Өлең, жыр, ақындар

Көңілді сапар

  • 25.02.2020
  • 0
  • 0
  • 1990
(Жан-жануарлар жайлы жыр)

Үйелмен де сүйелмен
Вагондары сырнайлы,
Жан-жануар тиелген
Жүрдек пойыз зырлайды.
Оркестрге бара-бар
Дулы думан вагондар.
Қоян соғып барабан,
Хор айтады ал аңдар.

Шақылдайды маймылың:
«Барамыз, – деп – Бомбейге!..»
Сонда, шіркін, әй, мұның,
Бомбей жақын жол дей ме?

Паровозды қобызды үн,
Алып, көнбіс Піл дей ме?
Рельссіз пойыздың
Жүре алмасын білмей ме?

Бір вагонда Керіктер
Сыртқа шыққан бастары.
(Сенбесеңдер, келіп көр,
Сөзімнің жоқ астары).

Ал оларды тыңдасаң,
Міне, айтар өлеңі:
«Саваннаға біз қашан
Жетеміз?» – деп келеді.

– Саваннамыз Батыста,
Бұл арадан өте алыс.
Бағдарыңнан шатыспа,
Шығыс – біздің беталыс, –

Деп көрсетсе картадан
Оларға жолсеріктер,
«Астық па жол ортадан?» –
Деп сұрайды Керіктер.

Көрмеген соң партаңды,
Қақың да жоқ ғайбаттар.
Қайдан білсін картаңды,
Оқымаған бейбақтар...
Жүрдек пойыз зырлайды,
Көңілді күй тынбайды.
Әр жануар ыңғайлы
Өз әуенін жырлайды.

Шыққаннан соң жолға алыс,
Сағынумен өз елін,
Әнге қосар Жолбарыс
Аңсарлы Амур өзенін:

«Қиялыңды тербеген
Толқындары-ай Амурдың.
Бір жыл сені көрмеп ем,
Сағыныштан дал ұрдым...»

«Қайдасың, – деп, – қарлы тау?»
Шамырқанса Ақбарыс,
Қабан отыр: «Қорықтау
Болсашы, – деп, – шоқ қамыс».

Сүрлеу тартып соны ізбен,
Қапталдаса бүйірден,
Жарыссам деп пойызбен,
Зебра тас түйінген.

Тыпыршиды ширыға:
«Берсе, шіркін, бостандық.
Куә болып қыр мына,
Жырлар еді дастан ғып.

Жанардан жас парлатып,
Достарымды шат қылып,
Тартар едім алға тік,
Пойызға шаң қаптырып.

Қарамастан қыр-белге,
Асу да асу, асқарға,
Жетер едім бір демде,
Сона-ау Мадагаскарға...».

Білмесе де тас түйін
Ертең қайда келерін.
Секіруден ақ тиін
Паш етуде өнерін.

Жер – дөңгелек ұршық та,
Вагон – цирк алаңы,
Шырқ айналар шыршықта
Ақбарыстың Аланы.

«Мұзды мұхит қысын ап,
Жетсе ғой, – деп, – табанда».
Ақ аюлар пысынап,
Жүзер хауыз-вагонда.

Манаураса Бұландар
Жетпей Тайга-бағына,
Тарпынады Құландар
Құла түзін сағына.

«Күннің көзі бұғынар
Қашан болар Тундра?!» –
Деп шырқайды Бұғылар
Құлағыңды тұндыра.

Жүрдек пойыз зырлайды,
Көңілді күй тынбайды.
Әр жануар ыңғайлы
Өз әуенін жырлайды.

«Көрер ем ән салғанын,
Кезіксе кең шалқарда...»
Деп тамсанған Арланың,
Көз тігеді Арқарға.

Вагон-мейрамханада
Көркі қызса сауықтың.
Түлкі отыр манадан
Етін күтіп тауықтың.

Даяшы-елік ерінген
Аяғын бір басуға,
Жарылардай теріңнен
Мінгізеді ашуға.

Есін алар ауыр ой,
Иманы ұшып, жан қаша:
«Болар еді абырой
Тазы келіп қалмаса»...

Өнерпаздар тосылып,
Текке қарап тұра ма?
Сырнайшыға қосылып,
Билеп кетті Лама.

Америка еркесі
Ботасындай түйенің.
Болмағанмен өркеші,
Паш етуде би елін.

Өршеленер құлшына,
Мың бұралып, ән сала:
«Джаз үні, тыншыма,
Сырнайшым, сен шаршама!

Өнер десе, жалындар
Былқылдасын буыным.
Тамашалап қалыңдар
Эквадордың сұлуын...»

Жүрдек пойыз зырлайды,
Көңілді күй тынбайды.
Әр жануар ыңғайлы
Өз әуенін жырлайды.

Барлығы да ұлы әні –
Сағынғанмен мекенін,
Білмейді әттең, тұрағы
Зообақта екенін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жол үстінде (Ұлтарақ астындағы аманат)

  • 0
  • 0

Бойындағы бар талап
Сенген асқақ әніне,
Үлкен үміт арқалап,
Келеді әнші Әміре.

Толық

Ашамай

  • 0
  • 0

- Таралғысы тым қысқа,
Ерге ұқсас бұл нұсқа –
Ашамайың, мінеки, -
Деп әкеліп берді ұста.

Толық

Теңіз төріндегі тайталас

  • 0
  • 0

Оу, жарандар, жарандар!
Бар мақұлық, бар аңдар!
Зейін қоя құлақ түр,
Бәрің бері қараңдар!

Толық

Қарап көріңіз