Өлең, жыр, ақындар

Мен - қазақпын

Танымасаң, танып ал, мен - қазақпын,
Қонысым - кең, иығым - тең қазақпыын.
Қасиетті елі менен жерінде
Көшбасшымен өрге жүзген қазақпын.
Қазақпын- сары жайлауға қойын баққан.
Қазақпын- серке салып, көкпар тартқан.
Қазақпын-дүрілдетіп, той жасатып,
Құйқылжытып, ән салып, жыр толғатқан.
Қазақпын- талай-талай батыр туған,
Қазақпын- жыр семсерлі ақын туған.
Қазақпын- ою салып, өрнек қуып,
Қыз айттырып, ұрын барып, салт сақтаған.
Қазақпын- жаумысың деп сұрамаған,
Жауынан да бір жылқысын аямаған.
Қылыштасқан жауына досына да,
Төрінен орын беріп, жыр арнаған.
Қазақпын- домбырада күйін төккен,
Күй емес- ау бағзы заман сырын төккен.
Қазақпын- қыл қобызды күңіретіп,
Ботасы өлген бозінгеннің мұңын төккен.
Қазақпын- күміс көмей әншісі бар,
Қазақпын-қойын баққан малшысы бар.
Қазақпын-он саусағын майыстырып,
Тал шыбықтай бұралған бишісі бар.
Біржан- Сара қазақпын ақын елмін,
Абай-Пушкин қазақпын тату елмін.
Хан Тәңірі қазақпын биік елмін,
Қара домбыра қазақпын, қарай бергін.
"Қазақпын" деп күллі жұртқа мақтанам,
"Қазақпын" деп жас балаша шаттанам.
Асқақтаған Астананы куә ғып,
Дүниенің төрткүліне жар салам.
"Қазақпын" деп айта бергім келеді.
Айтқан сайын бойыма жан кіреді.
Мен - қазақпын, нағыз қазақ танып қой,
Бүкіл әлем, күллі ғалам біледі.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз