Әскер болып атыстық – Ескен Елубаев

Бұл бетте «Әскер болып атыстық» атты Ескен Елубаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.04.2020
  • 0
  • 0
  • 2228
Ауылдағы баланың
Түгелдейi қатысып,
«Соғыс ойынын» ойнадық,
Əскер болып атысып.
Бiр-бiр «мылтық» əркiмде,
Бар «пулемет, гранат».
Атып жатыр бəрi де
Жата қап та,
Тұра қап.
Шегiнбей-ақ жатырмыз,
Алға ұмтылып
Өңмеңдеп.
Бəрiмiз де батырмыз,
Жеңiлген жоқ,
Жеңген жоқ.
– Шақырып жүр соғысты,
Мынау кiлең қыршындар.
Бастапты ойда жоқ iстi,
Қуыңдар да
Ұрсыңдар! –
Деп қария таяқты,
Қуды, қатты айқайы,
Ойын қалды аяқсыз,
Шатақпенен тарқады.
Быт-шыт болып бəрiмiз,
Зытып қашып келемiз,
Үй-iшiнен əлi бiз
Көресiнi көремiз.
«Үлкен адам ұрысты,
Ойыны құрсын», – дедiк бiз.
Үй iшiнен дұрыстап,
Жəне таяқ жедiк бiз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері