Тағы да көктем келді – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Тағы да көктем келді» атты Фариза Оңғарсынова жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 08.07.2019
  • 0
  • 0
  • 6508
Тағы да көктем келді,
бал сезімдерге, сал сезімдерге ұран сап,
өткінші ғұмырдай қылықтары мол бұлаң шақ!
Көн көңілдер де теңіз боп көлкіп кетіпті-ау
ару қыз аңсап, жыр аңсап!
Бұ не деген құдірет!
Дүниенің бәрін құштарлық қаптап кеткен бе,
адамның бәрі мас болып жүр ғой от-демге!
Байырғы күңгірт күндер де қайтып келместей...
Жабырқап жүрген жоқ пенде.
Ұмытып жатыр жұмыр жер
өктем мезгілдің қалдырған қаза-қайғысын.
Жастық жүр жайнап екпіні - дауыл, Ай мүсін.
Тіледім: мұндай сәттерде зұлым ойынан
қатыгездер де айнысын!
Қыз - көктем келіп
қызғалдақ қадап жүр белде,
дүние түгел ұқсасын дей ме гүлдерге.
Табиғат жанды сергітіп алады екен-ау
тірліктен қажып қалжырап жүрген күндерде.

1970


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері