Еркінді шешесі Қамария Иманбайқызының жоқтауы
Биссимилла еді сөз басы,
Әлемнен асып озбашы.
Қайғылы болған сұм басым
Іштегі шерді қозғашы.
Әуеден ұшқан сұңқарым,
Жылқыда жүйрік тұлпарым.
Еркінім сенен айрылып,
Түгемей кетер мұң-зарым.
Тізем бір отыр бүгіліп,
Қабырға-қолым сөгіліп.
Арманда кетіп жас есіл,
Көзімнің жасы төгіліп.
Қолымда тұрған асылым,
Артықша туған нәсілің.
Жалындап туған қас жүрек,
Су сепкендей жасуын.
Алтын ең, қарғам, жез болдың,
Жібек ең, қарғам, бөз болдың.
Жығылып қана жан үзіп,
Оғына ажал кез болдың.
Жайлауға шықсам—өрісім,
Жазғытұрым піскен жемісім.
Жаңа толған шағыңда
Ажалдың тура келісін.
Қайтейін, әттең, күнішім!
Көрмейін деген бұл ісім.
Сенен, қарғам, айрылып,
Езіліп отыр қу ішім.
Табаным отыр ойылып,
Таңдайым отыр сойылып.
Кеше де көрген қызығым
Бір күнде кетті жойылып.
Көрмедім, қарғам, көрмедім!
Не болғанын білмедім.
Жығылды Еркін дегенде,
Келер деп ажал сенбедім.
Басыңа жастық қоймадым,
Аузыңа сусын бермедім.
Жарым боп жаның қалса да,
Арманым бар дер ме едім?!
Еркінім еді ақ маңдай,
Қырмызы жібек, жез таңдай.
Артында қалған сүйген жар,
Иесіз қалған үй қандай?!
Мінгендей атым бозым-ай,
Ағайын арқан созды ма-ай.
Құлыным сенен айрылып,
Кетіп отыр жағдайым.
Төсек салсаң, көрпе сал,
Шымылдығын серпе сал.
Еркіннен қалған дүние
Отқа салып өртей сал.
Тізем қалды кесіліп,
Таңдайым қалды тесіліп.
Жетемін енді дегенде,
Отыңды кетті-ау өшіріп.
Ажал сені жалмады,
Артыңда ұрпақ қалмады.
Қайғы жұтқан шешеңнің
Түгемес, сірә, арманы.
184
ҒҰРЫПТЫҚ ФОЛЬКЛОР
Сен едің, қарғам, қуатым,
Жетейін деген мұратым.
Байланар алтын қазығым,
Айдын-көлім суатым.
Сен едің, қарғам, мерейім,
Ажалға мына не дейін?
Тағдырдың ісі амал жоқ,
.......................................
Отауың еді қалада,
Ажалың болды далада.
Айрылып сенен тұйықсыз,
Қайғы бір қалды санада.
Ақ көйлек кидің етіңе,
Қалампыр сеуіп шетіне.
Жалғаннан рақым болмады,
Тайғанақ деген дертіңе.
Опасыз екен бұл дүние,
Баратын мекен ол дүние.
Еркіннен қалған жас отау
Болар екен кім ие?
Үй артында арғымақ,
Су ағады жар құлап.
Есіл жастан айрылып,
Отырмын, міне, зар жылап.
Аққолдың тауы зор биік,
Бауырында ойнар ақ киік.
Құлыным, сенен айрылып,
Отырмын тартып қос күйік.
Еркін бір еді ұларым,
Гүлнар бір еді шынарым.
Екеуі келе жатқанда-ай,
Ажал бір алды сыңарын.
Киімін қойдым тұл жайып,
Бұл не деген ғажайып.
Қос күйікке өртеніп,
Отырмын, міне, сарғайып.
Есіктің алды жас қайың,
Жапырақ жаяр жыл сайын.
Ойнақтап жүрген күнішім,
Есіме түсер күн сайын.
Бәйгеге жүйрік баптаймын,
Ат үкілеп шоқтаймын.
Медет бір сұрап Алладан,
Көз жасым бұлап тоқтайын.
Мінгендей атым қара кер,
Қамшы бір салсаң, шығар тер.
Желкілдеп өскен жемісім,
Мекенің болды-ау қара жер.
Аққолдың бойы арна ағын,
Тістеймін күнде бармағым.
Желкілдеп өскен жемісім,
Жеткізбей кетті-ау арманың.
Мінгендей атым кер ме екен,
Кекілден аққан тер ме екен?!
Үйірсек аттай, құлыным,
Сағынып бізді жүр ме екен?!
Мінгендей атым кекілді,
Жолаушы кеткен секілді.
Жолаушы кетсе келер ед,
Келмес те жерге бекінді.
Мінгендей атым кер шұбар,
Тебінсе аттан тер шығар.
Қолымнан ұшқан сұңқарым,
Мендей де сорлы жоқ шығар.
Мінгендей атым керме иық,
Шапан бір піштім тел қиық.
Шығарып отау қуанып,
Той жасап едім, ел жиып.
Мінгендей атым қан жирен,
Жағасы алтын тон киген.
Еркінімді ойласам,
Айналып әуе, жер күйген.
Мінгендей атым торы атты,
Жасаған мені зарлатты.
Қос күйікті тарттырып,
Күйзелтіп кетті жан-жақты.
Төредей болған құлыным,
Үзіліп кетті-ау жұлының.
Жеткізбей сені мұратқа,
Қара жер көрді-ау қызығын.
Мінгендей атым тор жорға,
Табаны тимес бек жорға.
Құлыным, сенен айрылып,
Шықпаған жаным жүр жорға.
Кетпейін асып арнадан.
Құраны тисін арнаған,
Жастай бір кеттің, құлыным!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі