күн борады, борады,
Жел екпiндеп соғады:
Жерге түспей –
Жауған қар,
Қайта ұшады жоғары.

Көкте –
Текке дөңгелеп,
Қар қонбай жүр жерге кеп:
Шамды айналып ұшатын,
Бейне жынды көбелек.

Боран –
Жұртты бұқтырып.
Бiрде қалар күрт тынып.
Демiн тартып,
Тың тыңдап,
Қайта соғар ышқынып.

Ызбарланып, күйiнiп,
Қарды қойдай иiрiп:
Ашуланып боран жүр,
Жел-қамшысын үйiрiп…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері