Өлең, жыр, ақындар

Сығандар

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1320
(С.А.Пушкиннен)

Сығандар шулы тобырмен
Бесарабияда қашықта,
Өзенді бойлап көңілмен,
Қонады жыртық лашықта.
Түндерде тұнық тамаша,
Түстер де тәтті, бар ма мұң?
Төселген тоқым, алаша
Астында ағаш арбаның.
Маздаған отты қоршалап,
Дайындап жатыр түнгі асты.
Артында үйдің бозшолақ,
Мүлгиді аю жүн басты.
Тіршілік қамы жанданған,
Жаңғыртқан жапан даланы.
Ертеңгі жолға қамданған,
Ананың әні, бала үні.
Ауғанда түннің жарымы,
Табады тобыр тыныштық.
Шатырдың сөніп жарығы,
Иттер-ақ үрер дыбыс қып.
Бұйыға қалған айнала,
Ұйқыға кеткен баладай.
Аспанда қалқып жай ғана,
Сәулесін төгіп барады ай.
Ұйқысыз жалғыз шал ғана,
Қыздырып шоққа қолдарын,
Алысқа қарап толғана,
Барлайды дала жондарын.
Жас қызы үйде отырмай,
Қыдырып кеткен сайрандап.
Таранып түнде тотыдай,
Жүреді еркін жайраңдап.
Жиекке таман ай аунап,
Болғанда түннің ортасы,
Земфира келді баяулап,
Суып та қалған сорпасы.
Сығандар бұрын білмеген
Бір жігіт еріп келеді.
«Әке!» – деп батыл үнменен,
Қыз сонда жауап береді:
«Танысып бүгін түзде мен,
Әкелдім бастап ауылға.
Қабылдап жылы жүзбенен,
Тартайық жақын бауырға.
Жан жарым осы іздеген,
Алеко деп біл есімін.
Болады дәйім бізбенен,
Қабылдап сыған рәсімін».
Шал:
Қуанам, балам, қонып шық
Астында біздің шатырдың.
Немесе сыған болып шық,
Ниетпен адал шақырдым.
Көшесің кезбе өмірге,
Басыңда осы баспана.
Алмайсың қайту көңілге,
Төзесің там-тұм асқа да.
Көшеміз ертең күн шыға,
Аюмен ауыл шарлайсың.
Немесе ән сап құлшына,
Соғуға темір қандайсың?
Алеко:
Тұрамын барлық шартыңа.
Земфира:
Ол менің, әке, сүйіктім.
Келтірмей сыған қалпына,
Жіберер қайта қуып кім?
* * *
Атады таң да арайлап,
Көрсетіп күнгей нарт жүзін.
Шатырды үнсіз маңайлап,
Оятар сол шақ қарт қызын.
Айқай-шу түгел төңірек,
Қамданған қайта сапарға.
Ит үріп, сиыр мөңіреп,
Салдырап жатыр ат арба.
Есекке мінген еркелеп,
Күледі мұңсыз балалар.
Келеді еріп ентелеп,
Қыз, келін, ата-аналар.
Арбаның сылдыр-сықыры,
Тобырдың салған әні де,
Аюдың даусы, тыпыры –
Көріксіз, сәнсіз бәрі де.
Сонда да сол ән көңілді,
Қайғысыз, мұңсыз мұнда әр күн.
Өткізген өксіп өмірді
Үні емес сорлы құлдардың.
* * *
Далаға жазық жас жігіт
Келеді қарап толғана.
Ашпайды сырын тас бүгіп,
Қинайды жанын сол ғана.
Келеді жігіт, келеді,
Қасында еріп сұлуы.
Жанына жалын береді.
Қыздырып күннің жылуы.
Бар еді қандай тілегі?
Қарайды алға не үмітпен?
Тулайды неге жүрегі?
Батады ойға неліктен?
Тәңірдің ұшқан торғайы,
Ойында ешбір жоқ қайғы.
Тоңса да қыста борбайы,
Тұрақты үй де соқпайды.
Ұзақ түн жолда қалғиды,
Оянар таңда паңдана.
Ағытып қайта ән-күйді,
Арнайды барын Аллаға.
Көктемнен кейін көрікті
Жайдары жаз да із берер.
Бүркеніп бұлт бөрікті,
Артынан сұрғылт күз келер.
Көңілсіз сол кез адамдар,
Тұманды күнді мақтар ма?
Торғай ма оған алаңдар,
Ұшады жылы жақтарға.
* * *
Алеко сол бір шымшықтай,
Білмеді жылы үй, қосыңды.
Тобырға көшкен күн шықпай
Қаңғырып келіп қосылды.
Жол дайын қайда барса да,
Орын кең, дала қондырар.
Таңертең қайта қарсы ала,
Алдында күтіп жол тұрар.
Күлімдеп көкте бір жұлдыз,
Кейде оны ымдап шақырды.
Мұңайып бірде үн-түнсіз,
Күледі бірде шат үнді.
Басталса нөсер аспанда,
Найзағай ойнап шатырлап,
Алеко одан сасқан ба?
Ұйықтайды бейғам жатып ап.
Жақсылы-жаман пенденің
Тыңдаған жоқ ол әмірін.
Ішіне тартып мол демін,
Танымай жүрді Тәңірін.
Бір күш бар алмас кесердей
Тулаған ыстық қанында.
Төгілер бір күн нөсердей,
Жасырын қалмас жанында.
Земфира:
Айтшы сен, достым, бөлінді
Ісіңе өкінбеймісің?
Алеко:
Не үшін?
Земфира:
Туған еліңді
Сағынып, уайым жеймісің?
Алеко:
Білсеңші, нені тастадым,
Көрсеңші, әттең, өзің бір.
Әдейлеп елден қашпадым,
Қинайды мені сөзің бұл.
Айтайын несін қала деп,
Қоңырсық исі сасыған.
Қайыршы жандар және көп,
Қарасаң, жаның ашыған.
Саудаға салып арыңды,
Табынып пұтқа бас иген.
Азапқа салса жаныңды,
Не қайыр сәнді тас үйден?
Тастадым нені, бауырым? –
Тастадым ауыр азапты.
Қайғылы халық қауымын,
Қорлаған күлкі, мазақты.
Земфира:
Қалада зәулім үйлер бар,
Көркіне жаның сүйінген.
Қызықты кештер, билер бар,
Қыздары әсем киінген.
Алеко:
Ондағы шудың несі таң,
Көңілің күйге толмаса?
Киінген қыздың несі сән,
Махаббатқа орын болмаса?
Ерікті сенің өмірің,
Олардан әлде мың артық..
Қалады сені көңілім,
Беріле сүйіп, құмартып.
Шал:
Сүйесің бізді жырақта,
Шықсаң да батыр халықтан.
Көпшілік адам, бірақ та,
Жай таппас жаңа қалыптан.
Ертеден қалған аңыз бар,
Сөзіме менің құлақ сал.
Қуыпты оны жауыздар,
Келді бір бізге жылап шал.
Болса да кәрі жасымен,
Жанымен өршіл жас еді.
Әнімен, әсем даусымен
Тобырлы тойдың басы еді.
Еліткен елді екпінді
Үні ғой берген Құдайдың.
Өткізді сол шал көп күнді
Жағасын бойлап Дунайдың.
Кәрілік жетіп қаусаған,
Жұмысқа күші жоқ еді.
Сол үшін жастар ау салған,
Құсты да атып береді.
Ойдырып мұзды тоңдарын,
Әкелер сусын суаттан.
Қояды жауып тоңдарын,
Ұсынып орын шуақтан.
Төзбеді сол шал дегенмен,
Осы бір кедей тұрмысқа.
Құдайым қуды мені елден,
Жазғырып жазым қылмысқа.
Үмітін артып, деп жүрді, –
Қайрымы түсер Құдайдың.
Өткізді өксіп көп жылды,
Жағасын бойлап Дунайдың.
Елім деп, сақтап қасиет,
Көзінің жасын төгетін.
Кетті ол айтып өсиет,
Күндері соңғы өлетін:
«Қойыңдар туған жерімде,
Қаздырып маған моланы.
Жарасар жатса көрінде,
Жат елдің келген қонағы».
Алеко:
Ұлыңның осы түр-түсі,
О, Рим, даңқты держава!...
Махаббат, Тәңір жыршысы,
Атақ не? Ашып бер баға.
Табыт үн, бірде бақыт үн,
Өзекті бойлап өртеді.
Шақырған сыған шабытын,
Болар ма әлде ертегі?
* * *
Екі жыл өтті қалпынша,
Көшеді олар тобырмен.
Күн батса болды, салтынша
Шешеді жүгін көңілмен.
Басылып аздап бойдағы от,
Алеко бейғам күйге енді.
Уайым-қайғы ойда жоқ,
Сығандық салтқа үйренді.
Ұмытып өткен күндерін,
Мүлгиді дала түнінде.
Сүйеді сыған үндерін,
Сүйеді сыған тілін де.
Аю да қашқан інінен,
Қамығып қабақ түймейді.
Аралап ауыл күнімен,
Маймаңдап ауыр билейді.
Болдырып аю бір сәтте,
Шынжырын қарш-құрш шайнайды.
Шалдығып шал да бұл сәтте,
Сылдырмақ қағып жайлайды.
Алеко ән сап тұрады,
Земфира ауыл жағалап.
Осылай ойын құрады,
Олжасын тауып шамалап.
Үшеуі қайтып кештете,
Пісірер түнгі ботқасын.
Жатқан соң шал да ес кете,
Тыныштық басар от басын.
* * *
Шал жатыр қымтап есігін,
Қыздырып қанын суалған.
Тербесе қызы бесігін,
Алеко үнсіз қуарған.
Земфира:
«Шал ерім – қарт байым,
Сой мені, отқа сал.
Қорықпаймын, қайтпаймын,
Пышақ та – отты ажал.
Сені жек көремін,
Сүйемін өзгені.
Ғашық боп өлемін,
Босатқын тез мені».
Алеко:
Сандырақ әнің құрысын,
Қатырмай басты, қой енді!
Земфира:
Болмасын онда жұмысың,
Өзімше айтам өлеңді.
Отқа сал, жар мені,
Айтпаймын мен оны.
Қарт байым, шал пері,
Білмейсің сен оны.
Көктемнен көрікті,
Жаздан да жайдары.
Таптым жас серікті,
Алмастай айбары.
Түндерде кіргенбіз
Махаббат бағына.
Сонда біз күлгенбіз
Шашыңның ағына.
Алеко:
Жетеді, доғар, Земфира!
Земфира:
Ұқтың ба енді әнімді?
Алеко:
Земфира!
Земфира:
Шалым, ал тыңда,
Кетсе де өртеп жаныңды.
(кетіп бара жатып әндетеді:
«Ескі байым, кет әрмен»)
Шал:
Білемін, білем бұл әнді,
Айтылған жастық шағымда.
Ешнәрсе жоқ қой күмәнді,
Сақталған елдің жадында.
Қырында жүріп Кагула,
Әйелім менің босанды.
Тербетіп қызын Мариулам,
Салған-ды бір түн осы әнді.
Жыл өткен сайын жылыстап,
Көмескі-күңгірт болды маң.
Барады екен ұмыт қап,
Көңілден кетіп сол бір ән.
* * *
Қорғасын түске боянған
Тынық түн, тыныш айлы аспан.
Қызы мен шал да оянған,
Таң атып, елдер жайласқан.
Земфира:
Бөлекше бүгін Алеко,
Жүзінде үрей бар, әке!
Шал:
Тыныштық сақта сәл уақ,
Тиіспе оған, үндеме.
Жүрген қысып аруақ,
Дөңбекшіп шықса түнде де.
Қасыма келші, қалқашым,
Несіне сонша қорқасың?
Земфира:
Сыбырлап жатыр, көрдің бе?
Атымды атап, іздейді.
Шал:
Қымбатсың оған өмірде,
Үмітін сенен үзбейді.
Земфира:
Сүймейді мені бәрібір,
Үмітім мүлдем кесілді.
Тыңдашы, әке, тағы бір
Шақырып жатыр есімді.
Шал:
Кім екен?
Земфира:
Анық тыңдашы,
Булығып жатыр бұрқырап.
Бетімді, әке, бұрмашы,
Оятам қазір жұлқылап.
Шал:
Аруақ қой, қалқам, не етеді?
Тиіспе, өзі-ақ кетеді.
Земфира:
Оянды, маған қарады,
Шақырды мені Алеко.
Қасына жылдам барамын,
Ұйықтағын енді, бар, әке.
Алеко:
Кімменен болдың?!
Земфира:
Әкеммен,
Қиналдың қатты ертеңмен.
Әуреге сені түсірген
Аруақ болар түн кезбе.
Шошындым жаман түсіңнен,
Шақырдың мені бір кезде.
Алеко:
Түсімде көрдім далада,
Біреу жүр бөтен арада...
Зор арман көрдім жаңа да...
Земфира:
Түсіңе сенбе, қарама.
Алеко:
Сенбеймін енді түкке де,
Жұбатпас жылы сөз мені.
Сенбеймін тәтті түске де,
Кеттің ғой сүйіп өзгені.
Шал:
Алмағын қаяу көңілге,
Жігітім, жаның ерікті.
Құшағын жайған көгің де,
Қыздары қандай көрікті,
Торықсаң, үміт күйрейді.
Алеко:
Қызыңыз мені сүймейді.
Шал:
Тыңдашы, қызым бала ғой,
Сүйесің, жаным біледі.
Баланың ісі шала ғой,
Ерекше әйел жүрегі.
Көрдің бе сонау көкте айды?
Бұлтқа жайлап кіреді.
Азырақ оған тоқтайды,
Одан да әрі жүреді.
Кірсе де қандай бұлтқа,
Талғаусыз құшып өбеді.
Сытылып шықса сырытқа,
Өзгеге нұрын төгеді.
Танымас тәуба – Тәңірін,
Сол сынды жас қыз жүрегі.
Айтқанмен өтпес әмірің,
Тілегі көп қой, тілегі.
Алеко:
Шат еді сол бір шақтары,
Тұп-тұнық айлы түндері.
Есімде алда жатқаны,
Есімде шексіз күлгені.
Есімде талалй сайларды
Жағалап бірге жүргені.
Есімде ауыр ойларды
Басымнан мүлдем түргені.
Қатайтып қайта денемді,
Есімде адал сүйгені.
Қалайша сатты ол енді?
Жазылмас жанның күйгені.
Шал:
Айтайын бір гәп белгілі,
Басымнан өзім кешірген.
Түсірдің ойға сен мұны,
Кеткенмен шығып есімнен.
Ертеде, ерте болды аңыз,
Төнбеген қауіп Дунайға.
Қорқатын едік онда біз,
Сұлтанды санап Құдайға.
Патшасын Буджак басқардым,
Қолымда қайрат-қуатым.
Шыңындай биік асқардың,
Арманнан арман туатын.
Қызықты сол бір жасымда
Жаным бір жалын-шоқ еді.
Қап-қара, бұйра шашым да,
Бір де бір ақ тал жоқ еді.
Ішінде сұлу қыздардың
Ұнаттым қатты біреуін.
Құмартып, сол жас қызды алдым.
Ақыры болып тілеуім.
Жастығым аққан жұлдыздай,
Кетті өтіп жылдам жылжып-ақ..
Махабббат ұзақ тұрғызбай,
Мариулам сүйді бір жыл-ақ.
Кагулдың тулап төгілген
Жағасын бойлап бір түні,
Кезіктік басқа тобырмен,
Сығанның ол да бір түрі.
Екі күн бір боп бізбенен,
Үшінші күні бөлінді.
Таңертең қалдым қызбенен,
Жоқ болды жарым сенімді.
Артынан білдім, Мариулам
Кетіпті бірге тобырмен.
Земфирам ол кез ару жан,
Жылаудан басқа не білген?
Жыладым өксіп сол күннен,
Жадырап ешбір күлмедім.
Жібітпес жанды көркімен,
Әйелді дос деп білмедім.
Алеко:
Қумадың сонда сен неге?
Қалайша шыдап жан қалды?
Опасыз әйел, ерге де
Сұқпадың неге қанжарды?
Шал:
Махаббат, жастық – еркін құс,
Ешнәрсе бөгет бола алмас.
Кезінде күл де, еркін құш,
Өткен іс қайта оралмас.
Алеко:
Мен оған, жоқ-жоқ, төзбеймін,
Басыма туса мұндай күн.
Өлімді ғана көздеймін,
Кегімді алмай тынбаймын.
Ұйқыда жатқан кезінде,
Кезіксе егер дұшпаным,
Лақтырып асау теңізге,
Көрер ем толқын құшқанын.
Жатса да жауым қылқынып,
Аямас едім өлімін.
Қарқылдап тұрып бір күліп,
Жай табар еді көңілім.
Жас сыған:
Сүйгізші тағы, тағы бір.
Земфира:
Кетейін, байым қызғаншақ.
Жас сыған:
Кетесің қазір бәрібір.
Земфира:
Құртады бізді ұсталсақ.
Жас сыған:
Енді сен қашан келесің?
Земфира:
Күте бер түнде молада.
Жас сыған:
Өтірік, қалай сенесің?
Земфира:
Кеп қалды, тығыл қораға!
* * *
Алеко жатыр түс көріп,
Булығып, қатты қысылып.
Сөйлейді кейде тістеніп,
Көрпесін жерге түсіріп.
Созады қолын қызғанып,
Алдында жансыз дуал-ақ.
Қайтады кейін мұз қарып,
Қолдары өзін уалап.
Қасында сүйген жары жоқ,
Тұрды ол бір кез шошынып.
Ұмтылды тысқа, әлі жоқ,
Үрейге үрей қосылып.
Айнала үнсіз меңіреу,
Келеді түкті ұқпастан.
Көрінбес көзге не біреу,
Шөптердің басын шық басқан.
Жымыңдап көкте жұлдыздар,
Төгеді ай нұрын далаға.
Көзіне түсіп бір із дәл,
Барады бастап молаға.
Мола тұр жолдың шетінде,
Ағараңдайды алыстан.
Аяғы дір-дір етуде,
Саусақтары да қарысқан.
Сезгендей алда сұмдықты,
Жүрегі кенет қысылды.
Алеко сол кез күдікті
Көреді екі мүсінді.
Сүйісіп жатыр өздері,
Келіп тұр анық сөздері:
1-дауыс:
Кетемін.
2-дауыс:
Тоқта!
1-дауыс:
Сүйіктім...
2-дауыс:
Боламыз ақ таң атқанша.
1-дауыс:
Кетемін.
2-дауыс:
Сөзді тый, ұққын!
1-дауыс:
Құртасың мені қас жанша.
2-дауыс:
Бір минут!
1-дауыс:
Менсіз күйеуім
Оянып қалар, көресің.
Алеко:
Ояндым, болды тілеуің,
Екеуің бірге өлесің!
Земфира:
Сүйіктім, қаш, қаш!
Алеко:
Тоқтағын!
Осымен бітті соқпағың!
(Сығанға қанжарын сұғып алады)
Земфира:
Алеко!
Жас сыған:
Өліп барамын.
Земфира:
Былай тұр енді сұмырай!
Қанына ыстық қарағын,
Не істедің, ойбай, сұмдық-ай?!
Алеко:
Тыныс ал махаббатыңмен.
Земфира:
Қорықпаймын сенен бәрібір.
Қарғаймын сайтан антымен,
Қасымнан аулақ, әрі жүр!
Алеко:
Сенің де сол ма керегің?!
(Оған да қанжар салады)
Земфира:
Өлсем де сүйіп өлемін...
(Өледі)
* * *
Отырды үнсіз Алеко,
Жан жары қайда, жан жары?
Алдында – өлік жан екі,
Қолында қанды қанжары.
Таңертең тобыр жиылды,
Алеко үнсіз отырды.
Қос өмір қабат қиылды,
Сығандар қатты өкінді.
Екеуін көміп бір жерге,
Сығандар жүрді ілгері.
Алеко ерді, бұл жерде
Ешбірі сөзге ілмеді.
Келеді көшіп сабылып,
Ілесіп бәрі арбаға.
Қайғының бұлтын жамылып,
Жанады іштей шал ғана.
Өзенге шағын келгенде,
Бастады сөзді шал тұрып:
«Өр жігіт, бездің елден де,
Бізден де кеткін қаңғырып.
Жабайы жанбыз, тағымыз,
Бола алмас серік қанішер.
Мейрімді, бірақ, жанымыз,
Тимейміз саған, таныс ер.
Өзіңе іздеп бостандық,
Сүйесің жалғыз өзіңді.
Жүргенмен бірге бос қаңғып,
Болмассың енді төзімді.
Батырсың әрі зұлымсың,
Тағдырың бізден бір бөлек.
Жаттығың анық білінсін,
Өмірді енді сүр бөлек». –
Деді де шулы тобырмен
Ілесіп әрі шал кетті.
Қосылып бәрі көңілмен,
Сығанның әнін әндетті.
Көрінбей кетті біртіндеп,
Шулатып күзгі таңды ұзақ.
Бір арба қалды бұл түн тек,
Жапанда жансыз жалғыз-ақ.
Қыбырсыз қалды сол арба,
Жаралы жеке тырнадай.
Көңілі күңгірт болар ма?
Күлімдеп көкте тумады-ай.
Жанбады от та ондағы,
Ешкім де онда қонбады.
Жайылып жүрген оттағы
Түспеді көзге ат-тағы.
Эпилог
Өлеңнің отты күшімен
Есіме түсті сол бір гәп.
Жылдардың өткен ізімен
Ойымда жүрген солғындап.
Азабын тартып көп жылдың,
Бармаған жерім қалды ма?
Далада мен де көп жүрдім,
Таныдым сығандарды да.
Күндіз де түнде әндеткен,
Көргенмін сыған жастарын.
Тапшы да болса дәмді еткен,
Жегенмін сыған астарын.
Мариула атын жаттадым,
Ұзақ жыл есте сақтадым.
* * *
Сендерден бақыт қашық тым,
Тәңірдің тағы ұлдары!
Астында жыртық лашықтың
Азаппен өткен жылдары.
Көшкенмен еркін далада,
Құтылмадыңдар азаптан.
Болмады қамқор, пана да,
Бермеді тағдыр азат таң.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Салыстыру

  • 0
  • 0

Қырандар кейде қарғадан
Төмендеу ұшып-қонады.
Қыраннан, бірақ, самғаған
Ұша алмас қарға жоғары.

Толық

Қобдиша

  • 0
  • 0

Кейде ойлау керек қой,
Еңбек жөні бөлек қой.
Қыбын тапсаң болғаны,
Іс оңалар қолдағы.

Толық

Жылан

  • 0
  • 0

Жылан бірде Юпитерден өтінді:
«Дауысын бер Бұлбұлдың,
Әйтпесе, өмірім суып қалған секілді.
Қайда барсам, құрғұрдың

Толық

Қарап көріңіз