Аспид пен Медянка туралы ертегі
* Аспид, Медянка – аса улы жыланның түрлері.
Ерте, ерте, бір кезде,
Жердің бетін жел кезген.
Алып-ұшып жүгіріп
Құйын боп кейде өзгерген.
Сол желдің ұзын құлағы,
Бәрін де сезіп тұрады.
Жылан елінде қос ғашық
Бар екенін білгесін
Құлағын сонда бұрады.
Желіп-желіп келеді,
Жыландар еліне енеді.
Айлап, жылдап қонақтап
Сырларын әбден тереді.
Желдің білген дерегі,
Жер бетінде көп еді.
Құлақ қойып ұқсаңыз
Бізге де айтып береді.
Жыландардың елінде,
Талай ғасыр көмілген.
Бір хикая бар еді
Естіген жұрт егілген.
Көрген жұрты емінген.
Екі ғашық болыпты
Бір-бірінсіз өмірді
Сүра алмастай көрінген.
Екі көзі жайнаған,
Көрсең көзің тоймаған.
Көрінгенде төбесі
Жарқыраған айнала.
Бетін көлге жуыпты,
Сүймеген ол ыстықты,
Сүймеген ол суықты.
Сұлу, көркем айыбы
Жігіт болып туыпты.
Аспид деген аты да,
Құлаққа оғаш тосын-ды.
Көлге барған сол жігіт
Қызды көріп тосылды.
Оқтай бойы керілген,
Сүмбіл шашы төгілген.
Күлгенде қызыл ернінен
Аппақ тісі көрінген.
Екі көз көрді бір-бірін,
Оқжылан –қыз күрсінді,
Жүрек дейтін құрғыры
Соға берді дүрсілдеп.
Бір көргеннен екеуі,
Сүйіп қалды бір-бірін.
Күндер неше өтеді,
Кездеседі күнді-күн.
Сүйгеніне еркелеп,
Оқжылан қыз күледі.
Күннен күнге екеудің
Лаулайды от-жүрегі.
Өмірдің өзегі - бұл сезім,
Барлық істің бастауы.
Көзсіз махаббат – тұл сезім
Ұмыттырар бас қамын.
Махаббат кейде зұлымдық,
Кейде дана. Қатыгез.
Сезіміңнің сырын біл
Есті болсаң осы кез.
Махаббат кейде шайтан-ой,
Нәпсіге қақпа ашатын.
Махаббат кейде нәзіктік
Өр көңілді басатын.
Махаббат кейде алдамшы,
Кейде – шаттық, кейде – мұң.
Махаббат кейде таңдай сыр
Кейде тіпті өлімің!
Өмір ғой қатал әмірші,
Өзгерер бәрі күн ауып.
Аспид аттанды сапарға
Оқжылан қимай жылайды.
Сүйгенін күтіп елеңдей
Өзгеге мойын бұрмайды
Күт, жаным ертең келем деп,
Арманы қолын бұлғайды.
Өмірін ұмытып шекерін,
Уақыттар көп өтеді.
Сағыныштан сарғайып
Әбден жүдеп кетеді.
Кешкілік көлге барғаны,
Ойында – Аспид ардағы.
Кенет бұта сыбырлап
Әлдекім келіп қалғаны.
Бір жылан жылжып келеді,
Үстінде қара жамылғы.
Бәрі жабық денеден
Көзі ғана көрінді.
Оқжылан көзге қарады,
Сол ғой! Соның жанары.
Аспидінің көзі ғой
Еріп-балқып барады.
Аспидінің алдынан,
Жүгірмек боп ұмтылды.
Сабыр қылды Оқжылан
Сезімін тежеп іркілді.
Қуанышты жүрегі
Оқжылан тұр шаттана.
Аспидінің реңі -
Қара тастай қап-қара.
Оқжыланға бір қарап,
Аспид жерге түкірді.
Алыс тұрып бір қадам
Жамылғысын сыпырды.
Осыншама салқындық,
Қайдан қонған бойына?
Сұрақ кірді сол сәтте
Оқжыланның ойына.
Ыстық сезім артын күт!
- Оқжылан неге мазаң жоқ?
Жүрсің бе елім тозар деп.
Сұлу әрі жассың ғой
Мұңайып тұрмысың азам деп –
Деді де тісі шықырлап,
Саусағын санап сытырлап:
-Мендей сұлу жігітке,
Қыздар төрін ұсынбақ!
Сауық-сайран жүрген жер,
Сұлулармен күлген жер.
Не қарайсың үздігіп
Сені де мен сүйгем бе?
Әй, Оқжылан кет әрі,
Таңым да сенсіз атады.
Ғашық жандар маған көп,
Қалғып қарап тұрғанша
Қыз-қызыққа қашайын.
- Кетпеші, - деп үн қатты,
Көмейінде сыр жатты.
Оқжыланның көздері
Өтіп бара жатқасын
Амалсыздан тыңдапты:
- Сағынышымның бір емі,
Еді ғой, бұл махаббат!
Сенсіз енді мен қалай
Қайтіп өмір сүремін?
Жаныңдағы салқындық
Саған қайдан бұйырды?
Анаң сені әлдилеп,
Әкең саған сүйінген.
Мейірім мен жылудың
Жұқанасын көрмеп пе ең?
Осыдан бірер ай бұрын
Жүрегіңмен сүймеп пе ең?
«Өзіңнің сұлуым» дедің ғой,
Құшағыма пана боп.
Ләззатқа көмген едің ғой
Енді тұрсың жаралап.
Бал еріннен тіл жұтқан,
Ләззатты түн ортақ қой.
Енді опасыз жалғандық
Ортамызда жатпақ қой.
Махаббатта әр түрлі,
Менде жалғыз, біреу-ақ.
Азабын да тартудан
Бас тартпаймын, білем-ақ.
- Тоқта, Оқжылан! Не дейсің?
Өзің қандай әлсізсің?
Өзің қандай жалғызсың?
Шіріп кеткір сезімің
Жер астында қаңғырсын!
Уәдесіне бекемін,
Сені де жаншып өтемін.
Білмеуші ме едің Оқжылан
Жыланның сұмдық екенін.
- Қандай қатыгез едің-ау,
Шіріген сезім дедің-ау.
Жүрсем деп ем аяулым
Суығыңа тоңып-ау,
Ыстығыңа көніп-ау
Көлеңкең боп қасыңда
Қорғанышың, ақылшың
Болсам-болсам дедім-ау.
Өзіне шексіз бас ұрған,
Оқжылан деген асыл жан.
Көзінің жасын көл қылып
Сырларын төкті жасырған.
Есін алған бір кезде,
Алдындағы Оқжылан,
Қан тамырын соғады
Көкейіндегі көп жылан.
Ойы ауды соларға,
Жаңа, жаңа, жас иіс.
Қызықтаған соң оларда
Әр жерде қалар шашылып.
Осы ойларға семіріп,
Аспид күліп қарады.
Оқжыланның тіл-жағы,
Құлағын жарып барады:
- Сен суықсың! Аңсарым!
Сезіміңнен шаршадың.
Жоғалтқаның мені де
Тоналғаның ол сенің!
Деп сұңқылдап жылады.
Аспид кенет көздерін,
Орман жаққа бұрады.
Сүп-сүйкімді өзі аппақ,
Сұр жыланды көріп қап.
Соңына түсіп қуады.
Сұр жылан күлді сылқылдап,
Бар денесі былқылдап,
Құшағына құлады,
Тағы ұмтылды тұр, тұрлап.
Ақ төсектің үстінде,
Күні мен түні көмілді,
Біраз уақыт өткен соң
Сұр жыланнан жерінді.
- Кетем - деді мен алыс,
Маған бер енді демалыс.
Аспид тұрып киінді
Сұр жыланға бұрылды.
Сұр жыланның кескіні,
Қашалғандай сұр тастан.
Көкейін де тескені
Нәпсіқұмарлық астауы.
Көздерінде шоқ ойнап,
Өзіне кеп атылды.
Көрсеткесін дөң, айбат
Аспид білді қашуды.
Оқжыланы не деді?
Сұржыланы дәмелі?!
Көз алдына бұлаңдап
Шұбар жылан келеді.
Қасы, көзі, бұрымы,
Сиқырлы сұлу қылығы.
Сосын тағы қай жері
Қиялы кетті жүгіріп.
Болды -дағы арманы,
Жалындады, жанғаны.
Енді Шұбар жыланның
Қыр соңынан қалмады.
Қараторы өңінен,
Ыстық демін шашып бір.
Шұбар жылан-қу жылан
Ыстық құшақ ашып тұр.
Екеуі де өртеніп,
Дүниені ұмытты.
Ыстық-ыстық демімен
Күйдіреді жігітті.
...Жалын атып аузынан,
Қалшылдайды денесі.
Аспид, Аспид қазынам
Десе де енді сенесің.
Ұйықтап жатып Сұр жылан,
Осындай түс көреді.
Көңілінде -бір күмән
Аспидті іздеп келеді.
Есік ашық. Тек дыбыс,
Естіледі құлаққа.
Сұр жылан тұр сұрланып
Түскендей бір сынаққа.
Көрінді әне, көрді өзі,
Шұбар күліп келеді!
Қара шашы жайылып,
Омырауда ойнап жүр.
Жияр емес айылын
Бұл салдақы қайдан жүр?
Жанына жетіп келді де,
Бұрымына жармасты.
Екі жылан әйел-ой
Бір-бірімен арбасты.
Шаштасты да тістесті,
Бірін бірі шайнады.
Қызғаныш-от күйдіріп
Қандай ойға айдады?
-Ол - менікі! - деді Шұбар,
-Жоқ! Менікі!-деді Сұр!
Сұрдың дәті қатты еді,
Шұбарды ол бастан ұрды.
Шұбар өліп жатты жерде
Жеңіс-Сұрдың пайдасы.
Білмейді ол жасқануды.
Күндер өтті дөңгеленіп,
Кейде қызыл, көгілдір.
Аспид көзі күлімдеген
Сұлу қызды көрді бір.
Сұлу аты – Медянка,
Хас сұлудың өзі еді.
Жүрегіне шоқ салған да
Сиқырлы сол көзі еді.
Есін алған сол сұлу қыз,
Бірақ қолы жетпеді.
Есін алған сол сұлу қыз
Көз алдынан кетпеді.
Ұмытты енді Сұржыланды,
Ұмытты енді Шұбарды.
Ойланады күні бойы
Оған қалай ұнауды.
Көңілі кеткен осы қызды,
Қашан торға түсірер.
Көңілі әбден алаң болып
Шықпай қойды түсінен.
Шұбар білді Аспид жайын,
Білді –дағы қайғырды.
Қолындағы арманынан
Айрылды ғой айрылды.
Сұмдық іске басын тігіп,
Сұр жартасқа қарады.
Махаббаттан, күйініштен
Тарғыл-тамшы тамады.
Ойға түсіп неше түрлі,
Құрғанда өз есебін.
Ұшып тұрды қуанды ол,
Қуарды ол-
Бірақ қалай шешеді?
Сүйіктісі Аспидіне,
Ас әзірлеп алып келді.
Өз-өзіне тастүйін боп
Уды аямай салыпты енді.
Сүйіктім,- деп,
Сүйгенім, - деп
Дірілдеді әуелі.
Ғашығынан көзін алмай
Күліп қарай береді.
Өз қолыммен ас әзірлеп,
Саған, жаным әкелдім.
Көңіліңді ашады-ау деп
Аямадым шекерді.
Дәмі сондай тіл үйірер,
Хош исін-ай! Жесеңші!
Қарның тойып қуаттанып
Қандай тәтті ас десеңші!
- Сүйесің бе? – мені де әлі,
Деді Аспид қуанып.
Өзің жеші ең әуелі
Ал мен қарап тұрайын.
Аспидтің бұл қулығы еді,
Тамаққа еш зауқы жоқ.
Медянка кеткен еді
Бар тәбетін тартып ап.
Қарсы алдында құшақ ашып,
Махаббаты күліп тұр.
Жылы жүзін көрген кезде
У жайында ұмытты ол.
Тек сол ғана жетеді деп,
Аспид болса жанымда.
Осы оймен кетеді үдеп
Тапсырады жанын да.
Арада өтіп біраз күндер,
Күні күлді төбеден.
Аспид пенен Медянка
Көл жағалап жүреді.
Қыдырады айлы түнде,
Сыбырласып өзді -өзі.
Осындай бір жайлы күнде
Тарта берді сол көзі.
Қиялдары қандай ғажап,
Уақыт зулап өтеді.
Құйын соққан сол бір күні
Үйленеді екеуі.
Бақыт өзі қолына кеп,
Қонақтаған бір жандай.
Аспид пенен Медянка
Бақытты әрі сормаңдай.
Медянка мұңға батты,
Іштей әбден аңсады.
Көп жыландар, сұр қабақты
Қайда кетті баршасы?!
Қабағын да қалың жауып,
Түйіліп кеп қарайды.
Аспид сорлы алаңдаған
Ауырғанға балайды.
- Менің күнім күн бе еді,
Айналам қара түн деді.
Көкейімдегіні біл деді.
Сүйсең, ғашық-қыраным,
Мені сүйеп тұр деді.
Аспид жаны қиналып,
Айтқан сөзіне иланып.
Орындаймын де тілегін
Кетердей қазір жиналып.
Медянка іштей күледі,
Шарты да бір сұм еді.
Аспидке қайтар жол жоқ қой!
Сүйгесін сорлы жүрегі.
Аурудай көзін аларта,
Қазір емес деді ол жорта.
Әбден жазылып алайын
Жанымда бол,сен қалқа!
Айдаһардың елінде,
Бір гауһар тас бар еді,
Көрген жандар таңырқар
Өзі сондай бағалы!
Өзі сондай әдемі!
Қолы жетпес ешкімнің,
Болғанменен дәмелі.
Көздің құрты қызыл тас,
Мойынға салса тастамас.
Сұлулығы да сан артып
Қызығар оған басқалар.
Деп ойлады Аспид
Қабағын да тас түйіп...
Бұл бір ауыр жол еді,
Барған жанға сор еді.
Гауһарды күн-түн күзетіп
Көзілдірікті жылан тұр еді.
Келушіні алыстан көреді,
Уын алыстан себеді.
Жақындай алмай қақпаға
Бәрі бірден өледі.
Аспидтің естіп жағдайын
Оқжыланқыз жылады.
Сүйіктісін ойлап қылды уайым
Құлағында сол бір-ақ үн.
Езуден уы тамып тұр,
Күн мен Түнді бағып тұр.
Көзілдірікті жылан көз ілмес
Кірпігін де қағып бір!
Аман болсын арман әні,
Жолын бәлкім оңғарады.
Бір құпияның бар екенін
Оқжыланқыз аңғарады.
Түн түнегі ауып бірте,
Таң біліне бастады.
Оқжыланқыз жолға шықты
Өзі ұмытып бас қамын.
Белге байлап ар-ұятты,
Махаббатқа бас тікті.
Езуінен жалын атып
Ажал бұған асықты.
Тыржалаңаш қалпыменен
Көзілдірікке қарсы кеп
Көзі ауып көзілместің
Естен танып әлсіред.
От лап етті орынында,
Көзілмес те құрыды.
Гауһар тұрды орынында
Астында – қыздың жүрегі!
Түн-түнекте
Аспид жетті.
Гауһар алдынан күлгені,
Гауһар астында-
Оқжыланқыздың
жүрегі жатқанын білмеді!
Үйіне шапты,
Гауһарды алып
Медянканың мойыны-ай!
Гауһарлы мойын
Жалт-жұлт етер
Аспид-жылан ойында-ай!
Медянка мен Қара жылан,
Жатыр еді сырласып.
Жүректердің кілтін ашып
Кейде өтірік мұңдасып.
Қайратты қол құшағына,
Ол өлердей қызықққан.
Қақыратып қысады ма
Тамырларын үзіп бар.
- Медянка, мен келдім ғой,
Гауһар саған әкелдім!
Сүйгенімсің, Медянка!
Қалауыңды әпердім.
Айқайлайды Аспид енді,
Даусы гүр-гүр етеді.
Медянка шалт қимылдап
Тез жинады етегін.
Қара жылан манаураған,
Сірә, түк те ұқпады.
Медянка қанжарымен
Жүрегіне сұққаны.
Аспид келді кіріп үйге,
Өңі кетті қуарып.
- Өзі маған тиісті, - деп
Медянка жылады.
Сосын тұрып тербетіле,
Кірді Аспид қойнына.
Ал, ішінен жек көріп тұр
Айырғасын ойнынан.
Ұйтқыған көңілінде,
Көк жылан тұр ентелеп.
Аспид, Аспид деп сөгілді
Құшып сүйіп желкеден.
Аспид суық жанары да,
Оған көзін салмады.
Гауһарды алып жатқан кезде
Ауырлаған салмағы.
Көкшіл көзі қара болып,
Өңі бірден өзгерді.
Үсті түгел жара болып
Кеткенін де сезбеді.
Тырнақтары темір болып,
Езіп жатты денесін.
Медянка көмір болып
Оттай жанды төбесі.
Медянка күле алмады,
Азап көріп Аспидтен.
Медянка ұға алмады
Тозақ көріп Аспидтен.
Ақылың азып, өңің тозар,
Құлқын жұтса көңілді.
Есті ұмытпай жүрсең адал
Мәңгіліксің өмірде!..
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі