Өлең, жыр, ақындар

Отаным

  • 19.12.2019
  • 0
  • 0
  • 18345
Отаным,
Мен Сенің ел-жұртыңды да,
Шер-құртыңды да сүйген бір титімдей араймын.
Шекараңдағы мола да болғым келеді - дұшпанға қарсы зор айбын.
Ит екеш иттеріміздің де сені ғана күзетіп үргенін қалаймын.
Иә, мен солаймын.

Қорғансыз қалам деп алаңдайсың текке Сен.
Мен бұлт болсам да, құшағыңнан ешқашан ауып кетпес ем.
Құшағымда саған орын жоқ! - десең,
Жасырынып, тіпті Сендегі боқта өсем.
Егер, жауға бір тал тікеніңді сатып жіберсе де,
Ертең өкініштерінен өледі көп көсем.

Отаным,
Мен құлқынсәріден құстарыңды да тыңдаймын,
Әр қошақаныңды да тыңдаймын...
Өйткені, өзім де құсұйқылы, қошақантаңдайлы, тірі сырнаймын.
Айдаладағы адам дұға етпес көріңде жатсам да,
Бір түйір тозаңыңдағы дертке де дауа іздейді
Көзі – қара Аспандай мұң-қайғым.

Құдай тынысы Сенімен ғана өлшенер.
Өзіңді өзгеден қызғансам, өзімді де жарып тастар семсер ем.
Менен не қалайсың, жасырмай айт қашанда,
Жынданайын, жынданғаным керек болса егер.

Менің сертім осындай, нанбасаң да, нансаң да.
Топырағыңда да жүрмей-ақ қояйын алшаңдап.
Онсыз да, бар ақыл-есім - Өзің үшін сарсаңда.
Риза болар ем -
- тым құрымаса, ғұмырымда бір рет
"Ей, сорлым!" деп, төбемнен нұқып қалсаң да.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мұхит-мұңымның ұлулары

  • 0
  • 0

Төрт түлігі қоңданған күйістеніп
ел байлығын елеуге тиісті ері.
Арқарлар жоқ, тұяғын тұман жуған.
Бар қалғаны – шаңырақ-мүйіздері.

Толық

Сені ғашық дейді ғой?

  • 0
  • 0

– Сені ғашық дейді ғой?..
– Ол кім тағы?..
– Болды, болды, айта бер, тартынбағын...
– Бәлкім, сорым, білмеймін, бәлкім, бағым,

Толық

Ажал даласындағы тірі тас

  • 0
  • 0

Сөз сүйегін өлшеме, мұңды өлшегін,
Ой – көп, қобыз-ділімнің түртер ішегін.
Сары Дала дөңбекшіп Күн астында,
сайтан-сағым сорады бұлт емшегін.

Толық

Қарап көріңіз