Дүйсенбайды жоқтау
Өртенді күнім бесінде,
Белімнен белбеу шешілді.
Жайнап та жүрген боздағым,
Құбылаға қарай көсілді.
Құбылаға қарай бас қойған,
Өлімге мойнын бос қойған.
Өлімі құрсын өрт екен, ойбай!
Өзекке салған дерт екен.
Өзегіңді өрт алды,
Буыныңды құрт алды.
Ойлап бір санап отырсам, ойбай!
Қағынды деген дерт алды.
Қағынды келген қаралап,
Қалың бір жұртты аралап.
Қалың бір жұрттың ішінде
Жалғызды алды-ау саралап.
Саралап алды-ау салдайын,
Салмақтап алды-ау бұлдайын.
Жас боздақтан айрылып, ойбай!
Сорлы да болған маңлайым.
Жоқтамасам жоғалар,
Жоқ—жаманға теңелер.
Ескермесем ес кетер, ойбай,
Есіктен келген дос кетер!
Дос келгенін айтайын,
Дастарқаны бос кетер.
Ауыз тамыр айрылар, ойбай!
Сүйек тамыр қайрылар.
Жайнап та жүрген жалғызым,
Енді қайдан табылар?!
Табылмас жерден тал бойлым,ойбай!
Келмес бір жерден кең ойлым.
Қорымалы қорғаным,
Көлеңкелі майданым.
Ексем бір бітпес майданым, ойбай!
Егілсем келмес алғаным.
Әуелеп ұшқан ақ сұңқар
Оралды талға, шырмалды.
Биікте тұрған байшылар, ойбай!
Ыңыранып жерге құлады.
Ту жығылып тұрмады,
Тұрғызар айла болмады.
Көкіректен жаны шықты, ойбай!
Кіргізер айла болмады.
Мен айтайын зарымды,
Көкіректе барымды.
Жетелеттім жәннетке, ойбай!
Қоңыраулы қара нарымды.
Балта бір салмай қырықтырдым,
Жаңа өспірім талымды.
Орақшы салмай орғыздым,
Пісіп тұрған тарымды.
Мінген бір атың көк пе еді,
Сүбеңнен тиген оқ па еді?!
Суырып алар жоқ болды,
Бауырым деген көп болды,
Әкем дер балаң жоқ болды.
Айдағаным сексен шоқ,
Айдадым судан өткел жоқ.
Жасаған тәңірім асықты,
Жасы да қырыққа жеткен жоқ.
Айдағаным мая-ды,
Табаны жерге таяды.
Жайнап та жүрген жалғызым,
Өмірі жерге сая-ды.
Қара бір жерде қайыр жоқ,
Жасаған тәңірім мейірім жоқ.
Мейірманды мейманым,
Сірә да, сізді көру жоқ.
Көрінген анау тау ма екен?
Көлеңкелі бау ма екен?
Сол баулардың ішінде
Жалғызым менің бар ма екен?!
Алтайыдан бөркіңіз,
Аудара шайқап киіңіз.
Шамалы жерде үйіңіз,
Келіп те кетіп жүріңіз.
Сая бір жайдың тұтқасы,
Бұрынғының нұсқасы.
Пайғамбар жасқа келмей-ақ,
Өміріңнің қысқасы.
Уық бір сынса, қалам жоқ,
Қайнағаң келсе, сәлем жоқ.
Қылмайсың сәлем дедім бе?
Саған салды амал жоқ.
Қоғалы көлден қой өтер,
Қозысы шулап бірге өтер.
Артында қалған бейбағың
Жылай да сықтар, күн өтер.
Есіктің алды бау жиде,
Құдайым салды бұл күйге.
Мен жыламай кім жылар?!
Жалғызым жоқ бұл үйде!
Қара бір таудың шиесі,
Жайылар байдың түйесі.
Мен жыламай кім жылар?
Қайда бір кетті иесі?
Қара бір таудың жылғасы,
Өз теңдінің мырзасы.
Өз теңіне қарасам,
Келмейді мұның тұлғасы.
Жастай кеткен жас боздақ,
Қалмады артта тұлғасы.
Жұртыңда қалды бейбағың,
Жалғызым деп қу басы.
Өскен бір жерін айтайын,
Азат басы даласы.
Қойған бір жерін айтайын,
Әулиенің қаласы.
Қаладан биік көрінген
Жас боздақтың моласы.
Жастай кеткен жас боздақ,
Қалмады-ау артта баласы!
Әуелеп ұшқан ақ сұңқар,
Аяғын көрген бар ма екен?
Мен бір сұңқар ұшырдым,
Хабарын білген бар ма екен?
Хабарын білген кісіге
Қамқадан тон—сүйінші!
Сұрауын білген—кісіге
Сомдаған алтын—сүйінші!
Сүзгі бір салсам, суда жоқ,
Сұрау бір салсам, елде жоқ.
Ойлап бір санап отырсам,
Мендей де ғаріп мұңлық жоқ.
Қаршығам кетті қолымнан
Биялайым жоғынан.
Жалғызым кетті соңынан
Маңдайымның сорынан.
Сорлы да болған маңлайым,
Сор татиды таңлайым.
Сорлы да болған маңлайды
Шауып бір тастап аңлайын.
Тең-тең шығар, тең шығар,
Тең ішінен жең шығар.
Теңдестерің келгенде, ойбай!
Теңселіп үйден кім шығар?
Тең-тең Арыс, тең Арыс,
Арыстан көшкен ел алыс.
Теңдестерің келгенде, ойбай!
Телміріп қалдым мен арсыз.
Құм, құм Арыс, құм Арыс,
Құмсары кешкен ел алыс.
Теңдестерің келгенде, ойбай!
Құмсарып қалдым мен арсыз.
Сауысқан—құстың аласы,
Арынан көп дүр қарасы.
Зарлай да бермей қояйын,
Қалған бір жанның тобасы.
Биесі әлек болды ма,
Арғымақ көзі солды ма?
Арғымақ—жансыз, ел—халсыз,
Аттанып кеттің болжалсыз.
Болжалсыз кеткен боздақты
Келеді деген мен—арсыз.
Келмес бір жерден кең салған,
Әулие барып мүлік болған.
Құтты да болсын мүлкіңіз,
Жылаулар болды, күлкіміз
Азалы болды айтамыз, ойбай!
Ертерек барып қайтыңыз.
Қайтар болсаң жолда еді,
Мінгенің шаңқай жорға еді.
Жорғасы оның шалықты, ойбай!
Шақыра даусым қарлықты.
Шақырғанмен келу жоқ,
Қиямет болмай көру жоқ.
Пешенемді, құдай, ашсаңшы, ойбай!
Дуаңды берші ел-жұртым!
Жар жағалай жапырақ,
Жамылғаның топырақ.
Жылаудан сізге пайда жоқ,
Басыңа жансын шам-шырақ!
Шам-шырағың лауласын,
Басыңа алғыс қауласын!
Құраның болсын құрдасың,
Иманың болсын мұңласың!
Шақырғаным шаңқай түс,
Шалқалап келіп үйге түс!
Айналып түссе, үй көркім,
Аттанып шықса, той көркім.
Барған бір жерің жалғызым.
Базары кілем жарасар,
Базары қандай жүзіңе.
Хордың да қызы таласар,
Үрдің де қызы өзіңе,
Бір көрінші көзіме.
Көрінбей кеттің көзіме,
Ынтық болдым сөзіңе.
Әлилер мінген дүлділге
Табаның тимей мініңіз.
Пайғамбарлар кірген бейішке
Маңлайың тимей кіріңіз!
Бейіштің төрі төр қара,
Отырған толып бозбала.
Артыңда қалған бейбаққа
Қайрылып сонда бір қара!
Бейіштің жолы үш барақ
Үстіне шығып жатыңыз.
Жолда да өткен керуен
Бізге сәлем айтыңыз.
Сәлемің жетсе біздерге,
Хабарым жетсе сіздерге,
Хабарым жетсе, арман жоқ, ойбай!
Ат жіберсем, дәрмен жоқ,
Су жіберсем, арық жоқ,
Сүйеніп келер әлің жоқ.
Жүкке жапқан торқамын,
Жел ашар деп қорқамын.
Заман жаман сұм болды,
Қалған бір жаннан қорқамын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі