Күйші қыз
1 Күй, күй.
Тағы күй,
Адамның жаны күй,
Өмірдін сәні күй,
Көңілдің таңы күй.
Күмбірлеп домбыра,
Жүрекке қондыра,
Төксе күй мол мұра,
Жан тербер сол мұра.
Домбыра құлағын
Күйменен бұрағын.
Ақтарып бұлағын,
Басталар ұлы ағын.
Шашып күн шуағын,
Басып түн мұнарын,
Шалқытар күй ағын
Жүректің жыр-әнін.
Күй – менің құмарым,
Күй – менің мұрадым.
Өмірдің сырларын
Күйменен ұғамын.
Күймен бір туғанмын,
Күймен бел буғанмын.
Күймен бет жуғанмын,
Күймен шер қуғанмын.
Күй – менің шаттығым,
Күй – менің пәктігім.
Сол күймен тап бүгін
Тарайды тәтті үнім.
Күйменен әмәнда
Үн қосып заманға,
Қанатты қағам да,
Бақытты табам да.
Күй менің санамда,
Күмбірлеп табанда,
Тілейді ғаламда
Жақсылық адамға.
Күйменен мұңаям,
Күйменен тыңаям.
Күйменен жұбанам,
Күйменен қуанам.
Күйменен біргемін,
Күйменен бірге елім.
Аралап үйлерін
Кетеді күйлерім.
Адамдар, адамдар,
Тыңдаңдар, қараңдар.
Ұмытпас замандар
Күй шерткен бабаң бар.
Адамдар, адамдар,
Тыңдаңдар, қараңдар.
Күй шерткен анаң бар,
Күй шерткен балаң бар.
Атадан алмасып,
Немере дәл басып,
Күй солай жалғасып,
Үзілмес алға асып.
2
Бармағынан бал тамған,
Домбырасы – күй бағы.
Жорғалаған майталман
Кім ұмытар Динаны?
Құрманғазы қалдырған
Ескі күйдің көзі еді.
Мейіріңді қандырған
Жаңа күйдің өзі еді.
Төкпей-шашпай түп-түгел
Алып келді мол мұра.
Өткен күнді ұқты ел,
Салып берді домбыра.
Бабасынан бата алып,
Кейінгіге ой тастап,
Күйші Дина атанып,
Кетті думан,
«Той бастап».
«Ақ желеңі» астында,
Домбырасы қолында,
Тартты күйін тасқындап
«Партияның» жолында.
«Он алтыншы жыл» емес
Жырлайтыны ендігі.
Бақыт берген шын «Жеңіс»*,
Алған әйел теңдігі.
*Бұл жерде сөз «8-Наурыз» бен «Жеңіс» күні туралы болып
«Әсем қоңыр» қаз әні,
«Бұлбұл» құстың үндері.
Көңілдің шат базары –
Дина апайдың күйлері.
Құлақ тосып тыңда бір,
Балқып сұлу сазына.
Өз алдына бұл да бір
Сарқылмайтын қазына.
«Жігер», қайрат, қайсарлық,
Ерлікті де ұғасың.
Жайдарылық, жайсаңдық,
Теңдікті де ұғасың.
Әдемілік, әсемдік,
Нәзіктік те табылар.
Бірақ онда бәсеңдік
Дей алмайсың табы бар.
Бірде сілкіп тәніңді,
Бірде жайлап тербейді.
Бірде ұйытып жаныңды,
Бірде шабыт кернейді.
Тап осылай апайдың
Күйлері бар өлмейтін.
Жылдан-жылға талай мың
Қанатын кең сермейтін.
Жоғалар ма нар тұлға,
Егіп кеткен бағы бар.
Тап өзіндей артында
Сіңлілері тағы бар.
Сөздің шынын айтқанда,
Соның бірін танушы ем.
Ол домбыра тартқанда,
Үнсіз ұйып қалушы ем.
3
Көргенде алғаш оны бала дедім,
Елеусіз ептеп қана қарап едім.
Күйлерін кешікпей-ақ тыңдағанда,
Өзіме өзім таң боп қала бердім.
Шынымен өнерлі боп туған екен,
Динадай күйші жолын қуған екен.
