Сөз таптары
1. Зат есім
Зат есім затты білдіреді,
Немесе атты білдіреді.
Баланы, ананы,
Даланы, ұланы,
Орманды, тоғайды,
Торғайды, торайды...
Қысқасы, бар елде,
Ғаламат әлемде
Қандай зат бар,
Қандай ат бар.
Қандай бар ұғым –
Айтады барлығын.
2. Сын есім
Сөз табының бірі –
Сын есім,
Міндетін жақсы білесің.
Өйткені сен онымен
Күнде бірге жүресің.
Байқайды шамаңды,
Береді бағаңды.
Жасырмай айтады
Жақсы мен жаманды.
Жалқауды жалқау дейді,
Аңқауды аңқау дейді.
Еңбек сүйгішті жақтайды,
Ондай баланы мақтайды.
3. Сан есім
Сан есім санды білдіреді,
Сонымен бірге мәнді білдіреді.
«Бір» деген болымсыз сан,
Айтуға толымсыз сан.
«Екі» де оңып тұрған жоқ,
Көңілге қонып тұрған жоқ.
Орта сан «үш» деген,
Жоқ онда күш дегеи.
«Төрт» деген жақсы баға,
Алады жақсы бала.
Үздік баға «бес» деген,
Еңсесі биік өзгеден.
Осылайша сан артады,
Сан артса мән артады.
4. Жіктеу есімдігі
Мен,
Сен,
Ол,
Інім, таныс бол.
Жіктеліп жүреді,
Бар айыбы сол.
Мен дейді,
Сен дейді,
Бір-біріне сенбейді.
Ол дейді,
Олға көңіл бөлмейді.
Түптеп келгенде,
Тірліктері өнбейді.
Біз,
Сіз,
Олар,
Көпке таныс болар.
Қимылына қарасаң,
Көңілің толар.
Біз дейді,
Сіз дейді,
Бірлігін үзбейді.
Бір нәрсе іздесе,
Бірігіп іздейді.
Олар да
Қосылады соларға.
Ауызбірлік бар жерге
Қауіп-қатер жолар ма?
5. Етістік
Етістік қимылды білдіреді,
Қуантады, күлдіреді,
Тұрғызады, жүргізеді,
Шабытқа мінгізеді.
Ойнатады, ойлатады,
Еңбекке бойлатады.
Әр шыңды бастырады,
Жаңалық аштырады.
Тынықтырады,
Шынықтырады,
Жалқаулықты ұмыттырады.
6. Үстеу
Үстеу – қимылға үстеме,
Таңертең де, түсте де,
Өзіңмен бірге жүреді
Төменде де, үсте де.
Ойлаған жерден шықпасаң,
Тұрады бейім күшке де.
Ізіңді әрбір бағады,
Кемшілігің болса табады.
Есіңе сақта, балақай,
Пысықтық қана жағады.
7. Одағай
Сөз табының бірі –
Одағай,
Одағай бірақ жадағай.
Мағана жоқ, мәні жоқ,
Жеке тұрып әлі жоқ.
Деп: «Пах, пах!»
Біреуді мақтап,
Іштен алып зор тыныс,
Білдіреді қорқыныш.
Көрсетіп кейде көп қызық,
Қуаныш хабар жеткізіп,
«Алақай, – деп, – алақай!»
Шаттанады балақай.
8. Шылау
Сөз табының бірі –
Шылау,
Атқаратын міндеті мынау:
Сөз бен сөзді,
Сөйлем мен сөйлемді
Жалғастыру не құрау.
Кейде орынсыз жүреді,
Керексіз жерге кіреді.
Ойланбай сөйлеген баланы
Шылауынан алады
Берекесін алып өзінің,
Шырқын бұзар сөзінің.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі