Өлең, жыр, ақындар

Тобық

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2017
(баллада)

Жанымды жастай егілтіп,
Жеңгелер мұңын көп ұққам.
Махаббат жырын төгілтіп,
Сыр шерткен құйттай тобықтан.
Ұстаса қолды күйдіріп,
Жандырып бара жатқандай.
Содан бір шұғыла күн күліп,
Таң арайлап атқандай.
Қарақат көзге ой тұнар,
Сыры бар жұрттан жасырған.
Сол тобық қызға бойтұмар,
Тәңірі дерсің бас ұрған.
Жас жанын соғыс мұңға орап,
Орнынан ерте тұрғанда.
Тобықты алып бір қарап,
Жөнейтін сосын қырманға.
Ойлардан көңіл серпілмей,
Сарылып таң да ататын.
Айрылмас жанның сертіңдей,
Сарғайған тобық жататын.
Қайғымен тұнып от жүрек,
Еңсені удай басатын.
Сан арман, үміт көп тілек,
Қиялды алып қашатын.
Айықпақ болып ойдан да,
Кететін қырды аралап.
Жүдетпей жанды қойған ба,
Құлазып қалған бар алап.
Жезтаңдай көне жыршыдай,
Тоқтаусыз уақыт ағатын.
Қарлығаш көңіл тыншымай,
Тынымсыз қанат қағатын.
Тобықтан елес көрініп,
Сағыныш бұлбұлы ұшатын.
Өзекке жалын өріліп,
Тобықты сол сәт қысатын.
Теңесер барлық күштіге,
Махаббат жалын лаулаған.
Көретін кейде түсті де,
Өңінен бейне аумаған.
Қан майдан өрттің ішінен,
Қиялмен құшып арманын.
Жұбаныш тауып түсінен,
Озатын алдап алға күн.
Тағдыр-ай, кейде қатал-ақ,
Дауылды күндей бораған.
Тигендей бетке шапалақ,
Жат сезім жанды ораған.
Мұңайып кейде аспанда ай,
Бұлт толқынға бататын.
Денеге бір шоқ басқандай,
Күйдіріп тобық жататын.
Сүйген жар лебі білегін,
Абайсыз келіп өпкендей,
Тобыққа түйіп жүрегін,
Мәңгілік тастап кеткендей.
* * *
Қыз жаны талай елжіреп,
Сағыныш түнін жастанған.
Өмірге өшпес белгі боп,
Тобыққа ыстық жас тамған.
Сан рет келіп көктем де,
Сан рет жерді қар басқан.
Ой жүгіртіп өткенге,
Ұйқысыз түнмен арбасқан.
Үлгірмей жарын сүйіп те,
Ұрлады соғыс шаттығын.
Шыдамай сол бір күйікке,
Жалын боп жанып батты күн.
Келмеді көптен хат-хабар,
Үмітті сонша талдырып.
Серттескен тобық сақталар,
Қыз үшін ол бір мәңгілік.
* * *
Қасірет болса жас тамған,
Енсе де небір тамұққа.
Жылаумен өмір басталған,
Кіреді-ау солай табытқа.
Қалғандар көп қой қайта алмай,
Аяқтап думан тіршілік.
Жан сырын, әттең, айта алмай,
Үзіліп түскен бір шыбық.
Біреудің келді жан жары,
Көзінің ақ пен қарасы.
Біреудің сынып қанжары,
Жүректе қалды жарасы...
* * *
Осынау топтың алдында,
Келеді біреу ұшып-ақ.
Аунайды жасыл шалғынға,
Соныға жолсыз түсіп ап.
Қалды артта неге іркіліп,
Япыр-ау, өзі кім еді.
Жанарда жасы тұр тұнып,
Қасірет жанын тіледі.
Көрді ме тұрған Жәмішін,
Көрді ме қызды аяулы.
Асықты әлде ана үшін,
Жүрегі неткен қаяулы.
Соғып бір өткен борандай,
Алысқан күндер отпен де,
Жақсы еді-ау содан оралмай,
Ерлікпен өліп кеткенде.
Не айтады енді көз көрген,
Жар болуға жарай ма.
Баяғы кескін өзгерген,
Сұлу қыз оған қарай ма.
Ернінде бір сәт от лебі,
Жүректер тулап тіл қатқан.
Тыртықтар анау беттегі
Бақытын енді ұрлатқан.
Сұңғақ дене аққұба,
Жігіт еді-ау сындарлы.
Қызығын өмір жапты да,
Кеудеде өшпес мұң қалды
Сүйреген алға құр кеуде,
Минадан құлақ саңырау.
Қысқа жіп келмес күрмеуге,
Бұл не қорлық, тәңір-ау,
Көргенде Жәміш шошынар,
Жаралы көңілін аяр ма.
Сау біреуге қосылар,
Құшағын соған жаяр да.
— Жеттім-ау туған ана жер,
Топырағыңнан айналдым.
Бауырыңа мейлің ала бер,
Мен үшін қаран сайран күн.
Деді де жігіт құлады,
Үстіне туған аймақтың.
Егіліп бар маң жылады,
Бүркеді қырды жайлап түн.
* * *
Кім қияр жанын өлімге,
Өмірге адам ғашық қой.
Жеңгені жауды тегін бе,
Жігерін қайта тасытты ой.
Сапырды көл де көбігін,
Сабыр ет, жігітім, тоқта деп.
Еске алды сол сәт тобығын,
Кетерде берген сақта деп.
Көз алдында бір елес,
Қол үшін соза береді.
Әнеки, Жәміш, бір емес,
Ауыл болып келеді.
Тасытты жанын күш-ағын,
От ойнап кенет көзінде.
Ұмтылды жайып құшағын,
Болар ма енді төзуге.
Ақ жаулығы көлеңдеп,
Келеді ұшып қарт ана.
Ойлады ма көрем деп,
Осынау топты ортада.
— Келдің бе тірі, құлыным,
Өлсем де енді өкінбен,—
Деп қарт ана ұлының,
Сүйеді маңдай, бетінен.
Жәміш тұр жұрттан қысылып,
Абыржыған түсі аппақ.
Қайсарға тобықты ұсынып,
Жеңгесін алды құшақтап,
Тасқындай көңіл дүркіреп,
Жүректі қайта жырлатты.
Даусы сол сәт күркіреп,
Қуаныштан Қайсар тіл қатты.
— Тірімін, бармын, ояумын,
Қорғадым елдің намысын.
Келші енді, келші аяулым,
Махаббат, гүлім, Жәмішім.
Деп ұмтылды, жүзінен,
Барады уайым, мұң көшіп.
О, өмір, қандай қызық ең,
Әлдиле енді, жыр бесік.
Жанымды жастай егілтіп,
Жеңгелер мұңын көп ұққам.
Махаббат жырын төгілтіп,
Сыр шерткен құйттай тобықтан.
Тобық емес күй сандық,
Сиқырлы сонда сыр бардай.
Даланың жұпар исі аңқып,
Гүл атып көктем тұрғандай.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күндер

  • 0
  • 0

Жақсы күндер, жайсаң күндер, шат күндер,
Ол да менен бір керегін таптым дер.
Табылмаса қарғыс айтып ақынға,
Айсыз түнде тұңғиыққа баттым дер.

Толық

Таң атарда

  • 0
  • 0

Таң атарда шығыс жанып алаулар,
Алаулардан оралғандай аяулы ар.
Алатаудың шыңдарынан аспанға,
Желбіреген өрттей қызыл

Толық

Түтін...

  • 0
  • 0

Түтін.
Көгілдір аспанды қаптаған,
Түтін, жалыны жанды аптаған.
Ұнаттым ошақтан ұшқан түтінді,

Толық

Қарап көріңіз