Өлең, жыр, ақындар

Мақтаншақ

  • 21.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1555
Әні: Ибрагим Нүсіпбаевтікі

Жеке:
Мақтаншақ деп, балалар,
Текке мазақ етпеңдер.
Өнерімді санап ал,
Көрмей оны кетпеңдер.
Ой, ой, балалар,
Кім менімен барабар?
Хор:
Бос мақтанбай сен енді,
Бар, үйіңе қайта бер.
Болсаң егер өнерлі,
Біз тыңдайық, айта бер.
Ой, ой, мақтаншақ,
Айқайлама аттан сап.
Жеке:
Суда жүзіп балықтай,
Толқынында ойнаймын.
Кешке дейін жалықпай,
Тереңіне бойлаймын.
Ой, ой, балалар,
Кім менімен барабар?
Хор:
Сүңгимін деп анада,
Су түбіне батқан кім?
Есін білмей жағада
Есеңгіреп жатқан кім?
Ой, ой, млқтаншақ,
Айқайлама аттан сап.
Жеке:
Ауыздықпен алысып,
Мінем асау тайға да.
Зымыранмен жарысып,
Жетіп барам айға да.
Ой, ой, балалар,
Кім менімен барабар?
Хор:
Құлағансың аттан да,
Достым, бекер мақтандың.
Сен жығылып жатқанда,
Қызығыңа батқан кім?
Ой, ой, мақтаншақ,
Айқайлама аттан сап.
Жеке:
Баласымын малшының,
Қозыны да баққанмын.
Атышулы аңшымын,
Қасқырды да атқанмын.
Ой, ой, балалалар,
Кім менімен барабар?
Хор:
Қара мұның пысығын,
Тек ойынды баққан кім?
Қасқыр деп өз күшігін
Абайламай атқан кім?
Ой, ой, мақтаншақ,
Айқайлама аттан сап.
Жеке:
Оқуға да талапты,
Баға жетпес баламын.
Бір қарасам сабақты,
Кілең «бестік» аламын.
Ой, ой, балалар,
Кім менімен барабар?
Хор:
Сабағыңа келгенде,
Бағаңды да білеміз.
Ұяламыз көргенде,
Күнделігің кілең «үш».
Ой, ой, мақтаншақ,
Айқайлама аттан сап.
Жеке:
Жақсы айттыңдар, достарым,
Салыныппын мақтанға.
Далақтаумен босқа құр,
Түсіппін-ау қақпанға.
Ой, ой, балалар,
Болмаңыздар табалар.
Хор:
Досың қателескенде,
Мазақ етіп күлмеңдер.
Осылайша өзгең де
Бос мақтанып жүрмеңдер.
Ой, ой, балалар,
«Бестік» болсын бағалар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өнер қарлығаштары

  • 0
  • 0

Бұл қазаққа арыдан
Сиқырлы саз дарыған.
Әншісі мен күйшісін
Бүкіл әлем таныған.

Толық

Қансорғыш пен шаңсорғыш

  • 0
  • 0

Ерте, ерте, ертеде,
Анықтап кім көріпті.
Өте алыс өлкеде
Бір Жарқанат болыпты.

Толық

Қазақтың арулары

  • 0
  • 0

Сымбатты, сұлу ғажап тым,
Қыздары қандай қазақтың.
Көрмесе сағындырған,
Көркімен табындырған.

Толық

Қарап көріңіз