Шабан атқа бәйге
Ерте-ерте, ертеде,
Қазірден көп бұрын,
Онда мына өлкеде,
Трамвайлар жоқ-тұғын.
Есек, түйе, арғымақ –
Адамдардың көлігі.
Шляпаның орнына –
Болған сеңсең бөрігі.
Шүберектен теріні
Көп киетін заман ол.
Еш пайдасыз ерігіп,
Бос жүретін заман ол.
Білімдіден наданның
Әлденеше көп кезі.
Көркі болар даламның
Ғимараттар жоқ та өзі.
Бір бай бопты, ал мұның
Байлығында есеп жоқ.
Басқа адамның барлығын
Ойлайды екен есек деп.
Бірде байың далада
Келе жатып ерігіп:
«Шабан атқа бәйгем бар», –
Депті тұрып желігіп.
Келе жатыр шіреніп,
Қасында екі малайы,
«Ақыл жоқ» деп сендерде
Сылқ-сылқ күліп алады.
«Кімнің аты артында
Қалса, бәйге сол алсын.
Үлде менен бүлдеге
Ат иесі орансын».
Екеуінің әуресін
Қызықтап ол көрмекші.
Іші пысып жүргеннен
Тапты осы ермекті.
Ешқайсысы бәйгені
Ала алмасын біледі.
Екі жарлы қайғырып,
Бай миықтан күледі.
Екі жарлы құп алды,
«Дайындал, – деп, – шабысқа»,
Тосып тұрды бұларды
Байдың өзі алыста.
Ал екеуі орнынан
Тұрып алды қозғалмай.
Өйткені серт емес пе,
Артта қалсаң озғандай?
Осылайша тұрар ма,
Тапжылмастан, кім білсін.
Кез болмаса бұларға,
Ойда-жоқта бүлдіршін.
Тыңдады да жас бала
Екеуінің егесін,
Қанық болып жағдайға,
Ол айтты бір кеңесін.
Сонда екеуі аттарын
Борбайға кеп басыпты.
Қалсын енді артта кім,
Алға озуға асықты.
Ең соңынан қараса,
Ең шабан ат бәйге алды.
Бала жайлы бай естіп,
Ақылына таң қалды.
Бұл жұмбақты шешуге
Лаж таппай жынданған,
Бала сөзі мынадай
Екеуіне қиналған:
– Аттарыңды ауыстыр,
Тұрғанша бос тартыспен.
Сонда өз атым қалсын деп,
Шабасыңдар бар күшпен...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі