Өлең, жыр, ақындар

Қоныс тойы

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 11110
1. Құтты қоныс
Өркендепті өресі,
Өрістепті,
Алты қабат ақ үйден қоныс тепті.
Ағайындар аңқылдап жаны қалмай,
Жатыр бәрі құттықтап Қонысбекті.
Пай-пай, шіркін,
Заманның тасуын-ай!
Құт-береке,
Шат күлкі шашуын-ай!
Көктен түсе қалғандай керемет боп,
Қонысбектің алшаңдай басуын-ай!
Білуші едік әкесін –
Қой бағатын,
Жақсы тұрмыс құруды ойға алатын.
Құтты қоныс алсын деп,
Қалада істеп,
Қонысбек деп баланың қойған атын.
Бірден күні күлді ме шапақтана?
Қонысбектің көргені жатақхана.
Одан кейін...
Үйлену,
Пәтер жалдау –
Шыдап баққан не қиын «шатаққа» да.
Көрген түстей болған жоқ бәрі мұның,
Жаңа үйге еніп, жай тапты жаны бүгін.
Көппен бірге көл-көсір, асып-тасқан,
Ата-ана да ұмытып кәрілігін.
Қонысбекте жан бар ма, қомпаңдап жүр,
Төрт бөлмеде төрт бала томпаңдап жүр.
Абысын мен ажындар абыржысып,
Дастарқанын жайысып, мол қамдап жүр.

2. Қонақтар
Қонақ келді, Қонысқа қонақ келді,
Жора-жолдас жиылып мол-ақ келді.
Әркім өзі барынша ақтарылып,
Сияпат пен сыйлығын орап келді.
Орамасын біреулер ашып жатыр,
Шашуларын біреулер шашып жатыр.
Айналайын, барынан ағайынның,
Көңілдері көл болып тасып жатыр.
Табылды іні,
Кең пейіл табылды аға,
Қабылдағын сен мейлі, қабылдама:
Бірі құрып лағылды люстрасын,
Бірі ілді сағатын қабырғаға.
Біреулері құбылма хрустальді
Қойып жатыр сервантқа ыдыстарды.
Бокалдар да мәлдіреп тұра қалды,
Мұндай сәтте бола алған кім ұстамды?
Бұрын маған тап мұндай үй бітпеген,
Үй бітпеген – керемет күй бітпеген.
Шалқып-тасып бір тойым өтсе болды,
Қонақтардан басқаша сый күтпегем.
Дүниесі құрысын, табылады,
Дүниеге берілген қағынады.
Адамдардың ақ тілеу, ақ көңілі –
Соған ғана жүрегім табынады.
Отырыңдар, кәнеки, қонақтарым,
Әңгіме айтып, әзілді борат бәрің.
Ақтарылсын әсерді ән менен күй,
Артынан-ақ ашылар қораптарың.
Тойымызды бастайық, жарқылдайық,
Шампандардан тартайық, тартынбайық.
Шалқып бара жатайық шаттықпенен,
Секілді бір айдында алтын қайық.

3. Тамада
Тамадасыз сірә да той өтпейді,
Той өтпейді – айтатын ой етпейді.
Таныстырып тамада тарихыңды,
Асты-үстіңе түсіп бір бәйектейді.
Сөз береді тамада, сөз береді,
Таныстарға тоқтаусыз тез береді.
Естігенде ел болып өзің жайлы
Өзге түгіл өз ойың өзгереді.
Мақтағанда мақтасын та мада боп,
Артық сөздер кетеді арада көп.
Есіп жатса, лепіртіп бөсіп жатса,
Тыңдамасқа тасынып шама да жоқ.
Тыңдамаған мақтауды жақыныңнан,
Тыңдамаған балаң мен қатыныңнан,
Тамаданың аузынан тыңдағанда,
Танып қала жаздайсың ақылыңнан.
Көлдей шалқып көңілің, өсесің көп,
Сіміресің шараптан көсе сілтеп.
Өзің-дағы кетесің шешен болып,
Кейде артықтау лепіріп бөсесің кеп.
Той иесін көрсең де бірінші рет,
Туысыңдай қарайсың күлімсіреп,
Ақтарасың ақжарқын ниетіңді,
Айтылады қаншама шырын тілек.
Тойдың даңқын тамада көтереді,
Ол болмаса той қалай өтер еді?
Қолбасшысыз қожырап қалған қолдай,
Тоз-тоз болып тойшылар кетер еді.
Жасай берсіи талантты тамадалар,
Көпшіліктің көңілін табады олар.
Жеңіл-желпі мұңыңды сілкіп тастап,
Жүректердің жалынын жағады олар.

4. Қонақкәде
Елді біраз алған соң желпіндіріп,
Сөз бастады тамада еркін күліп:
– Ағайындар, мұндайда аянбайық,
Көрсетейік серілік, серпінділік.
Бір қызығы думанның – қонақкәде,
Тартынбаңдар, өнерлі қонақ кәне?
Күмбірлетіп күйіңді, әніңді ақтар,
Сөзің болса семсерлі, борат, кәне!
Жаңа қоныс – жарасты үйіміз бар,
Бір-бір рет тағы да құйыңыздар.
Озғандарға өнердің бәйгесінен
Берілетін лайық сыйымыз бар.
Той дегенде кім сірә тартынады,
Талай тарлан бәйгеге талпынады.
Тамсандырып еректер өнерімен,
Топ алдында тасынып, жарқырады.
Тамаданың бір сөзі қамшы болып,
Асықтары иірген алшы қонып,
Күймен шалқып көпшілік, бимен балқып,
Кетті бәрі шетінен әнші болып.
Қажет емес қонаққа шолақ дәме,
Тойхананың өтеуі –
Сол-ақ мәре.
Ұластырып думанды бір думанға
Жатты солай жалғасып қонақкәде.

5. Тойтарқар
– Ой, жараңдар,
Қантыға асықпаңдар,
Тұрып кетіп тым ерте, жасытпаңдар.
Қарсы алайық әдемі ән-күйменен,
Арайланып ататын ашық таң бар.
Аққу, үйрек айдында мамырласын,
Отырайық біз әлі дабырласып.
Қонақсыз үй қаңырап қалмайды ма?
Ондай үйдің қайтемін қабырғасын?
Жиылмайды ешқашан дастарқаным,
Келген жанның алдына ас тартамын.
Кіші болса – кадірлі іні тұтып,
Үлкен болса – құрметтеп бас тартамын.
Кемдеу шықса кейде егер ұсынғаным,
Ысырмағын азсынып,
Қысылмағын.
Бөліп жесіп отырсақ болғаны тек,
Ақ пейілді ақаусыз түсін, жаным.
Өздеріңмен кеңейіп арқа-басым,
Өздеріңмен молайып, артады асым.
Отырайық зорайып, ағайындар,
Өмірдегі тойымыз тарқанасын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қапшағай

  • 0
  • 0

Атады онда балқып таң,
Айдын-шалқар Қапшағай.
Қапшағайды шалқытқан
Қонаевтай жақсы ағай.

Толық

Дельфин

  • 0
  • 0

Халық жақсы біледі
Денесі зор дельфинді.
Көк мұхитта жүреді
Бұзып-жарып толқынды.

Толық

Бабалардың сара жолын жалғаған

  • 0
  • 0

Бабалардың сара жолын жалғаған,
Даналардың дана ойын таңдаған.
Өткен күннен сабақ алып саналы,
Елбасымыз болашақты барлаған.

Толық

Қарап көріңіз