Бас қосса үлкен-кіші жиын-тойда,
Ауылдың мақтанышы, думаны екен.
Сарбаз-ай, өзі дағы тартынбайды,
Жайдары жаз күніндей жарқылдайды.
Келген жұрт қыз алдында басын шұлғып,
Бірде күй, бірде сұлу ән тыңдайды.
Қарқындап қаққан сайын шабыты әрі,
Тоғанын күйлерінің ағытады.
Тамырың алпыс екі түгел иіп,
Тілейсің тартса екен деп тағы, тағы.
Кейбіреу көздеріне жас алады,
Кейбіреу жігерленіп жасарады.
Арындап шыға берер небір күйлер
Тығылып жатқан тарих тасадағы.
Тәттімбет, Дәулеткерей, Түркештерің,
Қазанғап, Қауен, Сейтек тіркестерін
Орындап беру үшін жұрт алдында
Жетпейді жарты күнің, бір кештерің.
Тұлпардай домбырасын ойнатады,
Толғау сап төңіректі ойлатады.
Тілдерін түсінерлік адам болса,
Түбіне жүрегінің бойлатады.
Шабытпен «Шалқыманы» шалқытады,
«Балбырауын», «Былқылдақты» балқытады.
Серпілтіп «Серпер» менен «Сары-арқаны»,
«Қосалқа», «Қосбасарды» қалқытады.
Күйінде құдіретті «Көбік шашқан»
Теңіз тұр тау толқыньш тегіп-шашқан.
Қайраған кек қылышын қатулана
Көресің бірде ұстаны көрік басқан.
«Кішкентай» жайлап қана қағылады,
Артынан алып қимыл табылады.
Сап түзеп сансыз атты сабылады,
Жәңгірдей хан ордасы шабылады.
Махамбет, Исатайдың дабылы бар,
Арналы Ақ жайықтың ағыны бар.
Ағаға ілесе алмай армандамын,
Деп тұрған жас куйшінің шағымы бар.
Жау жүрек жасақтардын желігі бар,
Құптаған батырларды ел үні бар.
Ұлы істер «Кішкентайдан» басталады –
Оған мол Құрманғазы сенімі бар.
Қағылса қажырлы күй «Қайран шешем»,
Тұрады саған құшақ жайған шешең.
Ерлікке, батырлыққа баулымаса,
Болады ондай адам қайдан шешен!
«Алатау» ардақтайды әсемдікті,
(Әрине, кім сүйеді бәсеңдікті?)
Көресің күміс қарлы құзар шыңды,
Көресің тау етегін әсем түкті.
«Серперді» серпігенде шебер бармақ,
Безілдеп, бебеу қағып кетер сарнап.
Сарыны самұрықтай қанатты күй
Мүдірмей Марсқа да жетер самғап.
«Сары-арқа» – күйдің күйі, тәңірісі,
Ерекше басқалардан қағылысы.
Дүбірі дүниенің жатыр онда,
Қаптаған қалың қолдың шабылысы.
Тау мен тас, терең мұхит шайқалады,
Өмірге бір қожа күш байқалады.
Артынша алып сарын тына қалып,
Жапанда жасыл орман жайқалады.
«Сары-арқа» – жер аруы, жер еркесі,
«Сары-арқа» – жібек қанат жел еркесі.
«Сары-арқа» сайрағанда, құлақ түріп,
Тыңдайды дүниенің кең өлкесі.
Бұл күйде қазақ елі өмірі бар,
Созылған сахарадай кең үні бар.
Кешегі құлазыған қуаң дала –
Бүгінгі гүлге оранған өнірі бар.
Бұл күйде кешегінің кекті үні бар,
Бұл күйде ертеңгінің екпіні бар.
Әуеннің әлеміне жасап кеткен
Бұл күйде Құрманғазы шоқтығы бар.
Қазақтың сондағы бір Сары-арқасы –
Бұл күнде тербетілген дән алқасы.
Еңбектің шат үнімен үластырып,
Сол күйді қайталайды бар арқасы.
Ойнатып осылай қыз домбырасын,
Тарихтық ақтарады мол мұрасын.
Па шіркін, домбыраның құлақтарын
Нақыштап бір бұраса сол бұрасын.
Ақтарып сырың болса айта алмаған,
Қозғайды көніл күйін шайқалмаған.
Бәрін де күйлерімен құйып берсе,
Кемсітіп, қыз бала деп айтар ма адам?
Керемет кұйлеріне қыз баланың
Қызығып, бір жағынан қызғанамын.
Ардақтап ауыл тегіс аялайды
Өнердің ақиығы, мұзбалағын.
Сол бір қыз, өнерлі қыз алыстағы
Жай тауып жүрегімнен танысқалы,
Сүйріктей саусағының домбырада
Кетпейді көз алдымнан қағыстары.
5
Сол қыздың атасы, анасы,
Ашылып кетердей жарасы,
Әуелде зекіріп тастайтын
Күй тартса баласы.
«Қыз деген әдепті болмас па?
Қу ағаш адамға жолдас па?
Шариғат жолынан тайғандар
Ешқашан оңбас та.
Әйелдің білегі жалаңаш
Көрініп тұрғаны жарамас.
Лақтырып таста да таяқты,
Тірлікке аралас!..».
Бұл сөздер таптырмай тағатын,
Бір мезет тұнжырап қалатын.
Бірақта күй тулап кеудеде,
Мазасын алатын.
Қайтадан қомдап ол қанатын,
Домбыра ішегін қағатын.
Естіген, тыңдаған күйлерін
Айнытпай салатын.
Кейбір кез тұлпардай шабатын,
Жанары жұлдыздай жанатын.
Шабытын шақырып, сапырып,
Тыңнан күй табатын.
Саусақтар майысып тұратын,
Сиқырлы әуендер шығатын.
Құлаққа ұнаған үндерді
Лезде-ақ ұғатын.
Көшеде жүрсе де қыдырып,
Кейбір сәт сәл тоқтап, кідіріп,
Күй сазы жетектеп,
Келеді үйіне жүгіріп.
Шабыты шалқыған мұндайда
Әке мен шешені тыңдай ма?
Тоқтамай төгілте тартады
Түн қалып бірқайда.
Ата да, ана да бір ауық
Өнерге көңілі шын ауып,
Үн-түнсіз маужырап қалады
Кетсе де түн ауып.
Босатып домбыра жүйені,
Бойдағы бар тамыр иеді.
Қыздарын аймалап сүйеді –
Сүйдірген күйі еді.
Біртіндеп күй тыңдап өздері,
Көбейді отырар кездері.
Екі адам бас қосса, қыздары –
Айтатын сөздері.
«Қызымыз жасынан ерке еді,
Осы үйдің һәм қызы, еркегі.
Жаныңды күйменен ертеді,
Домбыра шертеді.
Қыз түгіл ұлыңды салыстыр,
Өнерлі болса егер жарыстыр.
Шоқтығы жоғары басқадан,
Шабады алыс бұл.
Кәнеки, қарағым, Маржаным,
Қолыңа домбыра ал, жаным.
Тыңдасын күйіңді көпшілік,
Болмасын арзан үн!»
Осылай қояды желпініп,
Тосады құлағын ел түріп.
Қыз дағы басады бармағын
Күйіне келтіріп.
Бірде күй бұлқына ентігіп,
Гулейді ышқына жел тұрып.
Бірде күй мөлдірей қалады
Бейне бір көл тұнық.
Әр жүрек қалауын табады,
Күйші де тынбайды, қағады.
Алғыстың астында қалады,
Жалт етіп жанары.
Әке де бетінен қақпайды,
Қарағым күйші деп мақтайды.
Күн-түні кеудесін күй кернеп,
Қыз тыным таппайды.
Домбыра күмбірлеп тынбайды,
Еңбекті, ерлікті жырлайды.
Сиқырлы үндері жүректің
Еркін ұрлайды.
Күйлерге теңіздей тасыған
Өзім де құмар ем жасымнан.
Сол қызды көруге қашанда
Ауылға асығам.
Ауылым – аялы бесігім,
Айқара ашады есігін.
Тудырып жатады тынымсыз
Ұлылар есімін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі