Күзгі көңіл – Қуат Адис

Бұл бетте «Күзгі көңіл» атты Қуат Адис жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.01.2020
  • 0
  • 0
  • 1750
Көлегейлеп Күн нұрын,
Аспанның да қабағы қатуланып тұр бүгін.
Түрер оның желіккен жел түндігін...
Жұбатады ал, бірақ
Сабағына басын сүйеп жылап тұрған Гүлді кім?
Ауысқанда ауадағы ағыстар,
Бүрсеңдейді қанаттылар – таныс хал...
Қаусап қалған қара талдың басынан да бағы ұшқан.
Ал, адамдар бағыттары беймәлім –
Жапырақтарды жаншып кетіп барады
Бірі-бірімен жарысқан...
Естімейтін дүниені дүрбелең,
Ызыңдаған бағаналар тұр керең...
Көк пен жердің арасында дірілдеп,
Өмір жайлы өлең тұр тек өлмеген...
Көргендерім:
Жанарымның ішіндегі сурет екен сүреңсіз
Көңіліме үңілсем –
Ән салып тұр мәңгі Көктем бүрлеген.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері