Дала – Еділбек Дүйсенов

Бұл бетте «Дала» атты Еділбек Дүйсенов жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 17.04.2020
  • 0
  • 0
  • 1337
Мен бүгін
Бастан кешіріп тұрмын
Бұта саусағының сезімін
Көшкен бұлтқа бір қарыс жетпеген

Ой табанына жаншылып қалғанда
Мыңжылдық ғұмырды бастан кешіргеніңдей
Сенен алыстағалы
Құдайын жерге түсіріп алған қоғамға жақындағалы

Жо-жоқ...
Расы,
Қала баспалдақтарымен көтерілгенде
Бала кезде жұлып ойнаған шегіртке аяқтары есіме түсіп

Олар мені әлдеқайда апара жатқандай
Бәлкім, әлдеқайдан әкеле жатқандай

Иә, мен жоғалттым
Бәрін де жоғалттым.
Алайда, жоғалту босағасынан аттап, бәрін де таптым.

Мен бүгін
Бастан кешіріп тұрмын
Бұта саусағының сезімін
Көшкен бұлтқа бір қарыс жетпеген

Бірақ, мені есіне түсіре алмаған секілді
Ұмытшақ Дала.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері