Өлең, жыр, ақындар

Өтірік өлең

Шырт ұйқыда жатырмын мен түнгі екі,
Бұл уақытта көрінбес-ау күн беті.
Шатырға да бірдемелер тасырлап,
Бетімді кеп сипалады күн беті.

Бір есінеп аштым әрең көзімді,
Ұйқылы-ояу, ретке келтіріп өзімді.
Асығып кеп, ашып қалдым есікті,
Ұмыт қылып екенімді төзімді.

Мен ойладым: дала деген бұрқасын,
Түсінбедім, ұйпа-тұйпа тұрғасын.
Бас көтеріп, мен анықтап байқадым,
Бір Күн менен Жаңбырлардың тұлғасын.

Жаңбыр деген тамшылардан құралған,
Ал Күн болса жалғыз өзі жаралған.
Екеуі де бізге керек, алайда
Екеуіне қызғаныш сезім таралған.

Соғылды Күнге жұдырық боп тамшылар,
Тиді осылай оған талай «қамшылар».
Біреу болып тіресіп тұрған Күннің
Ойы да жоқ жаңбырлардан жаншылар.

Су тигенде Күннің беті быжылдап,
Жан айқайы шықты сонда қыжылдап.
Мысқыл күлкі үйіріліп жаңбырға,
Масаттанды жеңген адам сықылдап.

Қайтадан Күн жиып алып өз күшін,
Тырысты ол ертеңді көрер көз үшін.
Бар қайратты үйіп алып, уыстап,
Лақтырды оны жаңбырларға өзі үшін.

Бір сәтке сол жаңбыр суы басылды,
Күннің көзі мейірлене ашылды.
Көзге түртсе көрінбейтін бұл түнде,
Күннің нұры күндізгідей шашылды.

Бұған Жаңбыр аузын ашып тұрсын ба,
Ең мықтылар сыналады бұл сында.
Ұқсады бір Ұлы Отан соғысқа,
Қасірет боп қалған менің ұлтымда.

Бір-бірімен жауыздықпен соғысты,
Көздерінен ыза отын ұғысты.
Мойымады қанша уақыт өтсе де,
Көрмеппін мен мұндай азап соғысты.

Мен ойладым бұларға өзі не керек,
Таңданып тұр құс та, құм да, көбелек.
Көздерінің сұстарынан қарасам,
Біреуінің болғысы келед ең ерек.

Біреуінің болғысы келед мәңгілік,
Тұру үшін күндіз-түні жаңғырып.
Күн мен Жаңбыр тату-тәтті болса егер,
Кетпес еді-ау ешқайсысы даңғырып.

Айды іздедім, қайда түннің патшасы,
Қара ниет, зұлымдыққа жат басы.
Уайым-қайғы шапшып тұрды басымда,
Табиғатта соғыс болып жатқасын.

Айды іздедім, көздерімді қатты ашып,
Соққылардың соқпағынан сәл қашып.
Менің бір бетім қатты қызып қызарса,
Бір бетіме жаңбыр да тұр су шашып.

Айды іздедім, шыбын жаным шырқырап,
Жігерімді мұқалмастан мол құрап.
Басқа амалым қалмаған соң, мен Айға
Бармақ болдым, ол тұрса да тым жырақ.

Ұзақ жолға аттандым кілеміме отырып,
Жол дорбамды ас-суларға толтырып.
Көтерілген сайын биік аспанға,
Мезі етті кедергілер көп тұрып.

Озон қабатын пышақпенен өттім кесіп,
Кей жерлерін инеменен тесіп-тесіп.
Көзге түртсе көрінбейтін кеңістікте,
Өткердім мен асуларды есіп-есіп.

Айды таптым қуанғаннан тез ұшып,
Мен жыладым, маңдайынан бір құшып.
Толығырақ көз салсам бет-жүзіне,
Ол пырылдап ұйықтап жатыр тіл жұтып.

Мен көңіліме үміт отын жаға алмадым,
Айға-дағы бар кінәрат таға алмадым.
Тілім тұтығып, әйтеуір толығымен,
Жерде болған жағдайды хабарладым.

Ай ұйықтап кеткеніне ашуланды,
Кірбің басқан кәрі жүзі қатуланды.
Достарының тірлігіне тосырқанып,
Түсінбестік ойыменен Ай уланды.

Жерге келдік, аяқты тығып бір етікке,
Бізге ашылған разы боп, ақ есікке.
Айды көріп, Күн мен Жаңбыр ұялып,
Кіріп кетердей тұрды сол сәт тесікке.

Ай ренжіді достарына кең пейілді,
Ыстық жастан көмекейі түйілді.
Күн мен Жаңбыр түсініп қателігін,
Басын иіп, жаймен ғана сейілді.

Ай тұрды, қара түнді таң қылып,
Достарын ол елестетті жат қылып.
Бірі орнын баса алмайды бірінің,
Бұл қымбатты табиғатта заңдылық.

Күн шығады күншығыстан нұр беріп,
Ұйқыдағы тіршілікке түр беріп.
Кешке жақын батады күнбатыстан,
Алыстағы Айға қарай үн беріп.

Жаңбыр келеді кей күндері бұлқынып,
Тамшылары бұлтқа сыймай жұлқынып.
Екеуінің бұл сатқындық әрекеті,
Ай алдында көрсетіп берді олқылық.

Тепе-теңдігін толтырып табиғаттың,
Жақсылық қылдым, жолымен шариғаттың.
Түнгі сағат үш болғанда үйге кіріп,
Ләм-мим демей, төсегіме құлай қаттым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз