Өлең, жыр, ақындар

Халық әні

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 747
Темiрдi илеп,
талқан етер тасты да
көтерiлiп шырқап кетсе тасқын ән, –
құдiреттi ұлы ағыстың сарыны
естiледi ғасырлардың астынан.
Бiрде шалқып,
ендi бiрде тұншығып,
ашылғанда бiз бiлмейтiн тылсымы,
естiледi ғасырлардың астынан,
аққулардың қанатының сусылы.
Жан жылатар –
көзiне жас iркiлсе –
қара жердi толқытады сiлкiнсе.
Кетедi ғой қарс айырылып жүрегiң
көкiрегi қарс айырылып күрсiнсе.
Әуен шықса назаланған, кектенген
мұңын шағып дiрiлдейдi шектер де,
өртенедi өне бойың, өзегiң
күйiп тұрған лебi шарпып өткенде.
Соның сыры –
жүрегiңде сыр тұнса,
соның жыры –
жүрегiңде жыр тұнса...
Көбiктенiп бара жатар көк теңiз
сол әндегi ашу-ыза бұлқынса.
Халық мұңы,
халық зары, шерiнен
қақырып бiр қабырғаң да сөгiлер.
Жасыл ағаш бара жатар сарғайып,
сол әндегi сағыныштың демiнен.
Құдiрет бұл –
күйiп бiрде тоңамын,
бiрде қаңсып,
ендi бiрде толамын.
Қара аспаннан ағып түсер бiр жұлдыз
махаббат боп жыласа егер сол әнiм.
Халық әнiн естiгенде
бүгiлiп
отырған да шыға келер түрiнiп.
Халық әнiн естiгенде
денеңе
жiбересiң найзағайды сiңiрiп.
Онсыз қурап бiттiм дей бер, сарқылдым.
Қалмас оты өн бойында жарқылдың.
Халық әнi –
намыс, тiлек, мұңы мен
арман, үмiт, көз жасы ғой халқыңның.
Өн бойыңда, өн бойыңда от болса,
тыңда соны
соңғы күнiң батқанша.
Арман, үмiт,
намыс та жоқ сенде онда
жүрегiңде халық әнi жоқ болса!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Адамның ішкі әлемі

  • 0
  • 0

Қопарып,
iздеп, бұрғылап,
ашам деп әлi келемiн —
джунгли,

Толық

Торығу

  • 0
  • 0

Өлiп тұрамын,
Өлiп жатамын.
Елес сияқты
Өлiк-сұлбамын.

Толық

Көктем неге жатыр екен кешiгiп?!

  • 0
  • 0

Көктем неге жатыр екен кешiгiп?!
Қарай берем түстiк жаққа тесiлiп.
Той-думанын, тiршiлiгiн бастамай
көктем неге жатыр екен кешiгiп?!

Толық

Басқа да жазбалар