Әкеге деген сағыныш...
Өте шықты көп жылдар
Зырлап, зулап...
Көрсетпеді бұл тағдыр
Қандай сынақ...
Мойымаймын десең де
Қанша шыдап,
Зіл батпандай мұң тұрад (ы)
Жүрек жылап...
Өмір заңы құбылмалы
Күн райындай,
Өмір жолы толқымалы
Ағын судай...
Қуаныш пен қайғысын
Алмастырып
Жылдар өтер ағысымен
Жылжып зулай...
Сол толқынның қатты
Соққан кезі еді –
2012-нің желтоқсаны,
Әкемізден айырып кеткен еді
Желтоқсанның алғашқы
Желі ызғарлы...
Қыс қылышын
Сүйретіп келсе-дағы
Ызғары мен аязын өрнектетіп,
Ұнаушы ед (і) сол табиғат
Аппақ алап
Жасырушы ет бар кемді көркем етіп...
Табиғаттың кем-кетігін
Жасырғанмен,
Дерт сап кетті айықпас
Жаралы етіп,
Сол мезеттен мен Қысқа
Өкпелімін,
Кеткендей сенімімді таптап өтіп.
Баладай пәк көңілмен
Мен де алданып
Жүруші ем аппақ қарға тілек айтып...
Келместің кемесімен
Аттанған соң
Сол қыстай оралмады Әкем қайтып...
86-ның ызғарлы
Желтоқсанындай
Соңғы айы 2012-нің
Кеткен еді өмірлік мұңын артып.
Біз қалдық
Дірілдеген жапырақтай
Сап-сары сағыныштың әнін айтып...
Сол жылдың соңғы айы
Кете барды
«Қош» дегендей Әкемді құшаққа алып;
Сәби көңіл сонда да
Күте-тұғын
Әкешім келердей боп есік қағып...
Тағдырдың жазуына
Бар ма шара?
Таға алмаймыз оған да кінә-айып...
Жұбанамын әр кез тек
Бір ойменен –
Сезіндім деп Әкелік махаббатты;
Ғұмырында аз уақыт
Менің әкем
Кірлетпеген ӘКЕ деген ғажап атты!
Жүрекке жара салған
Сол бір қыстың
Біз үшін болған еді сызы қатты;
Себебі, АППАҚ ҚАРДЫҢ
Құшағында
Төмпешік боп АҚКӨҢІЛ ӘКЕМ жатты.
Сағынғанда әкемді
Жыр жазамын
Қолыма ақ парақ пен қалам алып,
Жан дүнием жырым да
Бірге жылар
Тоғысқандай қос бұлақ қатар ағып.
Әкешім, есіміңді
Бұл күндері
Сыйлайды мақтан етіп барша халық!
Мені өзіңе ұқсаған деп жатады
Көз көргендер,
Мен үшін ол да БАҚЫТ!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі