Марапат – Арасанбай Естенов

Бұл бетте «Марапат» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.02.2020
  • 0
  • 0
  • 1838
- Торы тайымен көрікті,
Жиен дара келіпті.
Ұтып алды сөйтіп ол
Темір тұлпар – великті!

Көптен биік өресі,
Шабандоздың төресі,
Кел, қанеки ортаға, -
Деп шақырды төреші.

Көк великке су жаңа
Қарап қоям ұрлана.
Көзді жаулап барады
Ақ шуақпен нұрлана.

Мұндай ыстық марапат
Құйды бойға шарапат.
Ел алдында есейдім
Сезім билеп алапат.

Бар қуаныш мендегі –
Торы тайым ерледі.
Алғашқы рет үзді ол
Бірінші боп кермені.

Ағайынмен көріскен,
Сапар болды келіскен.
Нағашымның аулынан
Қайттық үлкен жеңіспен!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері