Ысмайыл ханды ханымы Күнжанның жоқтауы
Биссимилла деп бастайын,
Асылық сөзді қоспайын.
Құдай бір басқа салған соң,
Ерегесіп саспайын.
Жылады деп сөкпеңіз,
Әлем білген ерімді,
Жоқтаусыз қайтып тастайын?!
Мен жыламай қайтейін,
Отыз жастың ішінде
Жесір де қалдым жастайын.
Кешегі менің көкжалым,
Аруақ қонған жасынан.
Мың сан кісі жау келсе,
Жолдасын бермес қасынан.
Қара маңдай хан еді,
Ақылды туған асылдан.
Асылдығының белгісі—
Орын алған бабасы,
Хазіреттің қасынан.
Арғымақ тұлпар жайлаған,
Ақ сұңқар салып байлаған.
Мың сан кісі жау келсе,
Алдына салып айдаған.
Айтқаны екі болмаған,
Атының басын бұрмаған.
Айдынын бір көрген жау,
Алдына қарсы тұрмаған.
Арманда өткен шырағым,
Жеңіл де болсын сұрағың!
Әулие, пірлер медет қып,
Бейіште болсын тұрағың!
Толы бір топқа кіргенде,
Шоқтығы шығып сөйлеген.
Әділдігі сонша еді—
Адамзаттың баласын
Өз ұлындай көздеген.
Ер құнында даулы боп,
Екі ұдай боп ел сасса,
Жақсы сөзбен жөндеген.
Өз ақылы болмаса,
Бөтен сөзге көнбеген.
Науқастанып келгенде,
Жұрт сарылып тіледі,
Тілегін Жаппар бермеген,
Көзінің жасын көрмеген.
Бізден бұрын өтіпті,
Жүз жиырма төрт мың Пайғамбар,
Отыз үш мың патшалар.
Олар да бар ма өлмеген?!
Уа, дариға, көнерміз,
Құдіреттің ісіне,
Пендесі бар ма көнбеген?!
Гауһардан соққан ел-жұртым,
Қанатым менің қайрылды.
Жүрегіме дақ түсіп,
Жасық пышақтай майрылды.
Асылзада сұңқарым,
Өлгеніңді есітіп,
Адамзат бәрі қайғырды.
Тағдырды Құдай тез беріп,
Отыз жасқа келгенде,
Айбатымнан айырды.
Қаһарына мінгенде,
Шын ашуы келгенде,
Тілмаш құрлы көрмеген,
Дуанбасы майырды.
Не қылса да еркі бар,
Құдіреті үлкен Жаратқан.
Қадамың таймады, шырағым,
Сүйіп мінген қара аттан.
Тағдырды Құдай тез беріп,
Ел сорына кез келіп,
Айрылдым, жұртым, қарақтан!
Мырзалығы сонша еді—
Ғаріп пенен кәсірге
Барлық малын таратқан.
Енді мұндай жан тумас
Бөкей, Тәуке, Барақтан.
Тумай сөзге ілініп,
Ақ патшаға білініп,
Жастайынан шен алған,
Шапаны келген санаттан.
Ақылменен ел алған,
Басшыға халқы сайлаған.
Ешкімге сөзін бермеген,
Дұшпаннан қорлық көрмеген.
Жасынан-ақ аруағы,
Күннен-күнге өрлеген.
Замана жаман күнінде,
Аз ғана күн жүрмеді.
Ырысы қайтқан жұртының,
Көзінің жасын көрмеді.
Кешегі менің бегзатым,
Бесінде мектеп оқыған,
Алтыда ақыл тоқыған.
Жетісіне келгенде,
Жетпіс жерден дін сұрап,
Құдықтай көзін шұқыған.
Сегізіне келгенде,
Сергердіге бас болған.
Тоғызына келгенде,
Толған айдай балқыған.
Тоғыздан онға келген соң,
Дәулеті көлдей шалқыған.
Он біріне келгенде,
Ақылы асты халқынан.
Он екіге келгенде,
Құрбы өтпеді нарқынан.
Жиырмадан өткен соң,
Енді отызға жеткен соң,
Салиқалы би болды.
Миуасы алтын шынарым,
Шынардай ағаш түбінен.
Құдіретсіз сынар ма?!
Халық иесі тұрмады.
Жоқтамай көңілім тынар ма?!
Көруге жұрты құмар-ды,
Пайғамбар сынды асылды.
Жайнап та жүрген бегзатым,
Су сепкендей басылды.
Алдыңнан құдай жарылқап,
Пейіштің есігі ашылғай!
Келбетіңді қайтейін,
Гауһар, жақұт тасындай.
Күнайыңды кешсін деп,
Ысқат беріп отырмын,
Отыздағы жасыңда-ай!
Кімге тастап кеттіңіз,
Қара Айтымбет еліңді?!
Дүниеден еркем өткен соң,
Қусырды жаман белімді.
Құдайдың өзі суалтты,
Айдын шалқар көлімді.
Бейіш барсаң, орын ал!
Хордың қызы жолықса,
Бірін көр де, бірін ал!
Артыңда қалған ел-жұртың,
Бала-шаға ойыңа ал!
Ұмытпай ойға алсаңыз,
Қияметте жолығар.
Биссимилла деп сөз айтқан,
Шырағымда иман бар.
Сұм дүние сағым боларсың,
Баршаны жалмап тынарсың.
Жылтырайсың сыртыңнан,
Өртенген ішің шынарсың.
Абайлатпай адамға,
Ақыр бір күн құларсың.
Кешегі кеткен арыстан,
Қайткенде естен шығарсың.
Сөзімнің басы биссимилла,
Биссимилласыз іс қылма,
Құдірет салды-ау құрығын
Айдында туған арыстанға.
Керуен көшсе, жол қалар,
Өткен дәурен соң қалар.
Қанаты сынса сұңқардың,
Қайраты болмас қарға алар.
Қапасы қатты дүние-ай,
Көзімнің жасы сорғалар.
Сұм дүние-ай, қазір көшесің,
Өткіздің ердің нешесін.
Бес күндей қызық көрсетіп,
Аларсыз ақыр есесін.
Біреудің алып баласын,
Жылатып койдың шешесін.
Жетім қылдың жасында,
Біреудің алып әкесін.
Тыңдаңыздар, жақсылар!
Әуел сөздің басынан.
Өлім жақын адамның
Көзі менен қасынан.
Ешкім жақын болған жоқ,
Ол Мұхамбет досынан.
Сол ерді де зарлатқан
,
Жалғызын алып жасынан.
Ойласаңдар, ағайын,
Жаман іс бар ма осыдан?!
Мұң тыңдаған ағайын,
Мұңымды айтып шағайын.
Кешегі жүрген арыстанды,
Қай жақтан іздеп табайын?!
Әуелі құдай, биссимилла,
Жат етейін рақымнан!
Біздей зарлап өткен жоқ,
Бұрынғы да неше жан.
Неше бек өткен, неше хан,
Бұрынғы өткен пайғамбар,
Бәрі өлімге болды тән.
Бар кісіге жарасар,
Өлімге де қылған сән.
Күні-түні зарланып,
Қарлығып тұр біздің ән.
Жапырағы алтын шынарым,
Жалын тимей сынар ма?
Оңымен аққан дария,
Теріс айналып тынар ма?
Асылмаған жан бар ма.
Кешегі алтын шынарға?!
Дабысына асық боп,
Кім келмеген бұларға.
Алдырдым, халқым, қайтейін,
Алтын сапты найзамды.
Жер ошақтай тесік жер
Жұтып салды дариямды.
Өзім деген кісіге
Қылушы еді қайратты.
Қысылған жерде жол тауып,
Тигіздің халыққа пайдаңды.
Жұрт сандалып сасқанда,
Табушы едің айлаңды.
Жайнап шықтың жасыңнан,
Сексеуілдің шоғындай.
Түскен жерін ұсатқан,
Зеңбіректің оғындай.
Талғамай шапқан жүйрігім,
Ашың менен тоғыңды-ай.
Айрылдың, халқым, нарыңнан,
Көтерген ауыр қомыңды-ай!
Қайырға шалқар көл еді,
Дұшпанға асқар бел еді.
Қай теңдікке, ағайын,
Жеткізбей кетті қолыңды-ай?!
Сая салған адамға,
Шынардан шыққан бұтақтай.
Айтқан сөзім мәнілі,
Ғалымдар жазған кітаптай.
Табынан озған датқалар,
Таққа мінген патшалар,
Таңылмай қалмас табытқа,
Жатқызбас кімді бұл тақтай?!
Қазан соғып құлатты-ау,
Халқымның биік қаласын.
Біреудің алып баласын,
Жылатып қойдың анасын.
Ойлап тұрсаң, сұм өлім,
Кімдердің тұтпас жағасын?!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі