Сарғайдым – Мағжан Жұмабаев

Бұл бетте «Сарғайдым» атты Мағжан Жұмабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сарғайдым күннен күнге қуат кеміп,
Қалың ой - қара жылан жүректі еміп.
Ақырын бітіп барам жанған шамдай,
Көзіме ыстық жастар мөлт-мөлт келіп.
Апырм-ай, ауыр болды-ау күнді өткізу,
У жұтып, айдан ұзын түнді өткізу!-
Қозғалып, сөйлеп, ойнап, тірі жатып,
Өлем деп жас өмірден күдер үзу.
Соғасың жиі-жиі, жүрек, неге?
Соққанмен жандана ма солған дене?
Сары су денені улайд тамырларда,
Тазарып, енді оны қан етем деме.
Қалмады көздің нұры, көрге айналдым,
Қараны - ақ, ақты - қара дерге айналдым.
Дямадай пісіп тұрған екі бетім
Қуарып, қаны қашып, күлге айналдым.
Жайылды бар денеме уы дерттің,
Мінекей, екі ай болды жалын жұттым.
Күндіз - Күн, түнде күміс Ай көрмеймін,
Дариға, жаным - азат, денем - тұтқын.
Барады күннен күнге азап асып,
Өлім тұр анадайда қойнын ашып,
«Қинала түссін әлі!»- дегендей-ақ,
Аяғын, күлімсіреп, санап басып.
Жасаған! Тез алатын ажал жоқ па?
Қинама, тез өлейін, ұшыр оққа.
Шыжылдап дене, шырқырап жан берейін,
Жалыны көкке шыққан түсір отқа!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (2)

Каусар

Керемет өлең жарыстан 1 ші орын алдық

Осы автордың басқа өлеңдері