Өлең, жыр, ақындар

Ел толғауы

  • 11.12.2020
  • 0
  • 0
  • 1459
Бас қамын жалғыз жасаған,
Жапалақ жатыр жауында.
Дауылдан туған жас қыран,
Шарықтап ұшар дауылда.
Кеше бір кектің көзінде,
Семсерді ұстап серт бердік;
Әр солдаттың кезінде,
Арынан ұшқан от көрдік.
Намысқа жанып найзаны,
Жауға бір лап қойғанда,
Серт болды ерлік айғағы,
Келмеді үрей ойға да,
Алдында көсем серт еттік;
Тартып шеру тағы да.
Бесжылдықты тездеттік,
Адамзаттың бағына.
Ғасырдың аттап сатысын,
Шығуға ырғып басына,
Ұмтылды жыйнап бар күшін,
Қазақтың қарты, жасы да,
Қансонарда – қан майдан.
Тұғырда түлек тұрар ма,
Сыпырмай терді маңдайдан,
Егесте ұлар шыдар ма.
Өрт жігері жарқылдап,
Шықпаса серттен ер ер ме,
Елдің сертін артып ап,
Көтермесе жер жер ме!
Отты, селді Қаратау,
Сілкіне атты тастарын,
Отанға байтақ осынау,
Естіледі сол сарын.
Бұлтты түйреп тітіретіп,
Жайды тосар қырандай,
Алтайым тұр серт етіп,
Қияңнан көзін бір алмай,
Асынып арды ант еттік.
Алдымызда – төте жол;
Майданына еңбектің,
Аттандық түгел түмен қол.
Озып кеттік оқ бойы,
Жарамай жылдар жетекке,
Сағаттар талай қап қойды,
Қаншама ұшқыр десек те.
Шұрқырап түзде төрт түлік,
Тұрмайды бота ноқтада,
Бермеуге ырық бел будық,
Ысқырып сұрапыл соқса да.
Боз бестінің екпіні,
Боранды бұзды Арқада,
Бозбаланың екпіні
Түсірді ноқат қартаға.
Сыңсыған Шудың қамысы,
Шерітті күйін шаттықтың,
Қойға толды қобысы,
Құлазыған Мойынқұм.
Сырдың шөлейт даласын,
Телегей теңіз көл басты.
Сертінің қағып қанатын,
Сермеді халқым құлашты.
Алатаудың ақ төсін,
Аймалады торғын бұлт.
Жалау етіп өз сертін,
Егіске шықты дүйім жұрт.
Сапырылған сары алтын –
Самсаған дала сары бидай –
Антын берді бар халқым,
Жыйнауға бір дән қалдырмай.
Жеріме жерік ақ мақта,
Күнгейдің өсті төрінде,
Шепке шыққан солдатша,
Қаптадық ойлы өңірде.
Мекен болған сағымға,
Сар далаға гүл ектік.
Тартып шеру тағы да,
Алдында көсем серт еттік.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жаз бен қыс көкірегімнен орын тепкен

  • 0
  • 0

Жаз бен қыс көкірегімнен орын тепкен,
Жазықсыз жаным жырдың қорын төккен.
Қанымның мыңнан тамшы уын татқан
Кей қаскөй шабытыма өш шалқып жатқан.

Толық

Алмаға

  • 0
  • 0

«Әлімқүлиха» деймін мен еркелетіп,
Көргенім жоқ еркеме әсте зекіп.
Кім екенін әкеңнің білерсің соң,
Оқығанда өлеңін сен ержетіп.

Толық

Әнші қыз

  • 0
  • 0

Махаббаттың нұрындай –
Саумал көлден салған ән,
Жол-жөнекей бұрылмай,
Шарықтап жетер шалғайдан.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар