Жас ақын мен жай адам
Бұл бетте «Жас ақын мен жай адам» атты Абдрахман Асылбек жазған поэзия туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.
Кездесіп қап жас ақын жай Адамға,
Сұрақ берді табанда:
– Білсем деп ем құнымды,
Айтшы бүкпей шыныңды,
Мен қандайлық ақынмын өз шамаңда?
Адам болса жауабынан саспады,
Сөзін былай бастады:
Білгің келсе бағаңды,
Екі ұсыныс айтамын.
Әуел біраз қаламдас дос-жаранды
Қонақ қылып байқағын.
Ішіп-жемі дегенді
Алдарына үйіп-төк.
Көкке тіреп төбеңді,
Қаласың бір биіктеп...
Тап келесі аптада
Ақынымыз шаттана,
Тауып әлгі Адамды,
Былай деді: «Ұқтым нағыз бағамды.
Қонақ деген көп болды,
Дастарқаным тоқ болды.
Бәрі мені мақтады,
Қоярға жер таппады.
Бірі айтты: «Мына сенің қасыңда
Ақын боп па Қасым да?»
Екіншісі деді еліріп: «Абайла,
Абай да
Сен тұрғанда жақындамас маңайға!»
Мен осылай өзімнің
Тума талант екенімді сезіндім.
– Тоқта, – деді әлгі Адам, –
Емес бұл да дәл бағаң.
Енді кітап дүкеніне кір өзің,
Сонда ғана шын бағаңды білесің...
Әлгі Адам жақында,
Көріп қалып, сұрақ қойды Ақынға:
– Қалай, достым, дүкенде сен болдың ба?
Назарың тым солғындау.
– Иә, солай, ағасы,
Түсірдіңіз төтен ой.
Ақынның шын бағасы
Өлеңінде екен ғой.
Сөрелерде тұр самсап,
Кітаптарым өтпеген.
Қуған екем құр мансап,
Жұртқа жырым жетпеген, –
Деді Ақын салбырап, –
Өзімді алда танытамын, ал, бірақ!
* * *
Сөз бен істің арасын
Жер мен көктей деп танып,
Ақынның шын бағасын
Анықтайды, тек халық.
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі